Жаңалықтар

Аутизм ауру ма әлде психикалық даму ерекшелігі ме?

Аутизм ауру ма әлде психикалық даму ерекшелігі ме?
Фото: © Pixabay.com 27.03.2024 12:00 1174

Ел болашағы өскелең ұрпақтың қолында. Қай кезде де оларды саналы, салиқалы азамат етіп тәрбиелеу басты назарда. Жасанды интеллект, нейрожелілер дамып, қызметтер цифрлы форматқа ауысқан заманда балалардың физикалық, эмоционалды дамуына әсер ететін тетіктер саны көбеюде. Сондай-ақ жаңа мамандықтар қатары күн санап толығуда.  Логопед, дефектолог, тьютор, остеопат, психолог тағысын-тағы.  Олар психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі бар, ерекше білім беруді қажет ететін балалар мен ересектерге қызмет көрсетеді. Мәселені El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі тарқатады.

Аутизм, психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі (ЗПРР), сенсорлы алалия - әлеумет арасында жиі кездесетін сырқаттар тізімі.

Денсаулық сақтау министрлігінің ресми деректеріне сенсек, елімізде 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, аутизм диагнозымен бақылауда тұрған 17 жасқа дейінгі 6863 бала бар екен. Ал 2022 жылғы мәліметтерге сәйкес, Көкшетау облысында сөйлеу дамуының кешігуі диагнозы қойылған 500 мың, ал психикалық дамуы тежелген 3000 бала тіркелген.

Аталмыш сырқаттардың туындауының бірнеше себебі бар. Мәселен, ана құрсағында пайда болатын бала дамуындағы процесстер, туылу кезіндегі түрлі медициналық жағдайлар (гипоксия, асфиксия, кіндікке шырмалып қалу) зардабын тигізуі мүмкін. Сондай-ақ ата-ана тарапынан балаға деген гиперқамқорлық та - себеп-салдардың бірі.

Көпшілік алғаш рет «аутизм» сөзін талантты голливуд актері Дастин Хофман сомдаған «Жаңбыр адамы» («Человек Дождя») фильмі арқылы естіген болар. 1988 жылы жарыққа шыққан туынды төрт рет «Оскар» сыйлығын иеленіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленген-тін. Фильмде басты кейіпкер ауыр диагнозына қарамастан, өзінің есепке жүйріктігі, еске сақтау қабілетінің мықтылығымен киносүйер қауымды сүйсіндірді.

Медицина аутизмді баланың дамуындағы және оның ми жүйесіндегі ауытқушылықтың ауыр түрі деп түсіндіреді. Бұл сырқатқа душар адамдар өздерін өзгелерден оқшау ұстап, жиі уайымға салынып, әлеуметтік дағдылардан алыстайды. Сыртқы өзгерістерді қабылдамайды. Ал психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі (ЗПРР) диагнозы қойылған бүлдіршіндер кеш сөйлейтін, өз ойын анық жеткізе алмайтын, логикалық ойлау қабілеті әлсіз, қарым-қатынасқа түсу жолында қиналатындар ретінде сипатталады. Бұл диагноз 3 жастан асқан балаларға жиі қойылады. Статистикаға сенсек, мұндай патологиясы бар балалар саны жыл сайын артып келеді.

Бүгінде дәрігерлер балаға «аутизм» диагнозын қоюға асықпайды. Көп жағдайда белгілері ұқсас болған соң, медициналық карточкасына сөйлеу дамуының тежелуі диагнозын жазып береді. Бұл сырқаттардың сипаты ұқсас болғанымен, оларға қажетті реабилитация құралдары екі түрлі.

Ұғымдардың ара-жігін ажыратсақ. Аутизм диагнозы қойылған балада психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі белгілері байқалуы мүмкін. Сол сияқты сөйлеу және психикалық дамуының кешігуі анықталған науқаста аутизм белгілері көрінеді.

Айырмашылықтарын бірнеше критерийге бөліп қарастыруға болады.

Бірінші критерий: сөйлеу. Аутист науқастарда сөйлеуден қиындық бола бермейді. Көбіне олар қатарластарын сөйлеу жағынан басып озады. Керісінше басқа адамдармен сөйлескісі жоқ. Аутист сөйлескісі келмейді, ал психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі бар бүлдіршін сөйлесе алмай қиналады.

Екінші критерий: әлеуметтену. Бұл – екі сырқаттың айырмашылығын анықтайтын басты фактор. Аутист айналасындағы адамдармен қарым-қатынасқа түсуге мұқтаж емес, ол өз әлемінде өмір сүруге ұмтылады. Ал сөйлеуге қиналатын балалар қатарластарымен араласуға құштар болады. Бірақ сөздік қоры жетпеген соң тартыншақтайды.

Үшінші критерий: аутизм диагнозы расталған науқастар белгілі бір әдеттерді үнемі қайталап отырады. Мысалы, бір бөлмеден екіншісіне белгілі бір жолмен жүру, су ішетін ыдысын ауыстырудан бас тарту және т.б. Ал сөйлеу дамуының тежелуі бар науқастарда мұндай әдет жоқ.

Төртінші критерий: жаңашылдықтарға көзқарасы. Әдетте кез келген жаңашылдық аутист баланың бойында үрей тудырады. Жаңа киім, бұрын соңды көрмеген ойыншық, бұған дейін серуендемеген саябақ оларға дискомфорт әкеледі. Ал псхикалық дамуында тежелісі бар жеткіншек мұндай өзгерістерге қарсылық білдірмейді.

Келесі критерий баланың жақындарымен эмоционалды байланысын аңғартады. Аутист туған-туысқандарына салқынқандылық танытса, сөйлеу дамуында кінараты барлар бауырларына, ата-анасына жақын келеді. Соңғы критерий баланың оқуға биімділігін көрсетеді. Сөйлеу функциясында ақауы бар балдырғандар қажетті мамандармен жұмыс барысында қатарластарын қуып жетуі әбден мүмкін. Диагноз баланың 12 жасына дейін ғана өзекті. Егер осы уақыт аралығында оң өзгерістер байқалмаса, баланы психиатр маманы тексерістен өткізеді. Бұл - критерийлердің белгілі бір бөлігі ғана. 

 «Аутизм» және «психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі» диагноздарының жиі қойылуы аталмыш патологияның кездесу жиілігінің артуын білдіреді. Неліктен? Оның себебін  біздің өмір сүру салтымыз, діліміз және экономикалық даму деңгейімізбен байланыстыруға болады. Қарапайым мысал келтірсек.  Отбасын құрған жас жұбайлар көбіне жүктілікті алдын-ала жоспарламайды. Денсаулықтарын толық тексерістен өткізіп, анықталған ақауларды емдемейді. Бізде тек жүктілік кезінде ғана емес, жыл сайын денсаулығын тексеру мақсатында ағзаға чек-ап өту менталитеті қалыптаспаған. Денсаулығымызға жауапкершілік ала алмай отырмыз. «Шет елде бұл диагноз сирек қойылады» деп айту үшін нақты статистикаға сүйену қажет. Егер бұл теория нақтыланса, мұны менталитеттік ерекшелік пен экономикалық деңгей дәрежесімен түсіндіруге болады, - деп нақтылады Батыс Қазақстан Медицина университетінің психиатрия және наркология курсы мен неврология кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты Маннапова Ақжүніс Иманқұлова.

Маманның айтуынша, логопед, дефектолог мамандықтары тек психикалық және сөйлеу дамуының тежелуі, аутизм ауруларын емдеу үшін ғана пайда болмады.  Олардың көбеюін нейробиология саласының қарқынды дамуымен байланыстыруға болады.

Бүгінде логопед, дефектолог мамандарына сұраныс жоғары. Медицина орталықтары, бала-бақша, мектептер арнайы кабинеттермен жасақталған. Балаларының болашағына алаңдаған ата-аналар дәрігер қабылдауында кем дегенде 5000 теңге қалдырады. Өйткені көкейдегіні еркін, еш бүкпесіз жеткізу - бүгіннің талабы.

Ми қызметінің бұзылыстарын емдеуде медикаментозды еммен қатар, когнитивті мінез-құлық терапиясы атты емдеу саласы пайда болды. Бұл салада логопед, дефектолог мамандарының қосар үлесі зор. Алайда, бас миының патологияларын тек біржақты емдеу жеткіліксіз. Олар өз кезегінде кешенді емдеуді, өмір сүру салтымызды өзгертуден бастап медикаментозды және медикаментозды емес емді қолдануды талап етеді,-деді медицина ғылымдарының кандидаты.

Айта кету керек, елімізде инклюзивті білім беру орталықтары мен арнайы педагогтарды даярлау жұмысы қарқынды жүргізілуде. 

Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларда туындаған әлеуметтік проблемаларды еңсеріп, басқа азаматтармен тең дәрежеде қоғам өміріне атсалыстыруға мүмкіндіктер жасау – бүгіннің басты талабы. Балалардың әлеуметтік өзара әрекеттесуіне, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға, сондай-ақ жағымсыз мінез-құлық түрлерімен жұмыс істеуге баса назар аудару қажет,-деп түсіндірді «Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арналған күндізгі болу орталығы» КММ-нің әдіскері Әуелбекова Гүлназ Нуртасовна.

Аутизм және басқа да менталды бұзылулары бар балаларға арнайы әлеуметтік-медициналық көмек көрсететін орталыққа 11 жасар Алина есімді қызын апаратын Бақыткүл Сүлейменова да баласының жетістіктерін көріп, қуанышын жасыра алмады.

2023 жылдың тамызынан аутизммен ауыратын балаларды емдеу орталығына келіп, ем-дом қабылдап жүрміз. Балада эхолалия болды. Сөздерді қайталағысы келмей, ешқандай эмоция көрсетпей, бір-бірімізді түсіну қиын болатын. Арнайы орталыққа барғалы амандасу, қоштасу, құшақтасуды әдетке айналдырды. Киімдерін жинастырып, қарым-қатынасқа еркін шыға бастады. Науқастарды емдеуде АВА терапиясы мен Пекс картасын қолданудың тиімділігін айта аламын. Осы методикалардың арқасында қызым дене мүшелерін көрсетіп, сөйлем құра бастады,-деп ағынан жарылды ол.  

Қазіргі таңда халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, аутизм спектрінің бұзылыстары бар балалармен нәтижелі жұмыс істейтін орталықтар көптігі көңіл көншітеді.

Бүгінде «ХХІ ғасырдың басты дерті – цифрлық аутизм» деген қағиданы ұстанатындар да бар. Олар ауыр сырқаттардың туындау себебін генетикалық ауытқу немесе психологиялық өзгеріс деп ойлаудан аулақ. Бәріне себеп цифрлық өмірге тәуелділік деп сенеді. Ғаламтор және әлеуметтік желілер баланың психикасына әсер етіп, олардың сана-сезіміне кері ықпалын тигізеді деп алаңдаушылық білдіреді. Мәселен, бастапқыда бала өз жасына сай дамып келе жатып, қолына смартфон түскен соң сыртқы өмірге қызығушылығын жоғалтады дейді. Бүлдіршін өз есіміне бұрылып қарамай, мүлдем сөйлемей қояды мыс. Еліміздегі дәрілерлер мұндай жағдайда балаға «аутизм» диагнозын қойып жатады. Алайда психологтардың айтуынша, цифрлық ауытқулар басқадай ем-домды қажет етеді.

Балаға қандай диагноз қойылса да, оған өзін ыңғайлы әрі қауіпсіз сезінетін жағдай жасаған дұрыс. Бұл – сауығуға апаратын басты жол!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға