Autism Talks: ерекше бала мен оның ата-анасына қалай көмектесеміз?
Бүгін бүкіл әлем көк түске боялады. Өйткені 2 сәуір – аутизм туралы ақпарат тарату күні. Неліктен көк түс десеңіз, бұл – шексіздік пен толассыз мүмкіндіктің символы. Демек, аутизм төңірегінде көп ақпарат беріп, қоғам назарын аудартып, ерекше балаларды қолдауға ден қою керек.
Аутизмді емдейтін дәрі жоқ
Иә, аутизм – ауру емес. Баланың қалыпты дамымай, ақыл-ойында бұзылыс барын білдіреді. ДДҰ мәліметінше, Аутизм спектрінің бұзылуы (АСБ) «Психологиялық дамудың жалпы бұзылыстары» деп қарастырады. AСД мыналарды қамтиды: «Балалар аутизмі», «Атипті аутизм», «Ретт синдромы», «Ақыл-ой кемістігі мен стереотиптік қозғалыстармен біріктірілген гиперактивті бұзылыс» және «Аспергер синдромы».
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Мұндай диагнозы бар пациенттерге мамандандырылған көмекті қалалық емханалар деңгейіндегі бастапқы психикалық денсаулық орталықтары және өңірлік психикалық денсаулық орталықтары көрсетеді.
Қазір AСД негізгі белгілеріне тиімді әсер ететін мақұлданған дәрі жоқ екенін ескеру маңызды. Биологиялық терапияны қоса алғанда, таза медициналық емдеу де жоқ. АСД-ны емдеудің негізгі әдістері - мінез-құлық, білім беру және психологиялық араласу сияқты тәсілдер. Олар пациенттің қажеттіліктеріне байланысты жеке таңдалады. Әдетте бұл әдістер психологиялық, әлеуметтік және білім беру бағытына ие. Аутизмі бар балалар үшін амбулаториялық жағдайда түзету әлеуметтік-педагогикалық көмек алу маңызды, – деген еді Денсаулық сақтау министрлігі
Ресми диагнозды балалар психиаторы қояды
Осындайда диагнозды қалай анықтаймыз деуіңіз мүмкін. Мамандардың айтуынша, ата-ана қырағылық танытып, баласын жан-жақты зерттегені жөн. Бала көзге тура қарай алмаса, атын атап шақырғанда бұрылмаса, жауап ретінде күлімсіремесе дабыл қағу керек. Одан бөлек, сөйлей алмаса, дыбыстамаса, топпен ойнауға қызығушылығы болмаса күдіктенген жөн. Аргессия көрсетіп, өз-өзін ұстай алмаса, бірден дәрігермен байланысқа шығыңыз.
Дәрігер деп отырғанымыз, психиатр маман. Иә, үркудің қажеті жоқ. Қоғамда «психиатр тек есі ауысқандарды емдейді» деген таптаурынды естен шығарыңыз. Өйткені невропатолог, нейропсихолог, дефектолог, нейропсихологтан бұрын ресми диагнозды балалар психиатры қояды. Есте сақтайтын тұс, балаларда аутизм белгісі барын 1,5 жастан бастап анықтауға болады. Диагнозды неғұрлым ерте анықтаса, соғұрлым қоғамға бейімдей аласыз.
Елімізде 227 түзету кабинеті жұмыс істейді. Одан бөлек 110 психологиялық-медициналық-педогогикалық консультациялар, 10 аутизм орталығы, 13 оңалту орталығы мен 1080 ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау кабинеті бар.
ДДҰ мәліметі бойынша, шамамаен 100 баланың біреуінде аутизм белгілері бар. Қайталап айтамыз, аутизм – ауру емес. Дәрі жоқ, укол жоқ, тек қоғамда өз орнын таба алатындай азамат тәрбиелеуге бар күшіңізді саласыз. Әлеуметтік дағдысын дамытып, білім алуына жағдай жасайсыз. Сөйлеуге, түсінік қалыптастыруға, белгілі бір деңгейде кәсіп иесі болуына мүмкіндік бересіз. Емдемейсіз, ерекшелігін қабылдап, аутизм спектрі бұзылысын түзетесіз.
Ерекше балаға қалай көмектесеміз?
Жоғарыда айтқанымыздай, бұл диагноз инемен, дәрумен көмегімен, диетамен емделмейді. Маман мен ата-ананың міндеті – мінез-құлықты реттеу, сөйлеу дағдысын үйрету, ортаға бейімдеу. Әсіресе, коррекция орталығына барып, ABA терапиясы, Ерте дамуды қолдау моделі әдісін қолданасыз. Елімізде халықаралық сертификаты бар супервизорлар жұмыс істейді. Аталған әдістерде ойын арқылы сөйлеуді, эмоция көрсетуді, әлеуметтік дағдыны дамытуды үйретеді.
Қоғам да бейжай қарамай, ерекше баланы қолдауы керек. Көпшілік орында диагнозы бар баланы көрсеңіз, алдымен мүсіркеудің қажеті жоқ. Оның мазасы болмаса, тоқтаусыз жыласа эмоция көрсетпеуге, елемеуге тырысыңыз. Балаға емес, ата-ананың өзін еркін сезінуіне жағдай жасаңыз. «Сізге қалай көмектессем болады?» деп ілтипат білдіріңіз. Аулада да ерекше баланы бөлудің жөні жоқ. Қайта ұл-қызыңызды таныстырып, қысылмай бірге ойнауына мүмкіндік сыйлаңыз. Осы бастан ерекше балаларды қабылдап үйренсе, олар да қоғамға тез бейімделеді. Сонда диагнозы бар баласын үйде қамап ұстайтын ата-аналар да азаяр...
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Қалада да, ауылда да ерекше балаларға жағдай жасау жолға қойылып жатыр. Мегаполистерде түзету кабинетінен бөлек, Паралимпиада орталығы, түрлі дамыту орындары жұмыс істейді. Айта кетерлігі, ерекше баланың қанатын кең серпуіне спорттың маңызы зор. Паралимпиада орталығында жазғы және қысқы спорт түрлерін тегін үйретеді. Егер өңірде тұрсаңыз, ArtSport арқылы қалаған үйірмені таңдай аласыз.
Осы тұста Болашақ коорпоративтік қоры, Асыл Мирас сияқты ұйымның өлшеусіз еңбегін айта кеткен жөн. Қазір инклюзив білім беру, кәсіптік білім беру алға ілгеріледі. Астана, Алматы қаалсынан бөлек өңірлерде де кәсіптік білім беретін колледждер бар. Сонда оқыған балалар аспаз, сәулет, құрылыс, дәнекерлеу ісі, ландшафттық және өнеркәсіптік дизайн, ақпараттық қауіпсіздік, жиһаз өндірісі және тағы басқа мамандықты меңгереді.

