коллаж El.kz

Аустралияда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салды

Аустралия билігі алғаш болып, 16 жасқа дейінгі пайдаланушыларға толық шектеу енгізді. Елдегі интернетпен қамтамасыз етіп тұрған платформалар барлық аккаунттарды бұғаттауы тиіс, әйтпесе 50 млн доллар айыппұл салынады.

Айыппұлды ата-аналар төлей ме?
2025 жылғы 10 желтоқсаннан бастап Аустралияда 16 жасқа толмаған балаларға әлеуметтік желілерді пайдалануға толық тыйым салатын әлемдегі алғашқы заң күшіне енеді. Бұл TikTok, Snapchat, YouTube, X, Facebook пен Instagram Reddit, Threads және Twitch желілерінде 1 миллионнан астам аккаунттың өшірілуіне әкеледі. Платформалар кәмелетке толмағандардың қолданыстағы аккаунттарын жоюға және жаңаларын тіркемеуге міндетті. Ол үшін құжаттарды тексеру, бейнеселфи немесе аккаунт мінез-құлқын талдау секілді жас растау технологияларын қолдануы қажет.

2024 жылдың соңында қабылданған заң платформаларға ғана жауапкершілік жүктейді: талаптарды орындамағаны үшін олар ірі көлемде айыппұл төлейді. Айта кетрлігі, қолданған балалар мен ата-аналар жазаланбайды. Тейісінше, осы заңсыздыққа жл берегн платформалар айппұл арқалайды.

Не себепті шектеп жатыр?

Meta 2025 жылдың 4 желтоқсанынан бастап аккаунттарды жаппай өшіруді бастады. Жаңа заңға WhatsApp, YouTube Kids және Google Classroom әлеуметтік желілер қатарына кірмейді.

Тыйым ұлттық зерттеудің нәтижелерінен кейін қабылданды. Қазір елде 10-15 жастағы балалардың 96%-ы әлеуметтік желілерді қолданады, 70%-ы мисогиния мен зорлық-зомбылықтан бастап тамақтану бұзылыстары мен суицидке қатысты материалдарға дейінгі зиянды контентті көрген. Әр жетінші бала ересектер тарапынан дөрекілікке тап болғанын айтқан, ал балалардың жартысынан көбі кибербуллинг құрбаны болған.

Өзге мемлекеттердегі жағдай қандай?
Бірқатар елдерде осындай бақылау тетіктері бар. 2018 жылы Бельгия әлеуметтік желілерде аккаунт ашуға тек 13 жастан бастап және ата-анасының келісімімен рұқсат беретін заң қабылдады. Дания, Норвегия, Франция және Германия секілді елдер де 13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін қосымша шектеулер немесе ата-аналық келісім талаптарын енгізуді талқылап жатыр. 2025 жылдың соңында Еуропарламент ЕО аумағында әлеуметтік желілерге кірудің ең төменгі жасын 16 деп белгілеуді ұсынды. Малайзия да 2026 жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балаларға әлеуметтік желілерді қолдануға тыйым салатынын мәлімдеді.

Сингапурда 2026 жылы мектептерде гаджет қолдану ережелері қатаңдады. Мәселен, жоғары сынып оқушылары смартфон мен смарт-сағатты сабақта ғана емес, үзілісте, қосымша сабақтарда және үйірмелерде де пайдалана алмайды. Бұл - балаларда дені сау цифрлық әдет қалыптастыруға бағытталған мемлекеттік бағдарлама. Билік гаджеттер назарды бөледі, құрдастар арасындағы тікелей қарым-қатынасты азайтады және жасөспірімдердің психикалық әрі физикалық денсаулығына зиян келтіруі мүмкін деп санайды.

Заңды айналып өтпей ме?
Жасөспірімдер жасқа қойылған шектеулерді VPN, шетелдік нөмірлер, жалған туған күн немесе ересектердің аккаунттары арқылы айналып өтуге тырысуы мүмкін. Мұндай құбылыстар басқа елдерде де байқалған, бұл балалардың бақылауы аз ортаға көшуіне, демек қауіптің артуына және жаңа ережелердің тиімділігінің төмендеуіне әкелуі ықтимал.

Әлеуметтік желілерді заңға бағыну үшін қолдануды тоқтатқан балалар уақытша болса да контент жасау және платформалармен жұмыс істеу дағдыларынан қалып қоюы мүмкін. Ал жасырын қолдануды меңгергендер керісінше, техникалық тұрғыда алда жүреді. Бұл 13-16 жас аралығындағы балалар арасында түсінбестік тудыруы мүмкін.

Аустралиядағы тыйым, қоғамның бір бөлігінің және құқық қорғаушылардың наразылығын тудырды. Олар мұндай шектеулер жасөспірімдердің өзін еркін білдіру құқығына қол сұғады деп есептейді. Осыған байланысты балаларды зиянды контенттен қорғау үшін мұндай шаралар орынды ма, әлде жасөспірімдерге интернетте көбірек дербестік беру керек пе деген қоғамдық пікірталас күшейе түсуі мүмкін.

Бұл мәселе Қазақстанда да көтерілді

Осыдан бірер күн бұрын, Мәжіліс отырысында депутат Асхат Аймағамбетов мектеп жасындағы балалардың смартфон қолдануына белгілі бір шектеулер енгізу қажеттігін ұсынған болатын. Пайдасыз ақпараттар мен әлеуметтік желілер, балалардың гаджеттерге тым тәуелді болуына және әлеуметтенуіне кедергі келтіреді деген пікірде.

Белгілі бір ойындардың ішінде ересек адамдардың кішкентай балалармен кездесу ұйымдастыруға мүмкіндік беретін функциялары бар. Атын нақтыламай-ақ қояйын. АҚШ пен Ұлыбританияда мұндай жағдайлардың зардаптары ауыр болған. Тіпті зорлық-зомбылыққа және суицидке әкелген оқиғалар бар. Сондықтан біз жан-жақты әрі тиімді тәсіл қолдануымыз керек, - деді депутат.

Мектеп жасындағы балалардан бөлек, буыны қатпаған нәрестелерге дейін ата-аналары смартфон ұсынып жататынына көз үйренгелі қашан. Тіпті балабақшадан келе салып, түнгі ұйқыға кеткенше түрлі мультфильмдер мен бала психологиясына кері әсерін беретін ойындарға әуес балғындардың мәселесі бас ауыртарлықтай болып тұр.

Дегенмен, депутат Асхат Аймағамбетов бұл мәселенің де шешімі бар екенін айтты:

Қазіргі таңда 5-9 жастағы балалар күні бойы TikTok шолып отырады. Бұлай жалғаса берсе, олардың денсаулығына теріс ықпал етеді. Осы себепті қосымша үйірмелер мен түрлі іс-шараларды көбейту маңызды, - деді Мәжіліс отырысында.

Бұл шектеулерге министрлік не дейді?

Кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің смартфон мен түрлі әлеуметтік желілерде емін-еркін тіркелуіне Цифрлық даму және Оқу-ағарту министрлігі де жауап берген болатын.

Қазір әлемде түрлі форматтағы шектеулер енгізілуде, бұл - балаларды белгілі бір контенттен қорғауға бағытталған шаралар. Бірақ сонымен қатар олардың цифрлық дамудан шет қалмауын да қамтамасыз ету қажет, - деді Вице-министр Дмитрий Мун.

Вице-министрдің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыс жалғасады және алдағы уақытта цифрлық кодекс аясында нақты тетіктер қарастырылуы мүмкін.