Getty Images

Australian Open: Новак Джокович бірнеше рекордты жаңартты

24.01.2026 16:56

Сербиялық теннисші Новак Джокович маусымдағы алғашқы «Үлкен дулыға» турнирі Australian Open жарысының төртінші айналымына шықты және Роджер Федерерге тиесілі болған бірнеше рекордты жаңартты.

Үшінші айналымда 38 жастағы Джокович Нидерланд өкілі, әлемнің 75-ракеткасы Ботик ван де Зандсхулпты 6:3, 6:4, 7:6 (7:4) есебімен жеңді. Келесі кезеңде сербиялық теннисші Якуб Меншик (Чехия) пен Итан Куинн (АҚШ) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Opta деректеріне сәйкес, Новак Джокович «Үлкен дулыға» турнирлерінде 400 матчта жеңіске жеткен тарихтағы алғашқы теннисші атанды. Бұл көрсеткіш бойынша ол Роджер Федерерді артта қалдырды (швейцариялықтың еншісінде 369 жеңіс болған).

Сонымен қатар, Джокович Australian Open турнирінде 1/8 финалға 18-рет шығып, Федерердің рекордын қайталады. Ал жалпы «Үлкен дулыға» жарыстарында 1/8 финалда 70-рет ойнап, бұл көрсеткіш бойынша жаңа рекорд орнатты. Сондай-ақ ол Мельбурндағы жарыстағы жеңістер саны бойынша да Федерердің нәтижесіне жетті — 102 жеңіс.

Қазіргі таңда ATP рейтингінде төртінші орында тұрған Джокович Australian Open турнирін он рет жеңіп алған (2008, 2011-2013, 2015-2016, 2019-2021, 2023). Өткен жылы ол жартылай финалға дейін жеткен болатын.

Australian Open жарысы 1 ақпанда аяқталады. Аталған турнирдің жалпы жүлде қоры 75 миллион долларға жуық қаражатты құрап, рекордтық сомаға жетті. 

Айта кететін жайт, бұл сында қазақстандық теннисші Елена Рыбакина (WTA №5) да төртінші кезеңіне жолдама алды. Ол Мельбурндегі жарыстың 1/16 финалында чехиялық Тереза Валентовадан (№54) басым түсіп, кездесуді 6:2, 6:3 есебімен аяқтады. Аталған матч 1 сағат 23 минутқа созылды. Кездесу барысында Рыбакина төрт эйс жасап, бір ғана қос қателікке жол берді. Ал 18 жастағы Валентова төрт эйсті сәтті орындағанымен, сегіз қос қателік жіберіп алды.