Әлемнің бірінші ракеткасы саналатын испаниялық теннисші Карлос Алькарас 2026 жылғы Australian Open турнирінің жеңімпазы атанды. Ол Мельбурн қаласында өткен «Үлкен дулыға» санатындағы хард жабындысындағы жарыстың финалында сербиялық Новак Джоковичпен кездесті.
Шешуші матч төрт сетке созылып, Алькарастың ерік-жігерлі жеңісімен аяқталды. Есеп 2:6, 6:2, 6:3, 7:5. Кездесу 3 сағат 2 минутқа жалғасты. Ойын барысында испаниялық теннисші тоғыз эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді және 16 брейк-пойнттың бесеуін сәтті пайдалана алды.
Бұл Алькарастың мансабындағы Australian Open турниріндегі алғашқы чемпиондығы болып отыр. Осы жеңістің арқасында ол әлемдік рейтингтегі көшбасшылығын одан әрі нығайта түсті. 22 жасында ол теннис тарихында «Үлкен дулығаны» иеленген ең жас ер спортшы атанды. Бұған дейін Алькарас «Ролан Гаррос», Уимблдон және US Open турнирлерінің әрқайсысында екі реттен жеңіске жеткен болатын.
Новак Джокович Australian Open финалында алғаш рет жеңіліс тапты. Бұған дейін ол бұл турнирдің финалына он рет шығып, барлығында чемпион атанған еді. Сербиялық теннисші Мельбурн додасының ең титулды ойыншысы болып саналады.
Жаңартылған рейтинг бойынша 38 жастағы Джокович төртінші орыннан үшінші орынға көтеріледі. Ол Германия өкілі Александр Зверевті басып озады. Екінші орынды италиялық Янник Синнер сақтап қалады. Ол соңғы екі маусымда Australian Open чемпионы болған, ал биыл жартылай финалда Джоковичке жол берді.
Сондай-ақ, әйелдер арасында қазақстандық Елена Рыбакина жеңімпаз атанды. Ол финалда Белорус өкілі Арина Соболенкадан басым түскен еді. Есеп 2:1 (6:4, 4:6, 6:4).

