«Әулеттің бағын сатпаған дұрыс»: этнограф келінінің орамалын аукционға қойған әншілердің әрекетін сынады
Желіде әншілер отбасы Жанболат пен Жазираның өткізген тойында болған оқиға қызу талқыға түсті. Ұлының үйлену тойында асаба келіннің орамалын аукционға шығарып, нәтижесінде жаңа түскен Асылының орамалы 400 АҚШ долларына сатылған.
Жазираның сөзінше, бұл – келіні алғаш табалдырық аттағанда таққан орамалы, сондықтан ол «ырымдап, ақысын берсін» деген ниетпен осындай қадамға барған.
Оқи отырыңыз:
- Миллиондаған қаралымның құпиясы: TikTok алгоритмі қалай жұмыс істейді
- Ажырасқан кезде ипотекаға алған пәтердің несиесін кім төлеуі тиіс?
- Елімізде шәкіртақы тағы өсуі мүмкін
Әлеуметтік желі қолданушылары бұл әрекетті сынға алды. Олардың пікірінше, келіннің босаға аттағанда таққан орамалы – жай мата емес, отбасының ырысы мен берекесінің белгісі. «Мұндайды сатпайды», «тегін беру керек еді», «жақсы ырым емес» деген пікірлер жиі жазылды.
Сонымен қатар желіде бұл әрекетті әркімнің өз таңдауы деп қабылдап, түсіністікпен қарайтындар да табылды.
«Келіннің орамалы – оның бағы»
Бұл мәселеге қатысты этнограф Алмагүл Берішбаеваның пікірін білдік. Ол қазақта келін орамалының ерекше мәні бар екенін айтады.
Қазақта келіннің басына алғаш тартылған орамалды ерекше қастерлейді. Оны келіннің бағы деп есептейді. Сондықтан мұндай орамалды үйде сақтап қояды, – дейді ол.
Маманның айтуынша, бұл – жай сенім емес, ұрпақ сабақтастығымен байланысты дәстүр.
Әжем қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанған адам еді. Ол кісі келінінің басына тартқан орамалды сарғайып кетсе де сақтап жүрді. Кейін сол орамалды немересінің, одан шөбересінің келіндеріне тартты. Қазір тіпті шөпшегіне дейін аманат болып сақталған. Әжем келіндеріміз бақытты болсын деген ниетпен орамалды өз қолымен тігіп, ұрпағына қалдырған, – дейді этнограф.
«400 доллар үшін әулеттің бағын сатпаған дұрыс»
Этнографтың сөзінше, қазақ дәстүрінде келіннің орамалын сату деген түсінік мүлде болмаған.
Қазақтарда келіннің басына салынған орамалды ешқашан сатпайды. Кейде адамдар оны бөтенге беруден де қорқады. Себебі «ұрпағымыз тоқтап қалады, отбасымызға келін түспей қалады» деген сенім бар. Сондықтан, шама келсе, орамалды сатпаған жөн. Бір 400 АҚШ доллар үшін бүкіл әулеттің бағын сатпаған дұрыс, – дейді ол.
«Келіннің бағын алып кетуі мүмкін»
Маман халық арасында орамалға қатысты түрлі ырым-сенімдер қалыптасқанын да атап өтті. Соның бірі – келіннің бағы мен берекесі оның басындағы орамалмен байланысты деген түсінік.
Орамалды сатып алған адам келіннің бағын, дәулетін алып кетуі мүмкін деген сенім бар. Бұрын қыздың шашын да бөтен адам тарамаған. Өйткені «бағы ауысып кетеді» деп сенген, – дейді этнограф.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетейік, бұған дейін тақия туралы қате түсініктер жайлы жазған едік.

