Жаңалықтар

Ауыл жастарын спортқа баулыған Жәнібек

 Ауылда Кекушинкай каратэ секциясын ашты.
Ауыл жастарын спортқа баулыған Жәнібек
12.04.2019 10:15 6533

Ауылға жанашыр жастардың бірі Жәнібек Молдахметов былтыр өзінің Қостанай облысына қарасты Тимофеев ауылында жастар үшін Кекушинкай каратэ секциясын ашты. Қаладан оқу оқып, мектебіне мұғалім боп барған ол ауылдастарының бос уақыттарын құр жібермес үшін спортпен айналысуға жұмылдырып отыр.  

«Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын...» демекші, расымен қоғамда алаяқтық әркеттердің орын алуының бірден-бір себебі де адамның сандалып бос жүруінен, қандай да бір іспен айналыспауынан, ештеңеге қызығушылық танытпауынан. Бұл кезекте, бүгінгі ауылдардағы жағдай қынжылтатыны рас. Жастар үшін бос уақытын өткізуге арналған орындар жоқ. Пайдалы іске үйрететін тың көзқарасты тәрбиешілер тапшы.

Қазір 26 жастағы Жәнібек бұл жайтқа бей-жай қарай алмаған. Екі жылдан бері кезінде өзі түлеп шыққан Тимофеев мектебінде физика пәнінен сабақ беріп келеді. Мектептегі сабағы біткеннен кейін біраз уақытын ауыл балаларымен спортзалда өткізеді. Мұнда ақ кимоно киіп келген балалар мен ересек жастарға Кекушинкай каратэ спортының қыр-сырын, техникасын үйретеді, сайыстарға дайындайды. Себебі оның да меңгеретін өзіндік бір тактикасы, философиясы, этикасы бар.   

Каратэ – жапондық жекпе-жек өнері. Қазіргі таңда оның классикалық 4 түрі бар. Соның бірі осы ‒ Кекушинкай каратэ. Мұндағы спортшылардың деңгейі мен белбеуін анықтайтын «кю» – оқытушылық және «дан» – шеберлік дәрежелері бар. Ал Жәнібек 2 кю, қоңыр белбеудің иегері. Бұл спорт түрін өзі колледжде, кейін жоғарғы оқу орнында оқып жүрген кезінде «Жалпықазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Қостанай қаласындағы филиалында (ЖҚККҰ РҚБ) меңгерген. Кейін «кең болсаң, кем болмайсың» деген қағидамен сол білгенін оқушылармен бөлісу үшін аталған филиалдың басшысымен кездесіп, өз өлкесінде де сондай секция ашуға рұқсат алған.  

«Ауылдағы балалардың бос уақыттары көп екенін байқап әрі үйірмелердің аздығын сезініп, мұнда бұрын-соңды болмаған каратэден секция ашуға бекіндім. ЖҚККҰ РҚБ Қостанай филиалының директоры, бас жаттықтырушы, сэнсэй Айсұлу Абулханова келіп, ауылдықтарға алғашқы жекпе-жек өнерін көрсетіп кетті. Қазір мектепте барлығы 200 шақты оқушы екенін ескерсек, каратэ секциясына 5-8 жас аралығындағы 30-ға жуық бала қатысады, ниет білдірушілердің де қатары көбейіп келеді», ‒ дейді тәлім беруші, сэмпай Жәнібек.

Оқушысының бұл игі ісін қолдаған шидоин Айсұлу Абулханованың болашақта оған артар үміті мол: «Жәнібек Қостанайда жаттығып жүріп, жақсы спортшылар қатарынан көріне білді әрі қоңыр белбеуге ие болды. Соны байқап, оған балалардың бір тобын дайындауды тапсырып едім, аз ғана уақытта тәлім алушылары жақсы нәтижелер көрсетті. Енді ол бұл ісін ауылда жалғастыруда. 2018 жылы күзде Әулиекөл аудандық әкімдіктің рұқсатымен Тимофеевка ауылында секцияны аштық. Қазір сол балалар жарты жылдан астам уақыт айналысуда. Алдағы уақытта облыстық чемпионатқа қатысатын болады. Одан оза шыққандары республикалық сайыстарда бақ сынап, Қостанайдың намысын қорғамақ. Өйткені ауылдарда күш-жігері мықты, талантты жастар көп. Сондықтан оларға бағыт сілтеп жіберіп отырсақ нұр үстіне нұр. Одан жастар тәртіпке, өмірде алдына мақсат қоя білуге әрі соған жетуге үйренеді, қайраттана түседі. Бүгінгі тәлім алушы қара белбеуге қол жеткізіп жатса, ол да ертеңгі күні басқаларды жаттықтыра алады. Мысалы, аттестация кезінде ауылдағы каратэге қатысушылардың ширақ қозғалысын, дене-бітімдерінің дұрыс қалыптасып келе жатқанын, рухани мықтылығын, шыдамдылығын, күш-қуатын, құлшыныстарын көріп, риза болдым».

Жалпы, «Жалпықазақстандық Кекушинкай каратэ ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі республикамыздың барлық облыс орталықтарында және Алматы, Астана, Шымкент қалаларында жұмыс істеп тұр. Ал Қостанай филиалының басшысының айтуынша, кекушинкай каратэ секцияларын алдағы күндері өңірдің аудандары мен ауыл-аймақтарында ашу жоспарланып отыр.  

Бизнес саласында «тегін дүниенің құны жоқ» деген қағида бар ғой, Жәнібектің де атқарып жатқан ісі құнын жоғалпасын, балалар бағасын түсінсін деген ойы болар, каратэге жазылуды ақылы еткен. Оның өзінде алатын ақшасы азын-аулақ. Аптасына 3 рет рет өтетін секция үшін бір балаға айына 2 мың теңгеден келеді. Есептесек, бір жаттығу сабағы небәрі 170 теңгеге шығады екен. Ал көпбалалы отбасыларға, бір үйден жеңілдіктер қарастырылған.

Тимофеев орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Арыстанқызы спорт ‒ жасөспірімдердің арасында құқық бұзушылықтың, жаман әдеттердің алдын алу шараларының бірі екенін айтады. «Кекушинкай каратэ секциясы Әулиекөл ауданында бірінші рет ашылып отыр. Оған ата-аналар да риза. Өзімнің де 4 жастағы балам қатысады, каратэны үйреніп жүргендердің ішінде ең кішкентайы. Жыл басында өткен аттестациядан кейін бірінші белбеулерін алды», ‒ дейді Айгүл Арыстанқызы.

Бір қызығы, Жәнібек шығыс жекпе-жегіне бала кезден қызыққан екен. Телеэкраннан жекпе-жек өнерін көрсетіп жүрген Джет Ли, Брюс Ли сияқты  киноактерлерге сүйсіне қараған. Жалпы, қанына тарту деген бар ғой, асқар тау әкесінің де әскерде борышын өтеп жүрген шағында каратэмен айналысқанын айтады.

«Әкемнің інілерінің барлығы спортқа жақын. Мектепте оқып жүргенде сол ағаларымнан алған кунг-фу, ушу, каратэ туралы кітаптарын оқып, сонымен айналыстым. Кейін қазақша күресті меңгердім, студент болған кезімде кикбоксингпен шұғылдандым. Бір күні ағам өзі қатысып жүрген каратэге апарғанда, сол менің жаныма жақын екенін ұқтым» дейді өзі. Содан бастап осы спорт түріне ден қойып, түрлі жарыстарға қатысқан. Сол сияқты өзінің де оқушыларын 21 сәуірде қалалық жарысқа апарамын деп дайындалып отыр. Егер олар жақсы нәтиже көрсетіп, орындар алып жатса, республикалық деңгейдегі жарысқа қатысуға мүмкіндік алады. Бұл жерде жетістікке жеткен бала «шебер» дәрежесіне қол жеткізбек, сондай-ақ, Еуразия жарысында және Жапонияға барып бақ сынауға мүмкіндік тумақ.

Жәнібек отбасындағы 4 баланың үшіншісі. Өзіне дейін тұрмыстағы әпкесі мен ағасы және өзінен кейін інісі бар. Ал өз отбасын құру келешектің еншісінде деп отыр.  

Айта кету керек, Жәнібек каратэмен қатар, бұрын жұмыс істеп кейін жабылып қалған тоғызқұмалақ үйірмесін де қайта жандандырған. Бәрімізге белгілі, бұл ойын ата-бабамыздың бағзы замандардан келе жатқан үстел үстінде отырып ойнайтын ойыны. Ол баланы есеп-қисапқа үйретіп, логикалық ой-санасын дамытады.

Біз де өз кезегімізде Жәнібек сияқты еліміздің бүгіні мен болашағына алаңдайтын жастарымыздың барына бір марқайып қалдық.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға