Әуежай мен вокзалдарда заң бұзған 1200-ден астам жауапқа тартылды
Көліктегі полиция департаменті «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын қорытыдылады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
11-13 желтоқсан аралығында Көліктегі полиция департаменті «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Оған ведомствоның барлық күштері мен құралдары жұмылдырылды.
Еліміздің барлық теміржол вокзалдары мен әуежайларында, сондай-ақ жолаушылар пойыздарында полиция нарядтары екі есеге артты. Көлік нысандарында патрульдеу үшін Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік-іздестіру иттері де жұмылдырылған.
Аталған іс-шараны өткізудің 3 күнінде еліміздің әуе және теміржол көлігі объектілерінде түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 1222 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ұсақ бұзақылық үшін 5, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 84, тыныштықты бұзған үшін 7, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін 95, тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжаттарсыз тұрған 32, темір жол көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қағидаларын бұзу бойынша 807, темір жол көлігі құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 77 және т.б. Бұған қоса, ел аумағында болу ережелерін бұзған 80 шетелдік ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Көлік объектілерінде тұрғын үйден тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз жүрген 27 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып, олардың 16-сы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына орналастырылды.
Департамент бойынша 109 тұлға ІІО-ғы дактилоскопиялық, фото-бейне есебіне қойылды.
Басты қағидат – заң мен тәртіп. Біздің міндетіміз – әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамда заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ықпал ету жұмыстарын тиімді ұйымдастыру.
Департаменттің қызмет көрсету учаскесінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, олардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін арттыру бойынша теміржол төсеміне жақын орналасқан орта мектептерде профилактикалық дәрістер өткізілді,-деп атап өтті полициядан.