Әуе таксиімен 10 минут ұшу бағасы қанша тұрады
Қытайдың Шанхай қаласында әуе таксиімен 10 минуттық ұшу болашақта 59 юаньды (шамамен 8,3 доллар) құрамақ.
Мұндай жоспарды Шанхайдағы Импорттық тауарлардың 8-ші халықаралық көрмесінде (CIIE) Vertaxi компаниясы ұсынған.
Компания таныстырған көлік – тік ұшып, тік қонатын электрлі ұшу аппараты. Vertaxi өкілдерінің айтуынша, 10 минуттық әуе сапарында мегаполистің жартысын, қаланың батысындағы Хунцяо көлік торабынан орталық іскерлік аудан – Луцзяцзуйға дейін ұшып өтуге болады. Ал дәл осы бағытты көлікпен жүру шамамен 40 минут уақыт алады.
Компанияның есебінше, бастапқы кезеңде әуе таксиінің бағасы кәдімгі таксиден сәл қымбат болады, алайда маршруттар кеңейген соң тариф едәуір төмендейді.
Қысқа қашықтықтарға ұшу құны 50 юаньнан (7 доллар), ал қалалар арасындағы бағыттарға 100 юаньнан (14 доллар) басталады.
Бес орынды әуе таксиінің салонында ұзындығы шамамен 50 см болатын 5 стандартты чемодан орналастыруға болады.
Соңғы жылдары Қытайда төмен биіктіктегі экономика деп аталатын сала, яғни дрондар мен тік ұшып-қонатын ұшу аппараттарын тұрмыстық мақсатта пайдалану бағытында белсенді даму жүріп жатыр.
Қытайдың Азаматтық авиация басқармасының болжамынша, бұл сектордың нарықтық құны 2025 жылы 1,5 трлн юаньға (шамамен 210 млрд доллар) жетеді, ал 2035 жылға қарай 3,5 трлн юаньға (шамамен 490 млрд доллар) дейін өседі.

