Жаңалықтар

Әуе билеттерінің бағасы әділетті деп санаймыз - авиация комитетінің төрағасы

Әуе билеттерінің бағасы  әділетті деп санаймыз - авиация комитетінің төрағасы
Фото: t.me/KZgovernment 30.05.2023 14:30 911

Қазақстан ішіндегі және халықаралық бағыттағы әуе рейстеріне билет бағасы күн өткен сайын шарықтап барады. Әсіресе, жазғы демалыс уақыттарында билет бағасы халықтың қалтасына салмақ салып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаевтың айтуынша, билет құнының қымбаттауына мемлекет ешқандай әсер ете алмайды.

Билет бағасын мемлекет белгілемейді. Халықаралық тәжірибеге сәйкес, билеттер құны сұранысқа сай анықталады. Яғни, бүкіл әлемде қолданылатын тәжірибеге сай, сұраныс өскен кезде баға да өседі. Мәселен, демалыс күндері билеттер құны қымбаттаса, аптаның ортасында, жұмыс күндері арзанырақ болады, - дейді Талғат Ластаев.

Ол билет құнын төмендету үшін бәсекелестікті арттыру керек деп санайды. Себебі, ұшақ билетімен қоса қонақүйлердің бағасы да дәл солай құбылады.

Қазіргі баға әділетті деп санаймыз. Өйткені оны мемлекет емес, нарық белгілеп отыр, – деді комитет төрағасы.

Ал «Air Astana»  авиакомпаниясының басшысы Питер Фостер Fly Arystan әуекомпаниясының билет бағасына түсініктеме берді.

Үкімет басшысы Fly Arystan-да билет сату бойынша ең арзанынан қымбат бағаға дейінгі 12 категорияға бөліну себебін сұраған еді.

Бұл динамикалық баға деп аталады. Мұндай тәжірибені барлық әлемдік жолаушы тасымалымен айналысатын алпауыт компаниялар қолданады. Бағалар мен тарифтер, біз айтқандай, 13 субклассты нарық анықтайды. Бұл нені білдіреді? Біреу алдын-ала брондап, билетті неғұрлым ерте сатып алса, біз оларға ұсына алатын тариф соғұрлым төмен болады. Сондай-ақ бұл билетті қай күнге алатынына да байланысты. Жұмаға қараған түні сұраныс жоғары болса, әрине, жолақы қымбаттайды. Бірақ бұл шығындарға тәуелді баға моделі емес. Бұл динамикалық, ол тек нарыққа, сұранысқа байланысты. Бұл стандартты халықаралық тарифтік саясат, ол тек нарыққа тәуелді модель, - дейді әуекомпания басшысы.

Оның айтуынша, Fly Arystan сұраныс аз кезде шығынға батып отыр. Бұл ретте сұраныс төмендеп, бағалар төмен болып қалады.

Сұраныс төмен кезде де қызметкерлердің шығындары өзгеріссіз қалады. Ал керісінше, нарықта сұраныс артып, тарифтер жоғары болған кезде, тасымалдаушының пайда табуына мүмкіндік бар. Біздің баға белгілеу тәртібіміз стандартқа сай, яғни, сұранысқа тікелей байланысты, - деп түсіндірді Питер Фостер.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға