Жаңалықтар

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)
Фото: ©El.kz/Арман Мұқатов 11.09.2024 10:02 612

V Дүниежүзілік көшпенділер ойынындағы қызықты сайыстың бірі – аударыспақ. Бұл спорт түрінен бекітілген ережеге сәйкес алты салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынды. Астанадағы этноауылда өткен ұлттық спорт бәсекесін біздің El.kz  ақпарат агенттігінің тілшісі де өз көзімен көріп қайтқан болатын.

Былтыр World Federation of Horseback Wrestling (Халықаралық ат үсті күресі федерациясы) құрылған еді. Осы федерация халықаралық сайыстардың ережесін бекітті. Соған сай алты салмақ бойынша жүлделер сарапқа салынды.

Жарыстың бірінші күнінде 60, 70, 80 келіде жеңімпаздар анықталды. Ең жеңіл салмақ 60 келіде қазақстандық Ермек Құралбай тең келетін ешкім болған жоқ. Финалда ол қырғызстандық Жексенбек Тұрдыбекті жеңді. Басында қарсыластың жақтастары жеңілгендерін мойындамай, біраз қиғылық салған. Дегенмен экраннан қайталауын көріп, Ермектің жеңісі даусыз екеніне көндікті.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Одан кейін 70 келідеде де осыған ұқсас көрініс орын алды. Қазақстан намысын қорғаған Алмат Ләтіпбек пен қырғызстандық Бақытгүл Райханұлы арасындағы тартыста оңайшылықпен шешілген жоқ. Қырғызстан делегациясы төрешілермен дауласып бақты. Алайда Бақытгүлдің өзі Алматтың қолын көтеріп, кездесуге нүкте қойды.

Бірінші жарыс күнінің қорытынды жекпе-жегінде 80 келідегі қазақстандық Дарын Өткелбай финалда өзбек балуанын оңай жеңді. Ол басты қарсыласы Қалыбек Бұзурманқұлұлымен жеребе бойынша бір топта болып, ерте кездесіп қойған еді.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Енді екінші жарыс күніне тоқталсақ, 90 келіде финалда Қырғызстан мықтысы Ислам Бердібекұлы мен Қазақстан спортшысы Есімхан Рахматіллә кездескен. Екеуінің жекпе-жегі тартысты өтті. Бір-бірін негізгі 5 минутта ала алмады. Сосын қосымша 3 минут берілген. Ережеге сәйкес, спортшылар бір-бірінің белбеуінен мықтап ұстап алды. Кімнің қолы белбеуден ажыраса сол жеңіліс табады.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Осы кезде Қазақстан құрамасының бас бапкер  Жанбатыр Бекмұсаев қарсыластың қолы шығып кеткенін айтып, челлендж тастаған. Екі тарап дауласып, ақыры видео қайталаудың көмегіне жүгінді. Қырғызстандық бапкерлер де қалыспай, шәкірттері үшін даудан жеңілмеуге тырысты. Ең соңында төреші қазақ жаттықтырушысы әрекеті негізсіз екенін дәлелдеді. Сөйтіп Есімхан Рахматіллә күміспен шектелді. Қазақ балуаны бұл шешіммен келіспейтінін айтты.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Жеңіске қатты қуанған қырғыз спортшысы туын ұстап,атпен алаңды айналып шапты.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Осыдан кейін ортаға шыққан жерлесіміз Сырым Ізбасаров 100 келіде қарсылас шыдатпады. Таза тастамаса, арты дауға ұласатынын жақсы білді. Ол финалда Моңғолиядан келген этникалық қазақ Ерболат Жеңісбекке еш мүмкіндік қалдырмай, оңай ұтты.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Сосын Сырым да ортаны айналып жүгіріп, жанкүйерлердің делебесін қоздырды. Этноауылдағы аударыспақ бәсекесін көруге өте көп көрермен жиналған болатын.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Аса ауыр салмақта (100 келіден жоғары) тәжірибелі балуан Біржан Қосалиевтің мысы басым болды. Финалда қырғызстандық Кумушбек Қыдырәлиевтен басым түсті.

Аударыспақтан Қазақстан бес алтын медаль жеңіп алды (Фоторепортаж)Сурет: ©El.kz/Арман Мұқатов

Айта кетейік, Біржан Қосалиев 1985 жылы Түркістан облысы Төле би ауданы, Майбұлақ ауылында дүниеге келген. Ол бұрын жаппай көкпармен айналысқан. Аударыспаққа 2011 жылы ауысқан.

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Аударыспақтан жеңімпаздар мен жүлдегерлер:

60 келі:

1).Ермек Құралбай (Қазақстан)
2). Жексенбек Тұрдыбек (Қырғызстан)
3).Меліс Наурызбек (Моңғолия)
3).Алмас Камалдинов (Ресей).

70 келі:

1).Алмат Ләтіпбек (Қазақстан)
2). Бақытгүл Райханұлы (Қырғызстан)
3).Кодиржон Егамбердиев (Өзбекстан)
3).Өміртай Еркінбек (Моңғолия).

80 келі:

1).Дарын Өткелбай (Қазақстан)
2). Нодиржан Джунайдуллаев (Өзбекстан)
3). Қалыбек Бұзурманқұлұлы (Қырғызстан)
Илнұр Губайдуллин (Ресей).

90 келі:

1).Ислам Бердібекұлы (Қырғызстан)
2). Есімхан Рахматіллә (Қазақстан)
3).Инсат Хусайынов (Ресей)
3). Азизбек Зокиржонов (Өзбекстан).

100 келі:
1). Сырым Ізбасаров (Қазақстан)
2). Ерболат Жеңісбек (Моңғолия)
3). Кулсар Даниел (Мажарстан)
3). Турдыкул Абдрахманов (Қырғызстан).

+ 100 келі:
1). Біржан Қосалиев (Қазақстан)
2). Кумушбек Қыдырәлиев (Қырғызстан)
3). Валентин Лакатос (Мажарстан)
3). Шәйітхан Қаржаубай (Моңғолия).

Жарыстан кейін аударыспақтан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаевты әңгіме тарттық. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Дүниежүзілік көшпенділер ойынын қорытындылап, Қазақстан қойған межені орындағанын айттты.

Екі балуанымыз – Көшпенділер ойынының екі дүркін чемпионы атанып отыр. Бұған дейін 2016 жылы Сырым Ізбасаров пен Біржан Қосалиев чемпион атанған. Сол жетістіктерін 8 жылдан кейін тағы қайталап отыр. 2018 жылы Шолпан-Атадағы ойында бес күміспен шектелгенмін. Осы жолы 4 алтын аламыз деп жоспар қойғанбыз. Командалық есепте бірінші орын деген меже болған. Соны орындадық. Жарыстың бірінші күні үш, екінші күні екі алтын. Біреуі енді Қырғызстан мемлекетіне кетті, - дейді Жанбатыр Бекмұсаев.

Ол дау тудыратын сәттерді жетілдіру керек деп санайды. Дронмен төбеден түсіру қажет деп отыр. Сонымен қатар Қырғызстан тарапынан болған шағымдарға қатысты да пікір білдірді.

Қазақ балуандары шыдамды. Біз осыған дайындағанбыз. Әр балуан өзінің жеңілгенін мойындау керек. Шалбарды өзіміз тіккен жоқпыз. Сатып алынған киім. белбеуді арнайы соған салып алдыңдар деп кінәлайды. Содан кейін төрешілерімізді оқытып, біліктілігін жетілдіре түсу керек. Камераға түсіру жағын да реттеуге міндеттіміз, - дейді бапкер.

Бұл  Халықаралық ат үсті күресі федерациясының (World Federation of Horseback Wrestling) өткізіп отырған жарысы екен. былтыр Қырғызстанда әлем чемпионаты ұйымдастырылған. Ол кезде Қазақстан жас спортшыларын апарып, үш алтын, үш қола медаль еншілепті.

Енді құрама Азия чемпионатына дайындалады. Ал ұлттық құрамаға үздіктер ел біріншілігінің нәтижесі бойынша жасақталады. Қазақстан чемпионаты 9 салмақ бойынша өтеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға