Жаңалықтар

Ауаның ластануы адамға ғана емес, табиғатқа да зиян

Ауаның ластануы адамға ғана емес, табиғатқа да зиян
Фото: © El.kz 28.03.2024 16:45 2096

Атмосфералық ауаның ластануы - адам ағзасына қауіп төндіретін экологиялық қатер. Денсаулық сақтау ұйымының мәліметіне сенсек, әлем халықтарының 99%-ы лас ауамен тыныстайды екен. Мәселені El.kz ақпарат агенттігің тілшісі тарқатады.

Қоршаған орта және тұрғын үйлердегі ауа ластануының салдарынан жыл сайын 6,7 млн адам көз жұмады.

2019 жылы атмосфералық ауаның ластануынан әлем бойынша 4,2 млн адам зардап шеккен болатын. Ауа ластануы адам ағзасына ғана емес, қоршаған ортаға да зиянды. Ол мұхиттағы оттегінің мөлшерін азайтып, климаттың өзгеруі мен биоалуандылықтың қысқаруына әкеледі. 

Атмосфералық ауаның ластануына зауыттар мен электростанциялардан шыққан түтін, көліктен бөлінетін газ және қаланың тұман басуы сияқты факторлар әсер етеді.

Ауа азот, оттегі, көмірқышқыл газ сияқты негізгі компоненттерден тұрады. Сондай-ақ аз мөлшерде неон, криптон, гелий, метан, аргон және сутегіден құралады. Бұл - ауаның құрамы өзгеріссіз болады деген сөз емес. Жер шарының әртүрлі аймағында оның құрылымы әрқилы болуы мүмкін.

Ауа ластануының мөлшерін төмендету арқылы инсульт, жүрек аурулары, өкпе обыры, созылмалы вирустық аурулар және астма сияқты көптеген сырқаттың алдын алуға болады.

«Қазгидромет» мәліметіне сенсек, еліміздегі ең лас қалалар тізімінде Қарағанды, Алматы және Астана көш бастап тұр. Сондай-ақ Өскемен, Семей, Петропавл, Жезқазған және Түркістан қалалары да ауа ластануының жоғарғы деңгейін көрсетуде. Облыс орталықтары мен мегаполистердің арасынан ауасы таза аймақ ретінде Қызылорда қаласын ғана айтуға болады.

Алматы мен Астана қаласындағы ауа ластануының негізгі үлесі жылу электр станцияларынан, автокөліктер және жекеменшік секторлардан бөлінген шығарындыларға келеді.

Қарағанды мен Теміртауда да атмосфераның ластануына жоғарыда аталғандармен қоса, өнеркәсіп орындарының шығарындылары тікелей әсер етеді.

ESG (бизнестiң тұрақты даму) саласындағы консультант әрі оқытушы,  экобелсенді Жанар Кульжанова ауа ластануы тек көшеде емес, үйдің ішінде де болады деп отыр.

Астана соңғы жылдары дүниежүзілік астаналардың арасында ең лас ауа рейтингісінде 15-орынға ие болды. Ал Алматының ауасы 10-орындағы Дакка (Бангладеш) қаласына сай келіп отыр,-деді ол.

Маманның айтуынша, денсаулыққа зиян, ауаны ластайтын заттардың арасында диоксид азот, көмірқышқыл газ, жер бетіндегі озон, метан, PM10 , PM2,5  газдары бар. Олардың шоғырлануы төмен деңгейде болғанда да денсаулыққа елеулі зиян келтіретіні түрлі зерттеулермен дәлелденген. Микроскопикалық ауа ластаушылар дем алу мен қан жүйесіне сіңіп, өкпенің, жүректің, мидың функциясын бұзады.

PM10 , PM2,5  сияқты қатты бөлшектер қан айналымына түскен сәтте  адамның денесіне терең бойлап кетеді. Бұлар жүрек-қан тамырлары жүйесінің, өкпе мен респираторлық, цереброваскулярлық (инсульт), қатерлі ісік ауруларын туғызады.   Диоксид азот респираторлық ауруларға әкеледі. Оның арасында астма, бронхит, жөтел, тамақ аурулары, тағы сол сияқтылары бар. Әсіресе ауаның ластығы балалар, қарт кісілер, жүкті әйелдер мен сырқат адамдарға кері әсер етеді. Таза ауамен тыныстамау баланың өсуін, ой өрісінің дамуын тежеп, диабет ауруын қоздырып, нәтижесінде семіздікке әкеледі, - деген тоқтамға келді эколог.

Ауа ластануын табиғи және қолдан жасалаған, антропогенді деп екі топқа бөліп қарастыруға болады. Табиғи жолмен ластану келесі факторлармен сипатталады:

-Орман өрті (жай түскен соң) салдарынан атмосфераға қара күйе мен күлдің көтерілуі

-Жанартаудың атқылауынан қызған газ бен түтіннің аспанға көтерілуі

-Жел эрозиясы салдарынан шаң-тозаң мен топырақтың көкке ұшуы

-Микробты ластану – бактериялар мен саңырауқұлақтардың споралары

-Метеориттердің құлауынан ғарыштық шаң-тозаңның туындауы.

Қолдан жасалған, антропогенді ластану – адам қолынан туындаған іс-әрекеттің нәтижесі.

-Химиялық ластағыштар – пестицидтер.

-Физикалық ластағыштар – радиобелсенді заттар, шуыл, элекромагнитті сәулелендіру, құрылыс нысандарынан шығатын шаң-тозаң, автокөлік дөңгелегінен бөлінетін резина бөлшектері, мұнай газ және т.б.

Ғалымдар атмосфералық ауаның ластануымен күрес жолында төмендегідей тәсілдерді қолданысқа енгізуді ұсынды:

-Қайта қалпына келтірілетін энергия көздеріне өту (күн, жел және гидроэлектростанция)

-Электромобильдерді жаппай қолданысқа енгізу

-Қоғамдық көліктер мен велосипед инфраструктурасын дамыту

-Саябақтар мен желекжолдарды құру арқылы қаланы абаттандыру

-Экологиялық ауылшаруашылығын дамыту

-Экологиялық салықтарды енгізу.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға