Жаңалықтар

Ауа райынан зардап шеккен шаруаларға қаржы бөлінді

Ауа райынан зардап шеккен шаруаларға қаржы бөлінді
Фото: t.me/KZgovernment 11.12.2023 14:50 880

Ел Үкіметі шаруаларды қолдау бойынша қажетті шараларды қабылдауда. Үкімет резервінен отандық аграрийлерден 4-ші, 5-класты және классыз бидай сатып алу үшін қаражат бөлінді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып El.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Тиісті қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойды.

Құжат мемлекет басшысының биыл қолайсыз ауа райынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау бойынша жедел шараларды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданды.

Атап айтқанда, қаражат Азық-түлік корпорациясының қазақстандық аграрийлерден 350 000 тонна 4-ші, 5-класты және классыз бидайды тікелей сатып алуына бөлініп отыр.

Қаражат көлемі 31 млрд 375 млн теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта өткен жылдан қалған көлем мен ішкі тұтынуды ескере отырып, жиналған өнім отандық нарықты қамтамасыз етуге және белгілі бір көлемде экспортқа, оның ішінде ұн түрінде жөнелтуге жеткілікті.

Еске салайық, жалпы 2023 жылы Үкімет АӨК-ті субсидиялауға барлық көздерден 494 млрд теңге, оның ішінде Үкімет резервінен өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша 60 млрд теңге бөлді.

Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бағытталды.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға