Атыраулық дзюдошы бала ерекше даусымен көпті тәнті етті
Атыраулық жас спортшы Иса Бекболат әсем дауысымен әлеуметтік желі қолданушыларын тәнті етті. Бәстен жеңіліп қалған балаға қатарластары ән айт деп қолқалаған екен. Жаза ретінде Ақан серінің әйгілі шығармасын шырқаған.
Желіні шулатқан дәл осы видео Исаның жұлдызын бір күнде жақты. Облыстың намысын қорғап жүрген жас дзюдошының өнеріне тәнті болғандардың санында есеп жоқ.
Жас спортшы Иса Бекболат нөмірі 1-ші мамандандырылған балалар жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім алады.
Исаның ата-анасы да өнерден құр алақан емес. Бұл қабілет солардан дарыса керек. Қазір көпке танылған жасты жерлестері алыстан таниды екен. Тіпті хит бала деп атап кеткен. Қатарластары мен көшедегі адамдар суретке түсуге де ұсыныс жасайтын көрінеді.
Иса Бекболат қазір түрлі спорттық жарыстарда облыстық, қалалық жарыстарда жүлдегер атанып жүр. Музыкалық білімІ жоқ, есесіне қызығушылығы бар. Ән орындауға тек хобби ретінде қарайтын жас өренге желі қолданушылары керісінше, осы бір бойындағы өнерін ары қарай дамыту керек деп ұсыныстарын білдіріп жатыр.