Жаңалықтар

Атыраулық әйел жаңа туған сәбилерін сатып келген

Атыраулық әйел жаңа туған сәбилерін сатып келген
Фото: © Pixabay.com 12.03.2024 11:15 978

Атырауда әйел сәбиін саудалап келген, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі жаңа туған нәрестені сату ісі бойынша сотталған бес адамға қатысты сот үкімі күшінде қалғанын мәлімдеді.

Сот үкімі бойынша, сотталушы алдын ала сөз байласуымен, бірнеше рет дәрменсiз күйдегі кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқаны және бірнеше рет алаяқтық жасағаны үшін 8 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Төрт сотталушыға шартты түрде 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Сотталушы жүкті кезінде өзінің материалдық жағдайын жақсарту мақсатында, сәбиін туған соң, отбасылық жұпқа алдын ала келісім бойынша ақшаға сатып жіберген.

Уақыт өте келе, әйел қайтадан жүкті болып, бөтеннің мүлкін алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен қылмыстық ой туындап, басқа екі отбасылық жұпқа баланы 2,3 миллион теңге сатуға уәде берген. Алайда, олардың ақшасын алып, ізін суытқан. Баласын туған соң, басқа отбасыға сатып жіберген.

Отбасылық жұптар жаңа туған балаларды ақшаға сатып алып, әкелікті анықтап, балалардың туу туралы куәліктеріне өз аттарын жаздырған.

Алқа апелляциялық шағымдарды зерделей келе, сот үкімін өзгертуге немесе оның күшін жоюға негіздер таппады. Осыған байланысты қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының қаулысымен бірінші саты сотының үкімі өзгеріссіз, апелляциялық шағымдар қанағаттандырусыз қалдырылды.


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға