14 Сәуір, 09:57

Атыраулық 3 жасар балақай президенттен алғыс алды

Атыраулық 3 жасар бүлдіршін Дінмұхамед Жұмажанның Ораза айт тойланған орынды жинастырып жүрген видеосы әлеуметтік желіде кең тараған еді. Күні кеше облыс әкімі Серік Шәпкенов кішкентай табиғат жанашырымен кездесіп, ата-анасымен тілдесті.

Кішкентай Дінмұхамедтің алған тәрбиесі мен қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігіне риза болған аймақ басшысы оған президент Қ.Тоқаевтің атынан жолданған хатын табыстады.

Дінмұхаммедтің әкесі Ержан Хайрошевтің айтуынша, тұрғындардың бірі ұлын видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Содан кейін лезде таралып, желі қолданушыларының сүйіспеншілігіне бөленген. Ұлдың әкесі өз отбасында да тазалыққа баса мән беретінін, сенбіліктерден қалмайтынын жеткізді.

Атырау облысының әкімі «Дінмұхаммед кішкентай ғана ойын баласы болса да, оның әрекеті көпке ой салды. Әлбетте, ол мұны бөгде біреуден көріп емес, өзінің отбасында тазалық пен тәртіптің мәнін түсініп өсіп келе жатқандықтан жасады. Осындай әрекеттер Мемлекет басшысының “Таза Қазақстан” бастамасы уақытша іс-шара ғана емес, әр азаматтың өмір салты болуы қажеттігін көрсетеді» деп бүлдіршінге табыс тіледі.

Кейін облыс әкімі Дінмұхаммедке ескерткіш сыйлықтар тапсырып, ата-анасына алғыс айтты.

Бөлісу: