коллаж El.kz

Атыраудағы қанды іс: күдіктілердің Индонезияға қашан барғаны белгілі болды

03.04.2026 14:30

Атыраудағы Қарабалиндер отбасының қазасына қатысты іс жаңа деректермен толықты. Күдікті Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеванің шетелге нақты қашан кеткені анықталып, олардың Индонезияда қалай ұсталғаны белгілі болды.

Қашу бағыты

Индонезия полициясының өкілі Рикки Пурнаманың мәліметінше, күдіктілер Ломбок аралындағы қонақүйде бой тасалап жүрген. Тәртіп сақшылары келген сәтте Сәрсемәлиев қашуға әрекет жасағанымен, сол жерде қолға түскен. Ұстау операциясына Интерполдың ұлттық бюросы, Солтүстік Ломбок полициясы және көші-қон қызметі жұмылдырылған.

Тергеу деректеріне сәйкес, олар 2025 жылдың 14 желтоқсанында Куала-Лумпур қаласынан Бали аралына ұшып барған. Кейін Ломбок аралына көшіп, ұсталғанға дейін сол жерде болған.

Істің басталуы

Бұл қылмыстық іс 2025 жылдың 25 желтоқсанында басталған. Сол күні Атырау облысының полициясына бір отбасының жоғалғаны туралы арыз түскен. Туыстары олардың қараша айынан бері байланысқа шықпағанын айтқан. Іздеу жарияланып, жедел тергеу басталды.

6 қаңтарда зейнеткер ерлі-зайыптының мәйіті табылды. 8 қаңтарда оларды жерлеу рәсімі өтті. Осыдан кейін іс адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған адамдарды іздеу жалғасты. Алайда көп ұзамай олардың да мәйіті табылды.

Қаза тапқандар:
– 66 жастағы Мақсот Қарабалин;
– 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева;
– 35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина;
– 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев.

Фото: ашық дереккөз

Күдіктілер

Тергеу барысында қылмыс жасады деген күдікпен отбасының бұрынғы күйеу баласы – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Сонымен қатар марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті ретінде танылып, оған да іздеу жарияланған еді.

2026 жылғы 24 ақпанда Қазақстан ІІМ күдіктілердің Индонезияда ұсталғанын растады.

Жаңа айыптар: іс күрделене түсті

Сұлтан Сәрсемәлиевке тағылған айыптар күшейді. Енді оған тағылған айыптар тізіміне Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы ғана емес, 13-тармағы да енгізілген. Ол – «Бірнеше рет жасалған адам өлтіру».

Сонымен қатар іс аясында мынадай қылмыс түрлері бар:

– 188-баптың 2-бөлігі – «Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған ұрлық»;

– 190-бап – «Алаяқтық».

Прокуратура мәліметінше, бұл эпизодтар марқұмдардың жеке заттарын жымқыру және олардың малын заңсыз сатумен байланысты.

Сарапшылар не дейді?

Адвокат Абзал Қасымжанов қылмыстың саралануына қатысты маңызды айырмашылықты түсіндірді.

Бір оқиға аясында бірнеше адамды өлтіру – бір бөлек. Ал бірнеше рет адам өлтіру дегеніміз – әртүрлі уақытта, әртүрлі жағдайда жасалған қылмыс. Бұл істе дәл осы екінші белгі де қарастырылып отыр, – деді ол. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі бойынша (1 және 13-тармақтар) 15 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Үкім қандай болуы мүмкін?

Адвокат Самат Әбуевтің айтуынша, бұл жерде жаза қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалады.

Егер қылмыс ерекше қатыгездікпен жасалғаны дәлелденсе, сот өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын беруі әбден мүмкін. Бірақ нақты шешім іс материалдары толық зерттелгеннен кейін ғана белгілі болады, – деді ол.