Атыраудағы бір отбасының өлімі: күдікті Ақбаянға қатысты тың мәліметтер шықты

 ашық дереккөзден алынды
Фото: ашық дереккөзден алынды

Атырауда бір отбасының қазасына қатысты тергеу жалғасып жатыр. Іс бойынша күдікке ілінген Ақбаян Мұқанғалиева қазіргі уақытта психиатриялық медициналық мекемеге орналастырылып, оған кешенді сараптама жүргізілуде.

Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділовтің айтуынша, күдіктіге психологиялық және психиатриялық бағытта стационарлық сараптама тағайындалған. Мұндай шешім оның мінез-құлқы мен алғашқы жауаптарына байланысты қабылданған.

Сондай-ақ вице-министр бұл іс бойынша өзге күдіктілер жоқ екенін нақтылады. Қазір негізгі күдіктілер ретінде Сұлтан Сәрсемәлиев пен оның бұрынғы жұбайы Ақбаян Мұқанғалиева қарастырылып отыр.

Қылмыстық іс бойынша тергеу әрекеттері әлі де жалғасуда.

Атыраудағы қанды қылмыс қалай басталды?

Атыраудағы резонанс тудырған іс былтыр, нақтырақ айтқанда 2025 жылдың 25 желтоқсанында басталған. Сол күні полицияға бір отбасының жоғалып кеткені туралы арыз түсіп, туыстары олардың қараша айынан бері байланысқа шықпағанын хабарлаған. Осыдан кейін іздеу жарияланып, жедел тергеу амалдары басталды.

2026 жылдың 6 қаңтарында зейнеткер ерлі-зайыптының мәйіті табылып, екі күннен кейін жерленді. Іс осыдан кейін адам өлтіру дерегі бойынша қайта сараланып, жоғалған өзге отбасы мүшелерін іздеу жалғасты. Алайда көп ұзамай олардың да мәйіті анықталды.

Қаза тапқандар қатарында 66 жастағы Мақсот Қарабалин, 64 жастағы Нәсіп Өтешқалиева, олардың 35 жастағы қызы Мирамгүл Қарабалина және 32 жастағы ұлы Наурыз Мұқанғалиев бар.

Тергеу барысында қылмысқа қатысы бар деген күдікпен отбасының бұрынғы күйеу баласы – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемәлиевке халықаралық іздеу жарияланды. Сонымен қатар марқұмдардың кіші қызы Ақбаян Мұқанғалиева да күдікті ретінде танылып, оған да іздеу жарияланған.

Кейін, 2026 жылғы 24 ақпанда Қазақстан Ішкі істер министрлігі күдіктілердің Индонезия аумағында ұсталғанын ресми түрде растады.

Айта кетейік, бұған дейін күдіктілер Сұлтан Сәрсемәлиев пен Ақбаян Мұқанғалиеваның Индонезияға қашан барғаны жайлы жазған едік. 

Оқи отырыңыз