Жаңалықтар

Атырауда туды қоқысқа тастағандарға байланысты тергеу басталды

Атырауда туды қоқысқа тастағандарға байланысты тергеу басталды
Фото: ІІМ баспасөз қызметі 08.10.2023 16:46 710

Атырау облысында Мемлекеттік Ту қоқыс үйіндісіне тасталған. Осыған байланысты сотқа дейінгі тергеу басталды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі «Зелло Атырау» паблигінде видео тарады.

Видео кеше, 7 қазанда түсірілген. Шетелдік компания базасының аумағында қоқыс үйіндісі жиналған. Ағаш қалдықтарының арасында мемлекеттік Ту жатыр. Туды жұмысшылар қоқыстың арасынан жинап алған.

Қоқыс алаңының жанында шетелдік компанияның атауы жазылған ғимарат тұр. Соған қарағанда бұл өндірістік база болуы мүмкін.

– Мынау – «Сичим» компаниясының базасы. Әне, жоғарыда «Сичим» деп жазылып тұр, 8-блоктың қасы. Міне, қоқыстың арасында Ту жатыр, – дейді жұмысшының бірі.

Осыған байланысты облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі сотқа дейінгі тергеу басталғанын мәлім етті. Алайда, тергеу қай компанияға қатысты жүріп жатқанын нақтылаған жоқ.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 372-бабына (Мемлекеттік рәміздерді қорлау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына (Сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректерiн жария етуге жол бермеу) сәйкес жариялауға жатпайды», – деп мәлім етті департаменттің баспасөз қызметінен.

Елімізде мемлекеттік рәміздерді қорлауға байланысты Қылмыстық кодексте қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Жоғарыда аталған бапта «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін қорлау үш мың айлық есептiк көрсеткiшке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады», - делінген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға