Жаңалықтар

Атырауда тасқын суды бағыттау үшін қосымша каналдар қазылып жатыр

Атырауда тасқын суды бағыттау үшін қосымша каналдар қазылып жатыр
Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі 15.04.2024 22:07 841

Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалы мен жергілікті әкімдік Жайық өзенінен келетін тасқын суын Каспий теңізіне бағыттау үшін 14,5 шақырым қосымша канал қазып жатыр. Бұл Атырау қаласы арқылы өтетін су көлемін азайтуға мүмкіндік береді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндай мәліметті Су ресурстары және ирригация министрлігінің ресми өкілі Мөлдір Әбдуалиева республикалық ақпараттық штабтың брифингі барысында айтты. 

Спикердің мәліметінше,Атырау облысы бойынша «Қазсушар» филиалының 4 каналында тасқын суын қабылдау үшін бос орын дайындалуда. Атап айтқанда, Соколок, Сарыөзек, Бақсай және Нарын каналдарында суару кезеңіне жиналған су Каспийге жіберілді. 

Нәтижесінде Соколок каналы 2 млн текше метр, Сарыөзек каналы – 3 млн текше метр, Бақсай каналы – 7 млн текше метр және Нарын каналы – 4,5 млн текше метр су қабылдай алады, - деді Мөлдір Әбдуалиева. 

Бұдан өзге спикер Ақмола облысында тасқын судың «Альва» лиманды суару жүйесінің «Ескі грейдер» бөгеті арқылы асып кеткенін, «Қазсушар» мен жергілікті тұрғындардың күшімен тасқын судың бөгеттен асуы тоқтатылып, Қараөткел кентін су басу қаупі сейілгенін атап өтті.

Осы уақытқа дейін Петропавл қаласы шегіндегі Есіл өзенінің деңгейі - 1330 см, бір тәулікте ол 27 см-ге көтерілді. Мамандар су өткізу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға