Жаңалықтар

Атырауда құсбегілер сайысы мәресіне жетті

Республикалық ХVІ чемпионаттың жеңімпаздары анықталды
Атырауда құсбегілер сайысы мәресіне жетті
Фото: inform.kz 27.02.2023 04:15 1393

Атырауда құсбегілердің ересектер арасындағы республикалық ХVІ чемпионатының жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Чемпионатқа Астана, Алматы қалаларымен бірге, Ақмола, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Павлодар, Атырау, Абай, Жетісу, Ұлытау облыстарының облыстарынан 50-ге жуық құсбегі қатысты. Олар 31 бүркіт, 11 қаршыға мен 10 ителгіні сынға түсірді.

Ақтық сында 5 бүркіттің екі шартты орындау шеберлігі тексерілді. Оның бірі – қасқырға шүйлігу. Ал, екіншісі – шырғаға тарту. Осындай сынның қорытындысымен Астана қаласының тұрғыны Серікбек Күнтуған «Алғыр», атыраулық Арман Қошқаров «Нарын» бүркітімен 3-жүлдеге ие болды. Сайысқа «Заңғар» бүркітін қосқан Абай облысының өкілі Ерзат Байқадамов 2-орынды иеленді. Ал, елордалық Арманбек Күнтуғанұлы «Қарашолақ» қыранымен ел чемпионы атанды.

Бұл чемпионатта сайысқа түскен қаршығалар нағыз бабында екені байқалды. Қаршығалар сайысында үшінші орынды астаналықтар – Күнтуған Серікбек «Найзатұяқ», Құдайберген Рауилұлы «Чипок» аталатын құсымен иеленді. Ал, Түркістан облысының тұрғыны Бағдат Кеуенов «Тарлан» қаршығасымен екінші жүлдеге қол жеткізді. Тағы бір түркістандық Дәурен Аршабай баптаған «Тұйғын» бірінші жүлдеге ие болды.

Ителгілер сайысы қызықты өтті. Бұл сайыста түркістандық қос құсбегінің ителгісі үшінші жүлденің иесі атанды. Олар – Ибрагим Базарбаевтың «Қаракөзі» мен Бағдат Кеуеновтің «Тұмары». Екінші орын Жамбыл облысынан қатысқан Бақдәулет Бабажанның «Қаракөз» атты ителгісіне берілді. Бірінші жүлдені Ақмола облысының намысын қорғаған Ерлан Кенжетаевтың «Ақбас» атауы бар ителгісі иеленді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға