Атыраудағы Құрманғазы мәдениет үйінде «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен «Орыс мәдениетінің күндері» есептік концерті өтті.
Мерекелік шараға этномәдени бірлестік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Биылғы жылды қорытындылаған «Былина» орыс этномәдени бірлестік ұжымы көрермендерге нағыз орыс мәдениетінің күнін сыйлады, дейді Атырау облыстық ҚХА-дан.
Мерекелік шараны жүргізген орыс халық театрының көркемдік жетекшісі Павел Скляренко зал толы көрермендерге орыс халқының әндерін жұмбақтап жеткізіп, шешуін тапқан әндерді ұсынды.
Оның ішінде «Фантазия» вокалдық студиясы, «Гурьевчанка» вокалдық ансамблінің орындауындағы «Мы рисуем», «Ой, мороз, мороз», «Колодец», «Люди, любите друг друга» тағы басқа әндер бар.
Бірлестіктің өнерпаздары Алевтина Воронцова, Александр Мелешкин, Павел Скляренконың орындауындағы халық әндері, «Дело было в Пенькове» кинофильміндегі «Ах ты, Порушка поранья» лирикалық әуендері, сондай-ақ, «Былина» би ансамблі, «Камелия» хореографиялық ансамблінің орындауындағы орыс халқының билері көрермендер көңілінен шықты.
Шараға қатысқан этномәдени бірлестік мүшелері арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.