Жаңалықтар

Атырауда өңірлік ревматологиялық орталық ашылды

Атырауда өңірлік ревматологиялық орталық ашылды
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі 28.08.2023 19:40 946

Атырауда облыстық аурухананың базасында өңірлік ревматологиялық орталық ашылды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Денсаулық сақтау министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, соңғы жылдары Атырау облысында стационарлық емдеуді қажет ететін ревматикалық аурулары бар пациенттер санының өсуі тіркеліп отыр. Мысалы, 2021 жылы диспансерлік есепте 2068 пациент болды. Ал 2022 жылы олардың саны 3045-ке дейін өсті. Стационарлық емдеуге қатысты 2021 жылы 376 пациент, ал 2022 жылы 428 пациент емдеуге жатқызылды.

Сондай-ақ асқынулармен болған жүрек-қантамыр оқиғаларынан кейін медициналық көмекке мұқтаж пациенттер санының ұлғаюына байланысты 2023 жылдың тамыз айында Атырау облыстық көпбейінді ауруханасының базасында ревматологиялық орталық ашу туралы шешім қабылданды. Оның құрылымында консультациялық-диагностикалық көмек көрсетуге арналған ревматолог кабинеті, гендік-инженерлік биологиялық терапия кабинеті (ГИБТ), буынішілік манипуляциялар кабинеті, сондай-ақ тәулік бойғы стационар мен күндізгі стационардың төсектері бар, - делінген ведомствоның ақпаратында.

Сонымен қатар ревматологиялық орталықтың құрамына гендік-инженерлік биологиялық терапия үшін ревматикалық аурулары бар пациенттерді іріктеуге арналған көпбейінді топ кіреді және бұл гендік-биологиялық кабинеттің бөлігі болып саналады.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мамандары ұйымдастырушылық-әдістемелік көмек көрсету мақсатында өңірдің ревматологиялық қызметінің ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға