31 Шілде 2025, 16:18

Атырауда лотос фестивалі өтті

Сабағын суға, тамырын тереңге жасырса да жұпар иісімен, сұлулығымен көз тартатын Лотос – қазақстандықтар мен шетелдіктердің басын бір арнаға тоғыстырды.

Атырауда өткен «Lotus Fest – 2025» Халықаралық фестивалі осының айғағы. Шараның алғашқы күндерінде табиғаттың осы бір тамашасын көруге 5000-нан астам турист келді.

Құрманғазы ауданының Теңіз ауылында алғаш рет өтіп жатқан халықаралық фестиваль туристер ағыны мен экономикалық серпін тұрғысынан үлкен жетістікке айналды. Шараға қатысушылар лотос гүлінің әсемдігіне ғана емес, ұлттық спорт пен тағамдарға, қолөнер бұйымдарына да ерекше қызығушылық танытты.

Туристердің негізгі бөлігі лотос алқабына қайықпен сапар шекті. Фестивальдің алғашқы күнінен бастап 550-ге жуық қайық рейсі орындалып, әрқайсысына орта есеппен 5 адам мінген. Нәтижесінде 3000-ға жуық турист жайқалған лотос көрінісін тамашалады.

Туристік маусым тамыз айының соңына дейін жалғасады. Қонақтар үшін киіз үйлер мен демалыс орындары дайындалып, инфрақұрылым қолайлы жағдайға келтірілген.

Фестивальдің ресми ашылу салтанаты жергілікті және танымал өнер жұлдыздарының гала-концерті мен мерекелік отшашумен аяқталды.

Айта кетейік, Атырау облысының Құрманғазы ауданы – Қазақстандағы лотос гүлдері жабайы түрде өсетін жалғыз өңір. Бұл көрініс жыл сайын шілде айының ортасынан тамыз айының соңына дейін Қиғаш өзенінің сағасында ғана байқалады. Осы шақта өсімдік ашылып, айналасына жұпарын шашады.