© Pixabay.com

Атырауда «Кибербақылау» арқылы 2 мыңнан астам сайт бұғатталды

19.07.2025 08:40

Атырау облысында жыл басынан бері 300-ден астам киберқылмыс тіркелді. Олардың басым бөлігі интернеттегі алаяқтықпен байланысты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметінше, алаяқтар көбіне WhatsApp, Instagram, Telegram, Facebook желілерін және шетелдік нөмірлер мен фейк аккаунттарды пайдаланады. Жыл басынан бері 50-ге жуық күдікті ұсталып, 133 іс сотқа жолданды. Қалған деректер бойынша тергеу амалдары жалғасуда.

Атырау облысында тіркелген киберқылмыстардың басым бөлігі интернет-дүкендер арқылы жалған тауар сату, өзін банк қызметкері ретінде таныстырып алдау және фишингтік сілтемелер арқылы жеке деректерді ұрлау тәсілдерімен жасалып отыр. “Кибербақылау” платформасымен 2000-нан астам фишингтік сайт анықталып, бұғатталды. Байланыс операторларымен бірге жалған нөмірлер мен алаяқтық қоңырауларды анықтау, тұрғындарға SMS арқылы ескерту хабарламаларын тарату жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Азаматтарды киберқауіпсіздік ережелерін сақтауға және күмәнді жағдай туындағанда 102-ге хабарласуға шақырамыз,-деді Атырау облысы ПД жедел уәкілі Расул Жолдас.

Сонымен қатар облыста мектептер мен колледждерде киберқауіпсіздік бойынша арнайы лекциялар өткізіліп, 20 мыңнан астам тұрғынды қамтыған ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілген.