Мәдениет және ақпарат министрлігі

Атырауда халықаралық жастар форумы өтті

Атырау қаласында креативті индустрия саласындағы диалог, мәдени алмасу және ынтымақтастық алаңына айналған «Saraishyq Upgrade 2025» халықаралық жастар форумы өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен, Атырау облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өтті.

Басқосуда панельдік пікірталастар, тақырыптық секциялар, шеберлік сабақтары өтті. Сонымен қатар кинематография, музыка, маркетинг, театр және сахналық өнер, хореография, IT және жасанды интеллект бағыттары бойынша жастар жобаларының байқауы ұйымдастырылды.

Жиынға Қазақстанның барлық өңірлерінен өкілдер және Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан делегаттар қатысып, барлығы 300-ге жуық адам жиналды.

Министрлік мәліметінше, «Saraishyq Upgrade 2025» форумы жастардың өзара халықаралық байланыстың жаңа форматтарына деген ерекше қызығушылығын көрсетті. Аталмыш іс-шара жастар дипломатиясын нығайтуға, креативті индустрияны дамытуға, мемлекетаралық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған маңызды қадам болды.