Жаңалықтар

Ғылыми жұмыстан зауыт ашуға дейін: Атырауда геосинтетика өндіретін хаб құрылды

Ғылыми жұмыстан зауыт ашуға дейін: Атырауда геосинтетика өндіретін хаб құрылды
Фото: Жеке мұрағаттан 27.09.2024 13:20 276

Атырауда АЭС құрылысында пайдаланатын полиэфирлі геосинтетикалық материал шығаратын өндіріс іске қосылды. Зауыттың бас директоры Азамат Асылбеков өңірдегі баламасы жоқ кәсіп жайлы айтып берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Азамат Асылбеков экономист маман, еңбек жолындағы өткені мен бүгінін осы салаға арнап келеді. Ол өндірісті қолға алмас бұрын бұл саланы бүге-шүгесіне дейін зерттеген маман.

Квазимемлекеттік салада шетелдік инвестиция тартумен айналыстым. Елордамызда Ұлттық компанияларда еңбек еттім. Жеке кәсіпкер ретінде өзімді машықтауға 2021 жылы бет бұрдым. Кәсібім жол құрылысы саласында материал өндіруге бағытталған. Осыған дейін Атырауда екі шағын цех ашқан едік. Осылайша, нарықта тәжірибе жинадық. Ал бұл зауыт ірі инвестицияны тартып отырған алғашқы жобамыз, - дейді ол.

Ғылыми жұмыстан зауыт ашуға дейін: Атырауда геосинтетика өндіретін хаб құрылды

Азамат Асылбеков білім алуды әлі де тоқтатпағанын жеткізді. Қазіргі таңда Мақсұт Нәрікбаев университетінде MBA және Швейцария университетінде дуальді оқып жатыр.

Осы бағыттағы зауыттың жұмысы менің дипломдық зерттеуім болды. Зауыттың бизнес жоспарын дипломдық жұмыс ретінде қорғадым. Бүге-шүгесіне дейін зерттеп, есебін жүргіздік. Ал зауытты іске қоспас бұрын нарықты 1,5 жыл зерттедік. Материалды шетелден әкеліп саттық. Осылай, нарықта сұраныс бар екеніне көз жеткіздік. Зауыттағы қондырғыларды Қытайдың 10 шақты өндірісінен таңдап жүріп, ең үздігін алдық. Өндірісте олар қалай жұмыс істейтінін Қытай, Ресей мен Өзбекстан зауыттарына барып зерттеп, өз көзімізбен көрдік. Яғни, бұл зауыт кластерлік тетік негізінде бір жерде геосинтетикалық материал жасайтын хаб болып отыр. Жобаның ерекшелігі пластик қайта өңделіп, оны пайдаға асырамыз. Бұл экологияға үлкен пайда әкеледі. Қазіргі шикізат ретіндегі полиэтилен, полипропилендерді дайын өнімге жеткізетін құрылыс салдық. Келесі жылы тағы бірқатар жобаны жүзеге асыру жоспарда бар,- дейді «Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры.

Азамат Асылбековтың айтуынша, кешен арнайы экономикалық аймақ аумағында орналасқан.

Ғылыми жұмыстан зауыт ашуға дейін: Атырауда геосинтетика өндіретін хаб құрылды

Зауыт жылына 15 млн м² өнім өндіруге қауқарлы. Бұл бастама құрылысшыларды жергілікті тауармен қамтуға мүмкіндік береді. Әрі отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттырады. Себебі Қазақстан полиэфирлі материалдар бойынша импортқа тәуелді. Еліміз жылына шамамен 10 млн шаршы метр тауарды Қытай, Түркия, Ресей сияқты елдерден сатып алады. Өнімге сұраныс жоғары. Қазірдің өзінде 3 млн м² -дің тауарына Ресей тарабымен экспорттық келісімшарт жасалды. Жалпы, компания шығарылатын өнімнің 40%-ын экспорттауды жоспарлап отыр. Қалғаны ішкі нарыққа жұмсалмақ. Келесі жылы кәсіпорын қосымша 4 млрд теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр. Бұл 160 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Осылайша, кәсіпорын Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан нарығына шығуды көздейді. Жобаға жұмсалған 1,4 млрд теңгенің 715 млн-ы жеңіл өнеркәсіпті қолдау бағдарламасы аясында «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан алынды, - дейді маман.

Компания келесі жылы шикізатпен өзін-өзі қамтуды жолға қоймақ.

Осы мақсатта «Жасыл Даму» бағдарламасы аясында Атырау қаласында штапельді талшық өндіру жобасын іске асыру үшін «Өндірісті дамыту қоры» акционерлік қоғамынан қаржы тартады. Жобаның жалпы құны 2 млрд теңге, 61 жаңа жұмыс орны ашылады. Бұл жобаны жүзеге асыру геотекстиль өндірісін дамытып қана қоймай, өңірдің экологиясын жақсартуға да үлес қосады. Себебі штапельді талшықтың шикізаты ретінде қайта өңделген пластикалық бөтелкелер пайдаланылады. Қазақстандағы штапельді талшық өндіретін алғашқы зауыттың іске қосылуы 2025 жылдың сәуіріне жоспарланып отыр, - дейді Асылбеков.

Зауыт директорының айтуынша, нысанда Президент айтқан жұмысшы мамандықтарға басымдық беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялау керегін айтқан еді.

Жобаның бірінші кезеңі 40 жергілікті тұрғынды еңбекпен қамтып отыр. Жұмысшылардың дені - жастар. Ұжымдағылардың орташа жасы 31 жасқа тең. Ең жас қызметкерлердің бірі — 20 жастағы Төлеген Ідірбаев. Ол «Бірінші жұмыс орны» мемлекеттік бағдарламасы аясында жұмысқа қабылданды. Осы мақсатта компания өңірдегі жұмысшы мамандықтарды әзірлейтін С.Мұқашев атындағы политтехникалық колледжбен келісімге отырды. Енді білім ордасының түлектері оқуын аяқтай сала, сұранысқа сай «Интаго Қазақстанға» жұмысқа орналасады, - дейді ол.

Төлеген Ідірбаевтың өзі алғашқы жұмыс орны жайлы әсерін айтып берді.

Политехникалық колледжді бітіргеннен кейін зауыттың «Бірінші жұмыс орны» бағдарламасы бойынша жұмысқа шақырту алдым. Колледжден 6 түлектің ішінен екеуіміз іріктеуден өттік. Кейін біз Қытай және Ресей инженерлерінен білім алдық. Келесі жылы шетелдік тағылымдамалардан өтеміз. Жаңа өндірістің бел ортасында болғаныма өте қуаныштымын. Жұмысшы мамандығын таңдағаныма мақтанамын. Колледжіме сапалы білім бергені үшін алғысымды білдіремін, - деді Ідірбаев.

Азамат асылбеков полиэфирлі геосинтетикалық материалының әзірленуі жайлы айтып берді.

Материалды алу үшін бірінші пластикті үгітеді. Кейін арнайы құрылғыға салып жұқа талшық алынады.  Инелі қондырғының көмегімен алынған жұқа талшық бір-біріне желімделеді. Бірақ мата сияқты тоқылмайды. Дайын материал суға төзімді. Мысалы, геотекстильді тас жолдардың астына төсейді. Себебі, ол асфальтті бүлінуден сақтап, топырақтың ыдырап кетпеуі үшін салынады.  Материал жолдардың негіздерін нығайту үшін пайдаланылады. Бұл жол жабынының шөгуі мен бұзылуын алдын алады.Теміржол төсенішін тұрақтандыру және эрозиядан қорғау үшін қызмет етеді.Іргетастың астына төсеп, жүктемені біркелкі таратуға және топырақтың жылжуын болдырмауға мүмкіндік береді.Дренаждық жүйелерде топырақтың шайылуын болдырмайды, - дейді «Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры.

Сонымен қатар атом электр станциялары құрылысында полиэфир геотекстилі инженерлік құрылымдардың сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру үшін пайдаланылады.

Ол топырақтың тұрақтылығы, дренаж, гидрооқшаулау және конструкцияларды нығайту сияқты мәселелерді шешуге көмектеседі. Полиэфир геотекстилінің АЭС-те қолданудың негізгі бағыттары реакторлар мен басқа құрылымдардың негіздері бар. Геотекстильді фундаменттік плиталардың астына төсейді, бұл жүктемелерді таратуға, топырақтың шөгуін болдырмауға және грунт суларының әсерінен қорғауға мүмкіндік береді. Гидрооқшаулау және дренаж радиоактивті қалдықтар қоймалары мен реактор залдарының айналасындағы дренаж жүйелерінде судың енуін болдырмау және грунт суларының тиімді кетуін қамтамасыз ету үшін қолданылады, бұл коррозия мен зақымдану қаупін азайтады.Жер астындағы коммуникацияларды қорғау материал жер астында жүргізілетін трубалар мен кабельдерді механикалық зақымданулардан және топырақтың қозғалысынан қорғайды.Жер толтыру дамбалары мен су резервуарларында  дамба мен реакторларды салқындату үшін пайдаланылатын су қоймалары сияқты грунттық конструкцияларды қорғау үшін қолданылады.Полиэфир геотекстилін АЭС-те пайдалану объектілердің беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етіп, шөгу, ылғалдың енуін болдырмайды, - дейді Азамат Асылбеков.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға