Жаңалықтар

Атырауда ер адам көршісінің атына заңсыз 6 несие рәсімдеген

Атырауда ер адам көршісінің атына заңсыз 6 несие рәсімдеген
Фото: © Polisia.kz 10.10.2023 17:20 1035

Атырау облысының тұрғыны көршісінің атына заңсыз 6 несие рәсімдеген, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Жылыой ауданының 69 жастағы тұрғыны жасырын шағын несие рәсімдеген және банк картасынан жасырын түрде ақша шешіп алған 30 жастағы көршісіне қатысты 23 шілде күні Жылыой аудандық полиция бөліміне арыз жазған.

Аудан тұрғынының арызы азаматтық сотқа жолданған, алайда шағымданушы оған қанағаттанбай, қылмыстық іс көтеруді талап еткен. Осы іс бойынша Жылыой аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Әділбек Елдеспаев көмек көрсетіп, 30 жастағы азаматшаға бұндай теріс қылық әрекеттің салдары мен себептерін түсіндірген. Нәтижесінде күдікті бір жыл бойы төленбеген несиені бір ай ішінде төлеген.

Менің несие тарихымда алты жабылмаған үлкен көлемде бір несие мен бес шағын несиелер болды. Бұл несиелерді 30 жастағы көршім менің жалғыз тұратынымды пайдаланып, менің сеніміме кіру арқылы алған. Мен де оны басында өз қызымдай көріп, көмектескен едім, алайда ол кейіннен несиелерді мен алмадым деп мойындамай әбден әбігерге түсірді. Осы жабылмаған несиелердің кесірінен мен өз зейнетақымды ала алмай қалдым. Осылайша, менің арызым бойынша Жылыой ауданы полиция бөлімінің анықтаушысы Әділбек Елдеспаев көмек көрсетіп, бір жыл бойына шешімі табылмаған мәселемді бір ай ішінде жәй ғана түсіндіру жұмыстары арқылы шешіп берді. Қазір электронды үкімет порталындағы несиелер тарихын қарасам нөл теңге. Осы ретте, Әділбек Елдеспаевқа үлкен алғыс білдіре отырып, әрі қарайда жұмысына табыс, абырой-бедел, сәттілік пен сенімді өрлеу серік болсын деп тілек білдіргім келеді. Осындай өз ісіне жауапкершілікпен қарайтын қызметкерге әрқашан қолдау көрсетіп, алғыс жариялау керек деп ойлаймын, – деп Жылыой ауданының тұрғыны өз ризашылығын жеткізді.

Айта кетейік, Әділбек Елдеспаев Жылыой аудандық полиция бөлімінің ең білікті мамандарының бірі. Үш тілді жетік меңгерген ол 2010-2014 жылдар аралығында “Болашақ” бағдарламасымен Ресей Федерациясында оқып келген. Бүгінде полиция саласында осындай сала мамандарының біліктілігі арқасында көп тұрғын күрмеулі мәселесін оңай шешеді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға