Атырауда балабақшалардың тәрбиеленушілері қазақтың ұлттық ойындарында жарысты
Атырауда №33 «Көркемай» балабақшасында «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы аясында «Тиімді тілдік орта» байқауы ұйымдастырылды.
Ұйымдастырушылар түрлі этнос өкілдері арасында қазақтың ойындарын ойнату арқылы қазақтың ұлттық құндылықтарын өскелең ұрпақтың бойына сіңіруді көздеген.
Балалар қазақ халқының ұлттық ойындары: асық ату, білек сынасу, арқан тартыс сияқты ойындарға қатысып, мәз-мейрам болды. Бұған қоса, балабақшалардың тәрбиешілері де ұлттық ойын сайысына белсене атсалысып, тоғызқұмалақ ойнады.
Жалпы шараға 5 балабақша бүлдіршіндері мен тәрбиешілері қатысты. Алдағы уақытта аталмыш шараны мектептер мен колледждерде ұйымдастыру жоспарлануда.
Аталмыш шара Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының және Атырау облысы əкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-нің қолдауымен ұйымдастырылды.