Атырауда 80-нен астам мұғалімге өтемақы төленді
Атырау қаласының прокуратурасы азаматтардың еңбек құқықтарын қорғау бойынша жүйелі жұмысын жалғастыруда. Жыл басынен бері 80-нен астам педагогтың конституциялық құқықтары қалпына келтіріліп, өтемақы төленді, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Жүргізілген талдау нәтижесінде білім беру ұйымдарының ұжымдық шарттарында зейнет жасына жеткен қызметкерлерге алдын ала хабардар ете отырып, бір лауазымдық жалақы мөлшерінде өтемақы төлеу қажеттігі анықталған. Алайда бірқатар мектептер мен балабақшаларда бұл талап орындалмаған.
Прокурорлық қадағалау актісі негізінде 11 миллион теңгеден астам өтемақы төленіп, қызметкерлердің құқықтары толық көлемде қалпына келтірілді. 33 лауазымды тұлға қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды,-делінген прокуратура мәліметінде.

