Өңірлік коммуникациялар қызметі

Атырауда 5 мыңнан астам бала күй орындады

Атырауда Ұлттық домбыра күні кең көлемде аталып өтті. Мәдение іс-шарада бес мыңнан астам бала күй тартты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Сұлтан Бейбарыс алаңында өткен мерекелік кеште  Дина Нұрпейісова атындағы Академиялық қазақ халық аспаптар оркестрі мен Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармония жанындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы «Нарын» оркестрі сахна төрінде өнер көрсетті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, игі шараның басты ерекшелігі — мемлекеттік шығармашылық тапсырыс аясында домбыра үйірмесіне қатысатын 5000-нан астам баланың бір мезетте күй тартуы. Бұл ерекше көрініс — Атыраудың өнерге деген ықыласы мен жас ұрпақтың дәстүрге деген құрметінің жарқын дәлелі.

Мерекелік кеште алдымен балалар орындауындағы “Нәр ағашы” күйі шертіліп, артынша қос оркестрдің сүйемелдеуімен бас дирижер Болат Долдашовтың жетекшілігімен “Балбырауын” күйі күмбірледі. Жеке орындаушылар мен би ансамбльдерінің өнері де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.