Атырауда 135 мыңға жуық бала жазғы демалыспен қамтылады
Биыл Атырау облысында 134 812 баланы жазғы демалыспен қамту жоспарлануда. Өңірдегі білім беру ұйымдары жанынан ашылатын 727 лагерьде 120 мыңға жуық бала демалады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Одан бөлек 3 сауықтыру лагері жұмыс істемек: РФ Железноводск қаласындағы «Қазақстан Геологі» емдеу пансионатында арнайы санаттағы отбасылардан шыққан 1530 баланың демалысы ұйымдастырылса, Индер және Махамбет аудандарында қамтылатын оқушылардың жалпы саны 1500-ге жуықтайды.
Әлеуметтік осал топтағы балалар — ерекше назарда. Жетім, ата-ана қамқорлығысыз қалған, арнайы санаттағы отбасылардан шыққан, құқық қорғау органдарының есебінде тұрған және қолайсыз отбасылардан шыққан балалар жазғы демалыспен толықтай қамтылмақ. Сонымен қатар жаз мезгілінде облыстағы барлық музей арнайы санаттағы балалар үшін тегін қызмет көрсетеді. Республикалық бюджет есебінен 4 лагерьге 608 бала және 100-ден астам балаға жергілікті бюджет тарапынан еліміздің сакральды, тарихи, көрікті жерлеріне экскурсияны ұйымдастыру жоспарлануда,- деді облыстық білім беру басқармасының өкілі Қадыржан Сапаров.
Биылғы маусымға бірнеше жаңа жобаны жүзеге асырау жоспарланған. Олардың қатарында жұмысшы мамандықтарға арналған «TECH CAMP», жасанды интеллекті үйретуге бағытталған «IT camp Polytech», табиғатты қорғау мақсатындағы «ЭКОПАТРУЛЬ», сондай-ақ туған өлкенің туризмін насихаттайтын «ГИД 167+» секілді лагерьлер бар.
Қазіргі кезде санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу мақсатында барлық маусымдық лагерьде абаттандыру және ағымдық жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

