ашық дереккөз

Атырау облысындағы қанды қылмыстың алдын ала жоспарланғаны анықталды

Атырау облысында бір отбасының жоғалып кетуіне қатысты ауыр қылмыс әшкереленді. Жангелдин ауылында тұратын төрт адам бірнеше ай бойы хабарсыз кеткеннен кейін олардың бәрінің де қаза тапқаны анықталды.

Полицияға 2025 жылдың желтоқсан айының соңында Атырау қаласының тұрғыны жүгінген. Ол ағасы мен оның отбасы қараша айынан бері байланысқа шықпай, қайда екені белгісіз болып отырғанын айтқан. Хабар түскен соң 66 жастағы ер адам, 64 жастағы әйел және олардың 32 жастағы ұлы мен 35 жастағы қызы із-түзсіз жоғалғандар ретінде ресми түрде іздеуге жарияланды.

Тергеу барысында жедел-іздестіру тобы құрылып, ауқымды жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде қылмыстың ізі табылып, отбасы мүшелерінің өлтірілгені белгілі болды. ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтің айтуынша, марқұмдардың мәйіттері әртүрлі жерлерге көмілген күйде табылған.

Алғашқы маңызды дерек 6 қаңтар күні анықталған. Тергеу әрекеттері кезінде бір үйдің шаруашылық құрылысының ішінен отбасының әкесі мен анасының мәйіттері табылды. Осыдан кейін іс адам өлтіру бабы бойынша қайта сараланып, қалған екі адамның тағдырын анықтау жұмыстары жалғастырылды.

Күдікке ілінген негізгі тұлға – осы отбасының бұрынғы күйеу баласы. 29 жастағы ер адам халықаралық іздеуге жарияланған. Онымен бірге марқұмдардың кіші қызы да іздеу тізіміне енгізілген. Бұрын ол күдіктімен некеде болған.

Қазақстан полициясы шетелдік әріптестерімен бірлесіп жүргізген жедел шаралардың нәтижесінде күдікті Индонезия аумағындағы аралдардың бірінде ұсталды.

Күні кеше Сұлтан Сәрсемалиев пен оның әйелі Ақбаян Қазақстанға жеткізіліп, уақытша ұстау изоляторына қамалды.

@zhan_moldashova Сұлтан Сәрсемалиев (Interpol Red Notice) және Ақбаян Мұқанғалиева (Yellow Notice) Ломбок аралында қолға түсті. Оларды Қазақстан билігі адам өлтіру ісіне қатысы бар деген күдікпен іздеген. Тексеруден кейін күдіктілер Индонезия полициясының арнайы тобының бақылауымен Балиден Алматыға жеткізіліп, 8 наурыз күні Алматы халықаралық әуежайында Қазақстан полициясына тапсырылды. Бұл операция Индонезия құқық қорғау органдары мен INTERPOL арқылы халықаралық полициялардың тиімді ынтымақтастығын көрсетті. #жангелдинтрагедиясы #жанатмолдашова ♬ оригинальный звук - Жанат МОЛДАШОВА

Тергеу барысында күдікті қылмысын мойындап, оқиғаның қалай болғанын айтып берген. Оның көрсетуімен жүргізілген қосымша тексерулер кезінде Атырау қаласындағы үй ауласынан бұрын хабарсыз кеткен ұл мен қыздың мәйіттері табылды.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қылмысқа ұзақ уақыт бойы жалғасқан тұрмыстық жанжалдар себеп болған. Қазіргі уақытта іс екі немесе одан да көп адамды өлтіру бабы бойынша тергеліп жатыр.

Сонымен қатар марқұмдардың кіші қызының бұл оқиғаға қатысы бар-жоғы да тексерілуде. Оның психикалық жағдайын анықтау үшін сот-психиатриялық сараптама тағайындалған. Құқық қорғау органдары тергеу жұмыстары жалғасып жатқанын және істің Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында екенін хабарлады.