Атырау облысында жол опырылып түсті
Атырау-Индер тасжолында жол опырылып, көліктер ойыққа түсіп кетті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Оқиға 17 мамырда таңғы сағат 07.00 шамасында 17-ауыл тұсында болған. Салдарынан ГАЗель мен жеңіл автокөлік жол ойығына түсіп кетті. ГАЗель авткөлігінен жәшіктер құлап, жеміс-жидектер жол бойына төгілді. Жүргізушісі ойықтан көлігін өздігінен шығара алмады.
Талдыкөл ауылын газбен қамтамасыз етіп тұрған құбырдың айналасына өр суы таралып, салдарынан тасжол опырылып кетті. Зардап шеккендер жоқ. Газ құбырының бүлінуі, газ тарау деректері тіркелген жоқ. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы мамандары жедел қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. 4 арнайы техника, 15 маман жұмылдырылды. Жол бүгін, яғни, 17 мамыр кешкі уақытқа дейін толық қалпына келтіріледі, - деді Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов.
Әкімдік мәліметінше, 27-28 шақырым аралығында автокөлік жүргізушілеріне айналма жолмен жүруге мүмкіндік бар.