Жаңалықтар

Атырау облысында ерлі-зайыпты саумалды табыс көзіне айналдырып отыр

Енемнің ішкі құрылысы ауырып бастаған соң сол кісінің денсаулығы үшін бие сауып бастадым.
Атырау облысында ерлі-зайыпты саумалды табыс көзіне айналдырып отыр
04.10.2022 02:52 1610

Сарытоғайлық Талап Қажимов пен Зәмзәгүл Жаңабаева 5 жылдан бері жылқы шаруашылығына бет бұрған. Қазір саумал сатуды отбасылық кәсіпке айналдырып, аудан халқының алғысына бөленіп келеді, деп хабарлайды EL.KZ Махамбет ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

1998-2008 жылдар аралығында Теңіз кен орнында монтаждаушы болып жұмыс істедім. Кейін жұмысты қойып, жылқы шаруашылығын қолға алдым. Түбегейлі көңіл бөлгенімнің нәтижесінде бір үйірді екі үйірге жеткіздім. Қазір үш сауын биені қолда ұстап отырмыз. Жылқыға қандай азық беру керегі туралы дұрыс білмей тұрып ат баптау, мал басын көбейту мүмкін емес. Бір қарағанда шөп берумен жұмыс біткен сияқты көрінуі мүмкін. Тоя жесін деп алдына үйіп-төкпей, оларға қажетті азықты өлшеп, есептеп беру керек. Жылқы үшін ең табиғи азық – шөп пен пішен. Жаңа орылған шөп болса тіпті нәрлене түседі. Жануар баптауыңа қарай сүт береді, - деді Т.Қажимов.

Саумал мен қымыз сатуды отбасы 2017 жылы бастаған. Қ.Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінде биология пәнінен сабақ беретін Зәмзәгүл Жаңабаева алғашында саумал сату туралы мүлде ойламағандарын айтады.  

Енемнің ішкі құрылысы ауырып бастаған соң сол кісінің денсаулығы үшін бие сауып бастадым. Күнделікті үзбей ішкеннен кейін денсаулығы жақсарды. Содан бері 5 жыл бойына үзбей сауып келемін, жүздеген тұрақты клиент жинадық. Негізінен мамыр айынан бастап, қазанға дейін сауамын. Бір бие күніне 6-7 сауылады. Бір сауғанда 1 литр сүт береді.  Саумалды әр адам диагнозы мен тәбетіне қарай әртүрлі мөлшерде ішеді. Қазір сұраныстың көбі қаладан болып тұр, деді З.Жаңабаева.

Отбасы ауылшаруашылығына  мемлекеттен көрсетіліп жатқан қолдауды пайдалана отырып, болашақта үлкен бизнес ашуды қолға алмақ.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға