Eldala

Атырау облысында белгісіз аурудан мал қырыла бастады

Атырау облысының Қызылқоға ауданына қарасты Қарабау ауылында ірі қараның жұмбақ жағдайда қырылуы жергілікті жұртты алаңдатып отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Тамыз айынан бері ауылда 21 бас сиырдың өлімі тіркелген. Тұрғындар мал дәрігерлік қызметтердің әрекеті баяу екенін айтып, жауапты органдардан мәселені жедел шешуді талап етуде. Atyrau.today мәліметінше, ауыл ішінде үрей күшейген, өйткені індеттің нақты себебі әлі анықталған жоқ.

Алдын ала болжам бойынша, малдың өліміне күйдіргі немесе пастереллёз секілді қауіпті жұқпалы аурулар себеп болуы мүмкін. Қырылған жануарлар арнайы санитарлық тәртіпке сай жойылып, оқиға орындары толықтай дезинфекциядан өткізілген. Зертханалық талдау үшін патологиялық сынамалар облыстық ветеринариялық зертханаға жолданды.

Аудандық ветстанцияның директоры Жанібек Кенжин жағдайдың күн сайын бақылауда екенін жеткізді:

Бүгін тағы бір малдың өлімі туралы хабар алдық. Қажетті сынамалар алынды, ертең зертханаға жібереміз. Нақты диагноз зертханалық нәтижеден кейін белгілі болады, - деді ол.

Қазір ауылда мал иелеріне алдын алу шараларын күшейту, ауру белгілері байқалған жағдайда дереу ветеринар мамандарға хабарласу жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жергілікті билік өкілдері зертханалық қорытынды шыққан соң қосымша шаралар қабылданатынын мәлімдеді.