Жаңалықтар

Атырау мұнай өңдеу зауытында тексеру жұмыстары басталды

Атырау мұнай өңдеу зауытында тексеру жұмыстары басталды
Фото: Атырау мұнай өңдеу зауытының баспасөз қызметі 01.10.2023 22:50 661

1 қазанда өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы заңнама талаптарына және ҚР Энергетика министрлігі бекіткен кестеге сәйкес Атырау мұнай өңдеу зауытында алдын ала жоспарланған тексеру жұмыстары басталды, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Зауыттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, алдын ала жоспарланған тексеру жұмыстарын жүргізу – жабдықтардың тұрақты жұмыс жағдайын сақтап, өндірістің тиімділігін арттыруға арналған жыл сайын іске асырылатын шара. Тексеру жұмыстары кезінде технологиялық жабдықтар мен құбырларды техникалық куәландыру, диагностика және өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасынан өткізу секілді іс-шаралар кешені жоспарланған. Аппараттарды бумен тазалау процесі жабық жүйеде өтеді, бұл бу мен көмірсутек қоспасының атмосфераға шығарылуын болдырмайды. Сұйықтыққа айналған бу қоспасы дренаджық жүйеге жіберіледі. Атырау қаласының экологиялық климатын жақсартуға мүдделі кәсіпорын ретінде «АМӨЗ» ЖШС зиянды заттардың атмосфераға таралуын мейлінше азайтуға қажетті барлық шараларды қабылдайды.
 
Алдын ала жоспарланған тексеру жұмыстарын жүргізуге 1 600 жұмысшы мен 116 арнайы техника жұмылдырылмақ. Жоспарланған жұмыстың жалпы еңбек сыйымдылығы 1 млн адам/сағ асады. Технологиялық қондырғылар тоқтатылған кезде реакторлық жабдықтардағы катализаторлар ауыстырылады. Барлық жұмыстар Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы «Азаматтық қорғау туралы» Заңының талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Бұл ретте мұнай өнімдерінің негізгі түрлерін өндіру және жөнелту процестері Энергетика министрлігімен келісілген жоспарға сәйкес іске асырылады. Сондай-ақ ҚМГ-ның өзге де мұнай өңдеу зауыттарында жанар-жағармайдың жекелеген түрлерін өндіру көлемін арттыру жоспарланған. Аталған шаралар бірінші кезекте экономиканың әлеуметтік маңызы бар секторларының қажеттіліктерін қамтамасыз ету, оның ішінде күзгі дала жұмыстары кезінде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге қажетті дизель отынын жөнелтіп, сондай-ақ ішкі нарықтағы жағдайды тұрақтандыруға бағытталған.

Алдын ала жоспарланған тексеру жұмыстарының басында зауыт резервуарларында жинақталған мұнай өнімдерінің қоры: 36 мың тонна автобензин, 32 мың тонна дизель отыны, 7,4 мың тонна әуе отынын құрайды. Қазан айында қосымша 16 мың тонна автобензин, 28 мың тонна дизель отынын өндіру жоспарланған.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға