Артем Чурсинов

«Атымды ауыстырдым»: қазақша комплекстен арылу оңай ма?

03.02.2026 09:10

Қазір есімін ауыстырып жатқан жастарды жиі байқаймыз. Әлеуметтік желіде біразы атың ұнамаса, ауыстырып, «қазақша комплекстен» арылу керегін айтады. Қазақша комплекс дейтініміз – ырымдап қызына ұлдың есімін беру. Расымен, кез келген нәрсені шаблонға салып қою дұрыс па?

Кейіпкеріміз Мадина Бақытқызының әуелдегі аты – Амангелді. 16 жасқа толғанда есімін Мадина деп ауыстырған. Ата-анасы қызының таңдауына қуанып, батасын берген екен.

Ата-анам студент  кезінде бір топта оқып, сосын үйленген. Әкемнің соғысқа қатысқан батыр жездесі болған. Үйленген соң екеуі сол үйге қонаққа барған. Сонда кемпірі:«аман-есен үйлеріңе жетіп, босансаң, атын Амангелді қой», – деген екен. Алайда әке-шешем қыз туылады деп ойламаған.  Үлкен кісі айтқан соң, ештеңеге қарамай Амангелді деп қойған, – дейді ол.

Бұл бірнеше жыл бұрын болған оқиға. Қазір Мадинаның жұбайы, үш баласы бар. Бір қызығы, күйеуі де атын өзгерткен екен. Бірақ өзі емес, туысқаны туу туралы куәлікті қайта жаздырып алған.

Күйеуімнің аты Досжан болған. Содан мұғалім ағасы Моңғолиядан Қазақстанға көш басталғанын, елде тарихи жаңалық болып жатқанын айтып,  атын Жаңалыққа өзгерткен, – дейді ол.

Қоғамда балаға ат қоюға келгенде екіұдай пікір бар. Бірі, жоғарыдағы кейіпкеріміздің оқиғасындай, үлкендердің айтуымен, ырымдап қояды. Екіншілері заман талабына сай, трендтегі есімді беруге құмар. Әсіресе, араб тілінен енген, қосарлама ат (Айша-Бегім, Қасым-Сұлтан, т.б.) қою сәнде. Осы ат қоюға қатысты әлеуметтік желіде түрлі талқы жүреді. Соның бірі – қыздың артынан  «ұл ерсін» деп ырымдайды. Сол үшін қыз-келіншектер балаға Ұлжалғас, Ұлбосын, Ұлым, Ұлдар, Ұлданай, Ұлдарханым, Ұлбике, Ақтөре, Қуанышкүл сияқты есім қоюға қарсы. Олар  ырымға емес,  қызға «ұл»  буынынан басталатын есім беруге қарсы. Сол үшін жастар арасында осы үрдіске нүкте қою үшін атын ауыстырып жатыр. Мәселен, жақында Ұлданай есімді ару  атын Дана деп өзгерткен. Еркінгүл – Ерке, Сайлаугүл – Сая, Бекзат – Бек-Айша деп ауыстырған. Оған қоса, қыз балалар ғана емес, ұлдар да есімінен қысылатын көрінеді.

Ербол Зәкен есімді Қарағанды тұрғыны досының әкесінің аты Қызбала болғанын айтады. Осакаровка кентінде Аққыз, Қарақыз есімді егіз жігіттер бар екен. Одан бөлек, Жансая, Назым, Жаннұр, Арай және тағы басқа унисекс есімдер бар.

«Ұнамайтын нәрсені ауыстырғанның айыбы жоқ» 

Бұрын есімім – Ақнұр Шайдрахмантегі болды. Жалпы, атымды әкем қойған. Ешкім аян бермеген, қызды аңсағаннан қойған жоқ. Ақпанда жауған ақшақарға күн нұры шағылысып, ерекше көрік берген екен. Соған қарап Ақнұр деп атапты. 17 жасқа толғанша Орал қаласында тұрдым. Есіміме қатысты буллинг көргем жоқ. Кейін Ақтөбеге оқуға түскен соң, өзімді жайсыз сезіне бастадым. Көбі: «қыздың есімі ғой, фамилияң не деген ұзақ?» – дейтін болды. Өзім де келе-келе қиындау екенін түсіндім. Іс-шараға барғанда, сәлемдеме алғанда Ақнұр екеніме сенбей, мені алдап тұр деп ойлайтын. Өзім – дәрігермін. Қабылдауыма келетін пациенттер де әуелде мені әйел деп топшылады, – дейді ол.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Arnur Kairatuly (@city7ens)

Сөйтіп, кейіпкеріміз Ақнұр есімі 99% қыздарға қойылатынын зерттеп, 2024 жылы атын ауыстыруға бел байлаған. Алғашында анасына айтқанымен, қарсы болған екен.

Иә, анам бастапқыда қарсы шықты, жылады. Мен де бұл таңдауым екенін айтып, райымнан қайтпайтынымды жеткіздім. Атымды ғана емес, фамилиямды да ауыстырдым. Арнұр Қайратұлы болып шыға келдім. Туу туралы куәліктен бастап, бәрін өзгерттім. Істі қолға алсаңыз, ары қарай жеңіл болады. Имамнан да сұрадым. Ол азан шақырмайтынын, бірақ менің шын жүректен ниет етуім керегін ескертті. Қажеттілік үшін есімімді ауыстырып жатқанымды түсінді. Өзім атымды ауыстырған соң, басқаларға да жол көрсететін болдым. Меніңше, өзіңе ұнамайтын нәрсені ауыстырғанның айыбы жоқ. 17 жастағы балдызым бар, үйдің бесінші қызы. Атын артынан ұл ерсін деп Ұлболсын қойған. Соны енемнің қатал мінезіне қарамастан, сөйлесіп, көндірдік. Қазір есімін Асу деп ауыстырды, – дейді Арнұр Қайратұлы.

Ал Ұлдар Тәңірбергенқызы есіміне дән риза. Ол да – бір үйдің бесінші қызы. Артынан ұл ермеген.

Атымды әкем қойған. Мен де басында атымды айтудан ұялып, қысылатынмын. Қазір үйреніп кеттім. Қайта осындай ерекше есімім барына мақтанамын. Есейген соң, ортаң да өзгереді, – дейді ол.

Сондай-ақ Threads қолданушылары есімді ырымдап емес, ойланып қою керегін жазған.  Адамның есімі болмысына әсер етеді дейтіні тағы бар.     

«Атты ауыстыру – саналы, батыл қадам» 

Адам өмірге келгенде оны алға жетелейтін, есімімен мақтанатындай  ат  қою керек. Өкінішке қарай, бізде ұл күткеніне, бала тоқтамай қойғанына байланысты ырымдап қоятын есімдер бар.  Бұл есімдер бала өскен соң, тұлға ретінде ішкі әлеміне үңілген кезде түрлі сұрақ туғызуы мүмкін. Өйткені әр адамның дүниетанымы, қабылдауы әртүрлі. Бірі –  ырымдап қойған атты қабылдауы мүмкін, ендігісінде «мені өтіп кететін көпір ретінде, өмірді өзгертетін құрал ретінде  пайдаланған шығар» деген  өкпе  пайда болуы мүмкін. Көбіне, Ұлжалғас, Ұлбосын және тағы басқа есімі бар балалар «мені  әке-шешем қабылдаған  жоқ. Басқа нәрсеге үміттеніп, менің атымды қойды» деп ойлайды. Өзіне ұнайтын, ерекше әсер қалдырған есімді алуға  тырысады, - дейді психолог Балабек Сақтағанов. 

Фото: Балабек Кеніштайұлының жеке мұрағатынан

Психологтың айтуынша, атына іштей риза болмау адамның өміріне тікелей әсер етеді. 

Мұндай бала 16 жасқа дейін ішкі қарама-қайшылықпен күреседі. Атын атағанда іштей риза болмайды, мектепте, қоғамда, үйде есімін ұнатпайды. Балалардың күлкі қылатыны тағы бар. Мұның барлығы психологиялық тұрғыда адамға траума  болуы мүмкін. Сондықтан атын ауыстыру –  адамның  жаңа өмір бастап, жаңа сценарийге, жаңа деңгейге өтуі. Меніңше, атты ауыстыру – саналы, батыл қадам. Атын атап шақырғандағы жағымды эмоция оған қоғамдағы рөлін, жолын табуға көмектеседі, - дейді психолог. 

Балабек Сақтағанов есімін өзгертіп жатқан адамдарды қолдайды. Бұл жаңа өзгерістердің бастауы екенін айтады.

Айта кетерлігі, өзінің атын өзгертуі –  өзін өзі қолға алу. Тұлғаның өзін-өзін зерттеп, тануы. Адамда саналы және бейсаналы түрде түрде жүретін процесс. Сондықтан өзіне ұнайтын есімді таңдап жатса, өзіне өзі ат қою арқылы –   қоғамдағы  рөлін анықтап жатқаны. Өйткені атын атаған кезде іштей мақтаныш сезімі пайда болады. Сол үшін ат ауыстыру адам бойындағы жаңа энергияны ашады, - дейді ол.          

Аты-жөнді қалай өзгертеміз? 

Аты-жөнді ауыстыру сіз бен біз ойлағандай оңай емес. Өйткені белгілі бір себеппен ғана есімді өзгертуге болады. Өтініш берушінің жасы міндетті түрде 16 жастан асуы керек.

Алдымен, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-қа барып, өтініш толтырасыз. Одан бөлек:

  • Жеке басын куәландыратын құжат;
  • Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде берілген азаматтық хал актілерін тіркеу туралы куәліктер;
  • Көрсетілетін қызметті алушының 3*4 см көлеміндегі екі фотосуреті;
  • ЭҮТШ арқылы төленген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік баждың бюджетке төленгенін растайтын құжат;
  • Қажет болған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері көрсетілетін қызметті алушының атын, әкесінің атын, тегін ауыстыруды сұраған себептерді растайтын қосымша құжаттарды талап етеді.
Фото: Артем Чурсинов

Тегін, атын және әкесінің атын ауыстыру қызметі ақылы. Мемлекеттік баж көлемі – 2 АЕК. 2026 жылғы мөлшермен айтатын болсақ, 8650 теңге теңге.  Өтінішіңізді тіркеп, тиісті 30 күнтізбе күнде өңделіп, қаралады. Аталған мерзім ішінде сізге оң немесе теріс жауап келеді. Егер өтінішіңіз бойынша өзгертуге тыйым салынса, сотқа жүгінуіңізге болады.

Жеке басты куәландыратын құжаттан бөлек төмендегі құжаттарды да ауыстырасыз:

  • Төлқұжат;
  • Мекенжай мәліметтері (жеке куәлікті алған кезде бірге істеледі);
  • Жүргізуші куәлігі;
  • Зейнетақы келісімшарты

Ал мектеп бітіргендегі куәлік, дипломдарды ауыстырудың қажеті жоқ. Керек болған жағдайда тегін, атын немесе әкесінің атын ауыстыру туралы анықтаманы көрсетуге болады.

Айта кетерлігі, егер жеке куәлікті ауыстырған соң, 30 күн ішінде қалған құжаттарды ауыстырмасаңыз, әкімшілік айыппұл салынады. Оның көлемі – 5 АЕК (2026 жылғы мөлшермен алғанда 21625 теңге).