Жаңалықтар

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Елордадағы мәдени шаралар
24.06.2016 09:41 4904

Бүгін және ертең Астана опера театрынының үлкен залында «Париж Құдай Анасының соборы» балетінің премьерасы өтеді.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Кеше балеттің тұсаукесеріне арналған баспасөз мәслихатында журналистер  премьераға дайындық барысы туралы егжей-тегжейлі ақпаратқа қанықты. Баспасөз мәслихатына Астана опера театрының директоры Төлеубек Әлпиев, қоюшы балетмейстер Луиджи Бонино (Италия), балеттік труппаның көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова, балеттік труппаның директоры Тұрсынбек Нұрқалиев, қоюшы балетмейстердің ассистенті Джиллиан Виттингем (Ұлыбритания), костюмдерді жаңартушы суретші Филипп Бино (Франция), декорацияларды жаңартушы суретші, жарық суретшісі Жан-Мишель Дезире (Франция) қатысты.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Астана опера театрының директоры Төлеубек Әлпиев Франциядағы «Ролан Пети балеттері» қорынан келген мамандар Астана опера театры әртістерінің кәсіби мүмкіндіктерін жоғары бағалағанын айтты.

«Біз осы уақытқа дейін театр сахнасында Чайковский сияқты танымал авторлардың әлемге әйгілі шығармаларын ешқандай рұқсатсыз қойып келдік. Өйткені, олар классикалық туынды боп саналады. Ал, «Париж Құдай Анасының соборы» балеті осыдан 65 жыл бұрын Францияда қойылған. Қазір бұл туындыны қою құқығы «Ролан Пети балеттері» қорына тиесілі. Аталған қордың өкілдері қазақстандық әртістердің шеберлік деңгейін көрген соң, аты аңызға айналған балетті Астана опера театрында қоюға эксклюзивті құқық берді. Бұл құқықты алуға театрымыздағы балеттік труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова көп еңбек сіңірді.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

«Париж Құдай Анасының соборы» сияқты спектакльдер бізге ауадай қажет. Біз тек «Жизель», «Баядеркамен» шектелмей, жаңа заманға сай балеттер қоюға тиіспіз. Алдағы уақытта ұлыбританиялық Макмиллан балетімен келісім жасамақшымыз. Сонымен қатар, ұлттық балетті де назардан тыс қалдырмаймыз. Тілес Қажығалиевтің, Серік Еркімбековтің шығармаларын сахнаға алып шығамыз деп отырмыз.

Ал, «Париж Құдай Анасының соборы» туралы айтар болсам, оны көрермен бірден түсінбеуі мүмкін. Бұл – заңдылық. Спектакльдің басты тақырыбы  – махаббат пен кек» деді Төлеубек Әлпиев.

Ал, балеттік труппаның жетекшісі Алтынай Асылмұратова спектакльді дайындау жас театр ұжымына оңай соқпағанын айтады.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

«Ролан Пети  – XX ғасырдағы заманауи балеттің классигі. Оның балетті қою стилі де, сахналық костюмдері де ерекше. Батыста өнер саласының өкілдері ата-бабасынан келе жатқан мәдени мұраны сақтауға қатты көңіл бөледі. Сондықтан, «Ролан Пети балеттері» қоры астаналық театр ұжымының дайындық жұмысын бастан-аяқ қадағалап, қойылымның түпнұсқадан ауытқып кетпеуіне барынша мән берді. Балетті бір жарым айда дайындап шығардық» дейді Алтынай Асылмұратова.

Расымен, әйгілі балеттің осыдан 65 жыл бұрын қойылған түпнұсқасынан ауытқымауы – оның басты ерекшелігі. Шетелден арнайы шақырылған мамандар жұмыс барысында әрбір детальға ерекше мән берді. Мәселен, костюмдерді жаңартушы суретші Филипп Бино астаналық театрдың әртістеріне костюм тігерде XX ғасырдың танымал бишілері Рудольф Нуреев, Элеонора Аббаньято, Ноэлла Понтуалар киген сахналық киімді арнайы алып келген. Ал, бұл киімдер әлемге әйгілі кутюрье Ив Сен-Лоранның қолынан шыққан. Балетте Квазимодо партиясын орындаған Рудольф Нуреевтің костюмінің  қырық жылдан астам тарихы бар.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Филипп Бино әртістерге киім тіккенде оларды өткен ғасырда Париж операсының сахнасында қойылған әйгілі балеттегі костюмдерге барынша ұқсатуға тырысқанын айтты. Осы ретте «Астана Опера» тігін цехының шеберлері үлкен жұмыс атқарды. Олар 118 әйелдерге арналған, 116 ерлерге арналған, жалпы саны 234 киім үлгісін дайындап шығарды. Қойылымның бірінші бөлімінде әртістер сахнаға ұлғайтылған пропорциялы қалпақ, жеңі және басқа да бөлшектері ерекше киім үлгілерімен шығады. Соттардың, әйелдер мен ерлердің, жендеттердің бейнесіндегі әртістер ортағасырлық дәуірдің ерекшелігін, стилін көрсетіп сахнадан жүріп өтеді.  «Астана Опера» тігін цехының меңгерушісі Зәбира Ахметалиеваның айтуынша, киімдерді тігу барысындағы ерекшелік – 50 жыл бұрын қолданылған пішу технологиясының пайдаланылғандығы.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Спектакльде Эсмеральданың партиясын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Мәдина Баспаева мен халықаралық байқаулардың жеңімпазы Әйгерім Бекетаева орындайды. Ал, Квазимодо рөлі ҚР еңбек сіңірген қайраткері Рүстем Сейітбеков пен халықаралық байқаулар жеңімпазы Бақтияр Адамжанға бұйырды. Фроллоны Серік Нақысбеков пен Ғазиз Рысқұлов, Фебті Арман Оразов пен ҚР еңбек сіңірген қайраткері Жандос Әубәкіров ойнайды.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

«Бұл партияны орындау үшін мен көп тер төктім. Луиджи Бонино хореографияның барлық қыр-сырын егжей-тегжейлі айтып та, көрсетіп те берді. Дайындықтың бірнеше кезеңінен өттік, техникалық ерекшеліктерді меңгеріп, көркемдік образда жұмыс жасадық. Репетиция балет залынан сахнаға ауысқанда, барлық әртістер өз кейіпкерін толыққанды аша білуі керек. Пластикасы үйреншікті болмағандықтан, бәрімізге қиындық тудырды. Менің кәсіби қоржынымда басқа да рөлдер көп, бірақ мұндай партияны алғаш рет орындаймын. Квазимодоның физикалық кемістігіне қарамастан, мен оның жанының тазалығын көрсете білуім керек. Алғашында дін қызметкері Клод Фроллоға адал болған кейіпкерім, кейін Эсмеральданың арқасында көзі ашылып, өзге тамаша әлемге тап болады да, қоңыраушы басқа адамға айналады. Мұндай балетті, мұндай партияны тек армандауға болады» дейді Рүстем Сейітбеков.Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

"Париж Құдай Анасының соборы" балетіндегі мінсіз классикалық бидің әсемдігінде өткір гротеск, қанық заманауи пластика басым. Үлкен трагедиялық спектакльде ащы шындық пен ауыр қиял сәтті үйлескен. Жарқыраған хореографиялық көріністер аталған кейіпкерлер арасындағы трагедиялық оқиғаны баяндайды. Драма жасамаған қылмысы үшін өлім жазасына кесілетін сұлу бойжеткеннің өмірін баяндайды. Алайда түбінде әділеттілік орнап, жауыздық жазаланады.

Аты аңызға айналған балет Астанаға жетті

Оқиға желісі 1482 жылы Парижде өрбиді. Спектакльдің негізгі төрт кейіпкері – бүкір қоңыраушы Квазимодо, сұлу Эсмеральда, дін қызметкері Клод Фролло және капитан Феб.

Либретто авторы әрі балетмейстері – Ролан Пети;

Сценография – Рене Аллио;

Костюмдер авторы – Ив Сен-Лоран;

Хореографиясын жаңартқан – Луиджи Бонино;

Балет труппасының көркемдік жетекшісі – Алтынай Асылмұратова;

Ассистенті – Джиллиан Виттингем;

Қоюшы-дирижер – Арман Оразғалиев.

Қымбатты оқырман, «Париж Құдай Анасының соборы» балетінің премьерасы бүгін сағат 19-00-де, ертең 18-00-де басталады.


Роза СЕКСЕНБАЙҚЫЗЫ

Суреттер: Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ, Жандос КОКУМБАЕВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға