Коллаж El.kz

Аттың құлағында ойнайтын қазақ жігіті Қытай циркінде өнер көрсетіп жүр

Отандасымыз Қанағат Қанатұлы Қытайдың цирк сахнасында ат үстінде өнер көрсетіп, ең қауіпті трюктерді жасайды. Бала кезінде аттан құлаған ол бүгінде өз қорқынышын жеңіп, көрермендерді таңғалдырумен қатар, жастарға үлгі болып жүр. El.kz интернет порталының тілшісі цирк әртісін сөзге тартып, әңгімелесті.

Қанағаттың айтуынша, ат үстіндегі өнерге деген қызығушылығы 2019-2020 жылдары қайта оянған. Өзі Алматы облысы, Райымбек ауданындағы (қазіргі Кеген ауданы) Құрметі ауылында дүниеге келген.

Төрт-бес жасымнан бастап ат үстінде өстім. Дегенмен бес жасымда аттан құлап, қатты жарақат алғаннан кейін біраз уақыт жылқыдан алыстап қалдым. Сол қорқыныш ұзақ жылдар бойы бойымда сақталды. Бірақ жігіт жасына жеткен кезде бала күнгі қызығушылығым қайта оянып, атпен қайта жақындай бастадым, – дейді цирк әртісі.

Цирк әртісі балалық шағында актер болғысы келгенін айтады.

жеке мұрағат

Бала кезімде кино және театр актері болуды қатты армандайтынмын, – деді.

Оның әулетінде цирк өнерімен немесе ат спортын кәсіби деңгейде меңгерген адамдар болмаған.

Отбасымызда бұл жолды алғаш болып мен бастадым, – дейді ол.

Ат спортына бет бұрған кезде ата-анасы оның бұл шешімін бірден қолдамаған. Қауіпті спорт түрі болғандықтан, денсаулығына алаңдап, қарсы болғанын жасырмады.

Бастапқыда ата-анам қатты уайымдайтын, өйткені ат үстіндегі трюктер – тәуекелі жоғары өнер. Сол себептен қарсы болды. Қазір бұрынғыдай қарсылық жоқ, бірақ бәрібір мен үшін алаңдап отырады, – дейді Қанағат.

Цирк аренасындағы алғашқы қадам

Қанағат Қанатұлы цирк аренасына алғаш рет 2022 жылдың жазында шыққанын айтады. Ол кезде кәсіби трюктерді мүлде білмеген.

Алғаш циркке келгенде ешқандай трюк жасай алмадым. Тек атпен шеру бөліміне ғана қатыстым. Екі-үш күн бойы тек шеруге шығып жүрдім. Кейін біртіндеп жаттығып, дайындықты күшейтіп, жеңіл трюктерден бастадым, – дейді ол.

Алайда алғашқы трюгін орындаған сәті есінде қалмаған.

жеке мұрағат 

Ең алғашқы трюк қандай болғаны, қалай жасағаным ештеңесі есімде жоқ. Бәрі қас-қағым сәтте өтіп кетті, – деп еске алады цирк әртісі.

Мұғалім мамандығынан цирк өнеріне дейін

Отандасымыз ат спортын алғаш 2020 жылдың қысында хобби ретінде ғана бастағанын айтады. Өзінің негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Ол Қазақ ұлттық университетінде білім алған.

Ат спортына қызыға бастағаннан кейін менің ортам мүлде өзгерді. Цирк әртістерімен танысып, сол әлемге біртіндеп жақындай түстім, – деді.

Оның кәсіби жолына әсер еткен тұлғалардың бірі – Қытайда 15-20 жылға жуық цирк саласында еңбек етіп, халықаралық деңгейде танылған қазақстандық әртіс Батырбек Құрылыспаев.

жеке мұрағат 

Батырбек ағамыз менің өнерімді көріп, бағалап, өзі құрған Alash Raiders тобына қосылуға шақырды. Осылайша 2022 жылдың жазында Қытай циркіне барып, алғашқы жұмысымды бастадым. Біз Бейжің маңындағы Чунглэй қаласына тұрақтадық. Ешқандай кастинг те, іріктеу де болған жоқ. Тек сөйлесіп, бейнежазбаларымды көріп, қабілетімді бағалап, өзімен бірге алып кетті, – дейді Қанағат.

Батырбек Құрылыспаев жас әртіске толыққанды тәлімгер болған.

Барлық негізгі трюктерді маған өзі үйретті. Қолбасшым деп құрметпен айтамын, оған үлкен алғысым бар. Шамамен сегіз айдың ішінде барлық күрделі элементтерді меңгеріп шықтым, – дейді ол.

Қытай циркінің айырмашылығы

Қанағат Қазақстан циркі туралы терең пікір айта алмайтынын айтады. Себебі ол отандық циркте кәсіби түрде жұмыс істеп көрмеген.

Қазақстан циркінде жұмыс істеген емеспін. Бір-екі рет қойылымдарына ғана барғанмын, сондықтан ішкі жүйесін, жұмыс барысын толық білмеймін, – дейді әртіс.

Ал Қытайдағы цирк өнеріне қатысты оның ойы нақты.

Қытай циркі өте жақсы дамыған. Мұнда циркке деген сұраныс жоғары, көрермендері өнерді шын мәнінде бағалайды, – дейді ол.

жеке мұрағат 

Қытай көрерменінің реакциясы мен талғамында үлкен ерекшелік бар екенін айтады.

Қытай халқын бір жағынан таңғалдыру қиын, бірақ бір жағынан оңай. Себебі олар үшін жылқы – өте таңсық жануар. Біз аренаға жылқымен шыққанда көрермендер ерекше таңырқап, қызыға қарайды. Әр трюкті орындаған сайын эмоцияларын жасырмай, ашық қолдау көрсетеді. Мұнда көрермендердің қошеметін алу әлдеқайда оңай деуге болады, – дейді Қанағат.

Оның айтуынша, Қытайда цирк – кең аудитория үшін қалыптасқан мәдени дәстүрдің бір бөлігі.

Жұрт өнерді бағалап, баласымен, отбасымен бірге циркке жиі келеді. Жалпы сұраныс өте жоғары, – деді ол.

Ат үстіндегі өнердің ең қиын тұсы

Оның айтуынша, ат үстіндегі цирк өнеріндегі ең қиын нәрсе – жылқының тірі жан екенін ұмытпау және оның мінезін, көңіл күйін дәл сезе білу.

Жылқымен жұмыс істегенде ең бірінші ескеретін нәрсе – оның жануар екені, жаны бар тіршілік иесі екені. Қазақ «жылқыға сенбе» дейді. Сол сияқты қанша жерден бірге жұмыс жасасақ та, әр кезде сақ болу керек. Оның көңіл күйі жақсы ма, бір нәрседен қорқып тұр ма, әлде жайбарақат па, әрбір жаттығу алдында мұқият бақылап аламыз, – дейді.

Жылқы мен шабандоз арасындағы сенім уақытпен ғана қалыптасады.

жеке мұрағат 

Жылқы бірден сеніп кетпейді, сіз де оған бірден сенбейсіз. Күнделікті машық, күнделікті дайындық арқылы ғана бір-бірімізді танып, әдеттерін байқап, мінезін түсіне бастаймыз. Сол кезде ғана нағыз сенім пайда болады. Ал сенім орнаған кезде жұмыста еркіндік пайда болады, – дейді Қанағат.

Сондай-ақ ат үстіндегі өнерде эмоцияны бақылау ең маңызды талаптардың бірі екенін айтады.

Жылқы адамның эмоциясын өте жақсы сезеді. Сіздің ашуыңызды да, қорқынышыңызды да бірден байқайды. Егер сенімсіздік танытсаңыз, жылқы бағынбай қоюы мүмкін. Сондықтан жұмыста барынша салқынқанды болып, барлық қимылды жақсы көңіл күймен орындау қажет. Сол кезде ғана жылқы да сізге қарай икемделіп, сенімі арта түседі, – дейді цирк әртісі.

Әлемдік стандарттағы ең қиын трюк – «курс»

Қанағат Қанағатұлы қазіргі уақытта өз нөміріндегі барлық негізгі трюктерді орындайды. Тек екі трюк бар оларды әлі жұмысқа шығара қоймаған, қосымша машықтандыру қажет.

Оның айтуынша, әлемдік стандарт бойынша ең күрделі трюктердің бірі – «курс» деп аталатын элемент.

Менің ойымша, ең қиын трюк – бос жүріп бара жатқан атқа секіріп міну. Бұл – нағыз кәсіби шеберлікті талап ететін элемент. Аттың үстіне тік көтеріліп шығып, тепе-теңдікті бірден ұстап, әрі қарай секіртпе арқанмен (скакалкамен) секіру екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бұл оңай көрінгенімен, өте күрделі техника, – дейді.

Қанағаттың айтуынша, бұл трюк жоғары физикалық дайындықты, батылдықты және атпен мінсіз үйлесімділікті талап етеді.

Қытайда әртістерге жасалынған жағдай

Цирк әртісінің пікірінше, Қытайда цирк әртістеріне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл – жалақыдан бастап жұмыс жағдайына дейінгі барлық аспектіні қамтитын қолдау.

Қытайда әртістердің еңбегі шынымен бағаланады. Сіздің әрбір қимылыңыз, кәсіби деңгейіңіз, орындаған трюктеріңіз бәрі ескеріледі. Жұмыс барысында қандай да бір жарақат алсаңыз немесе күтпеген жағдай болса, цирк компаниясы шығынның барлығын өз мойнына алады, – дейді ол.

Әртістер толық тұрмыстық қолдаумен қамтамасыз етіледі. Мәселен арнайы жатын орын, үш мезгіл тегін тамақ, жұмыс визасын рәсімдеу, барлық құжаттық жұмыстарды компанияның өзі жүргізуі кіреді.

жеке мұрағат

Біздің басымызды ауыртатын ештеңе жоқ. Тамақ, үй, құжат бәрі дайын. Бізден талап етілетіні – тек жақсы өнер көрсету, – дейді Қанағат.

Цирк әртісінің ішкі дайындығы

Қанағат Қанағатұлы ат үстіндегі трюктерді орындауда қорқыныштың болуы табиғи құбылыс екенін айтады.

Қорықпаймын дейтін адамға шынымды айтсам сенбеймін. Кез келген адамда қорқыныш болады, – дейді ол.

Трюктерді меңгеру ең алдымен жер үстіндегі дайындықтан басталады.

Алғашында атты қозғалтпай, орнына қойып қойып, өз денемді дайындаймын. Қолыңыз қалай тұрады, аяқтың орналасуы қандай, қозғалыс қай бұлшық ет арқылы жасалады. Мұның бәрі дене жадына толық сіңгенше қайталай береміз, – дейді әртіс.

Дене жаттығудан кейін ғана трюк шауып келе жатқан аттың үстінде жасалады. Бұл кезеңде басты талап – сабыр мен жинақылық.

жеке мұрағат 

Ат шауып келе жатқанда ең маңыздысы – сабыр сақтау. Әр қимылды жинақы орындау керек. Қорқыныш әр трюктің алдында міндетті түрде болады. Бұрын мен қорқынышымды жеңе алмайтынмын, сол кезде астымдағы жылқы да менің күйімді сезіп, одан сайын үрейленетін, – дейді Қанағат.

Уақыт өте келе, тәжірибе артқан сайын қорқыныштың әсері азая бастаған.

Жұмыс әдетке айналған сайын, қорқыныш екінші орынға кетеді. Форс-мажор жағдай болғанның өзінде сабыр сақтап, жағдайды толық бақылауда ұстауды үйренесің. Менің ойымша, қорқынышты жеңу үшін ең алдымен өз-өзіңді тәрбиелей білу қажет. Сабыр, жинақылық және уақыт – басты факторлар, – дейді цирк әртісі.

Ал ат үстіндегі цирктегі ең қиын әрі қауіпті трюк жүріп келе жатқан атқа секіріп мініп алу екенін айтады.

Бұл мен үшін ең қиын сынақтардың бірі болды. Өйткені атқа дәл ілігу де, баланс сақтау да оңай емес. Бір рет жаттығу кезінде атым орнынан шошып, сол сәтте құлап қалғаным бар. Қатты жарақат алған жоқпын, тек өкшем жарылып қалған еді. Аллаға шүкір, сыну немесе шығу сияқты ауыр жарақаттар болған жоқ, – деді.

Бұл адамның өз дайындығына тікелей байланысты екенін жеткізді.

Егер жеткілікті машықтансаңыз, аттан дұрыс құлауды да үйренесіз. Мысалы, бір қойылым кезінде бос шауып бара жатқан атқа жеті рет қатар секіріп шығуға тура келген. Сол сәтте жарықтың ақауынан ат шошып, жұмыс қиындаған еді. Бірақ біз қойылымды тоқтатпай, соңына дейін жалғастыруымыз керек болды. Себебі кәсіби әртіс үшін басты міндет – жағдайға қарамай өнерін көрерменге лайықты түрде көрсету. Осы талап адамды нағыз кәсібилікке жеткізеді, – дейді Қанағат.

Қазақстан циркін дамыту және насихаттау

Қанағат Қанағатұлы Қазақстан циркімен терең жұмыс тәжірибесіне ие емес екенін айтады, сондықтан нақты пікір айту қиын екенін жасырмайды. Дегенмен, оның ойынша, отандық цирк өнері мықты.

Кеңес үкіметі кезінде біздің қазақ әртістері ат үстінде ерекше нөмірлер жасап, бүкіл континентке шыққан. Олар тек Австралия мен Оңтүстік Америкада ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде өнер көрсетті. Сол кезде мемлекет тарапынан үлкен мүмкіндік берілген еді, – дейді ол.

Қазір цирк өнерін дамыту үшін мемлекет тарапынан қолдау қажет деп санайды.

Фестивальдер ұйымдастыру, ішкі және халықаралық сахналарға шығуға жағдай жасау бұл өнердің дамуына септігін тигізеді. Қазақстандағы цирк өнерін әлемге танытудың жолы – кәсіби деңгейде дамыған спорт пен өнерді біріктіру, сонымен бірге насихат пен жарнама жүргізу. Қызықты, көрнекті, шығармашылық бағдарланған жарнама адамдардың назарын аударады және циркке қызығушылықты арттырады, – дейді Қанағат.

Оның пікірінше, цирк өнерін дамытуға бағытталған мұндай қадамдар елдің мәдениетіне ғана емес, халықаралық деңгейде танылуына да үлкен мүмкіндік береді. Қанағат Қанатұлы әртіс ретінде нақты бір аренаға шығуды армандайтынын айтпайды, алайда болашақта кино саласында да өзін көруді қалайды.

Қазір осы салада жүрмін, бірақ ең үлкен арманым фестивальға қатысып, сол фестивальдің жеңімпазы болу. Қытайда Жухай қаласындағы циркте өнер көрсеткім келеді, ал Қазақстанда – Алматы циркте, – дейді ол.

Әртіс арманына жету үшін мықты команда қажет екенін де атап өтті.

Біздің командамыз өте мықты, деңгейі жоғары. Тек фестивальге дайындық барысында сәл қосымша машықтану қажет. Егер Алла жазып, жолы түссе, арманыма жетуге мүмкіндік туады, – дейді Қанағат.

Цирк әртісі әзірге елге оралу ойында жоқ екенін айтады. Дегенмен, мүмкіндік болса, жастарға цирк өнерін үйретуге дайын.

Егер елге оралуға жағдай туып, өз орнымды тапсам, жастардың осы іске қызығушылығы болса, әрқашан оларды үйретуге дайынмын. Жастардың өнерге деген ынтасы болса, мен өз тәжірибеммен бөлісетін едім, – дейді әртіс.

Қытайдағы кәсіби ортаның қолдауы мен тәжірибесі әртіс үшін тек жетістік қана емес, жеке даму мен шығармашылыққа жол ашты.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от Qanagat Qanatuly (@qanagat_qanatuly)