Атсалим Идигов: менің бойымда қазақ халқына деген махаббаттың, ізеттіліктің шырағы маздап жанып тұр
Вайнах халқының жер аударылғанына 75 жыл толуына орай Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, ҚР Президенті сыйлығының лауреаты, Қазақстан Журналистика академиясының мүшесі Атсалим Саламұлы Идиговпен сұхбаттасқан едік. Адамның саналы ғұмырында қашанда өшпес естеліктері болады ғой, біз сол жайында ақтарыла әңгімелестік.
Тағдыры ортақтастырылғандар
— Атсалим Саламұлы, биылғы жылы вайнах халқының жер аударылғанына 75 жыл толды. Қанша жыл өтсе де туған жерінен айрылған ұлттың жүрегіне түскен ауыр сызаттың орны жазылмай келеді.
— Мен үшін, жер аударылып келген халықтың ұлы үшін екі оқиға да жақын әрі маңызды. Ақпан айының аяғында жер аударылып келгенімізді еске алсақ, 1 наурыз – Алғыс айту күнін атап өттік. Екіншісі алдыңғысының жалғасы іспеттес. Біздің аталарымыз, әкелеріміз бен аналарымыз ауыр сынға төтеп беріп, қуғын-сүргін және тұтастай бір халықтардың жер аударылуы заманында аман қалды. Бұл адамдардың өзара көмегі, адамгершілігі және бір-біріне деген қамқорлығы арқасында. Біздің қазақ ұлтына және басқа халықтарға айтар алғысымыз шексіз!
Киелі жердің бір уыс топырағы...
— Өмір жолыңыз қызыққа толы айтарыңыз көп тұлғасыз. Осы орайда сізден жан толғандырар естелікті әңгімелеп беруіңізді сұраймын.
— Әуелі мынадан бастап айтсам деймін, «депортация» деген қаралы сөздің тағы бір тұсында жарқын, адами қайырымдылықтың және мейірімділіктің ұшқыны бар. Сол кезде тағдырдың ырқымен тау халқы ауыр сында көмек қолын созып, ошақтары мен төрінен орын берген өздері бұрын танымаған қазақ халқымен танысып-білісті.
Осы туралы шешен халқының дарынды ақыны Умар Ярычев өзінің өлеңінде «Земля казахская, земля священная, ты в самый горький час делила с нами и хлеб, и материнское тепло» деген еді. Ақын өзі де Қазақстанда туғанын айта кетейін. Оның ақындық қабілеті Алматыда Олжас Сүйлеменовпен дос болып жүргенде шыңдалған.
Барлық «тозақтың шеңберінен» өткен, күн сәулесімен жүзі қақталған, даланың аңызақ желімен шыңдалған, ұлы рухты ата-бабалары бар қазақ халқымен бүгінде вайнахтар бір үлкен тату отбасындай бірге өмір сүріп отыр. Бәріміздің жеріміз бір, отанымыз бір, ол – Қазақстан.
Кейбір шешен халқы Кавказға қайта оралса да Қазақстанды жүректерінде мәңгі сақтап қалған. Олар қиындықты басынан өткеруге көмектескен, қысылған уақытта жанынан табылған қазақ елін айрықша алғыспен еске алады. Бұл күнде арамызда жоқтары да қазақ бауырларына деген ыстық ықыласын соңғы демі біткенше айтып отырғанына талай куә болдық.
Сөзімнің дәлелі ретінде бір қызықты оқиғаны баяндап берейін, оның біраз адамды ойландырып тастайыны сөзсіз. Бұл оқиға адам өмірінің болмысы, жақсылық әрқашан зұлымдықты жеңетіні және мәңгілік құндылықтар туралы. Оқиға тағы бір мәрте адамдардың қарым-қатынасының анықтауышы қандай да бір ұлтқа, руға немесе тайпаға, материалдық байлықтың бар-жоқтығына, әлеуметтік жағдайына қарамайтынын, керісінше, Жаратушының адамның бойына берген адамгершіліктің бастауы – жақсылық, тазалық және парасаттылық екенін баяндайды.
Оқиға 1993 жылы болды. Грозныйға таяу жер – Алхан-юрт ауылында өзімнің туысқандарыма қонақтап барған едім. Бір күні сол маңдағы зираттардың басына баруды ұйғардым. Әруақтарға құран бағыштап, кетуге бет алғанда, жергілікті тұрғындардың бірі мені кішірек бір төмпешіктің басына алып барды.
Әлгі зираттың көктасында «Ахьяд – Алхастың ұлы» деген жазу бар екен. Әрі қарай туған жылы мен қайтыс болған жылы көрсетілген.
«Бұл зиратта қазақ жерінің бір уыс топырағы жатыр» деді менің жол көрсетушім. Менің сұраулы жүзімді көрген ол зиратта жатқан адам туралы айтып берді. Сондағы әңгіме барысында зиратта маған жақын әрі танитын адам жатқанын біліп, таңдандым. Мен «О, Алла, жер шынымен де домалақ, адамдардың тағдыры соншалықты байланыстырылған болар ма еді. Арамызды жалғап тұратын күш неткен мықты еді. Оған уақыт та, арақашық та төтеп бере алмайды екен» деп ойланып қалдым...
... Менің балалық шағым өткен Талдықорған облысы, Киров ауданы (қазір Көксу ауданы), Октябрь ауылында бізбен асқан ақылгөй Ахьяд молла көршілес тұрды. Академия оқып шықпаса да, философия мен дін туралы білімі өте керемет еді. Оны жақын маңнын бәрі танитын. Ол кісіні адамдар жан-жақтан арнайы іздеп келетін: бірі әділдік іздеп келсе, ал енді бірі кеңес алуға немесе батасын алуға келетін.
Әкем үнемі бір әңгімесін айтып отыратын. Бірде жер аударылып келген шешендердің бірі келіп, былай дейді: «Қымбатты Ахьяд, айтшы, біз қалай өмір сүрсек екен? Бізді Отанымыздан айырды, мал-мүлкімізді тартып алды, қаншамамыз ажал құштық. Бізді керексіз етіп айдалаға тастап кетті. Әділдік қайда?». Сол кезде молла: «Біздің басымызға түскен ауыртпалық Алланың бізге жіберген сынағы. Бұны қабыл ал да, жаныңды жегідей жеген дерттен айық. Қайта Жаратушыға осы қасиетті, киелі жерге келгеніміз үшін шүкіршілік ет. Сен айналаңа қарашы, бұл жерде қандай адамдар өмір сүріп отыр! Олардың жүзіне үңіліп қара – жүзі мейрімділіктің, қайырымдылықтың және рақымшылықтың нұрын төгіп тұр. Қазақтар бізді бауырына алды, ошақ қасынан орын берді, ал өздері қандай қиындықтарды басынан өткеріп отыр?! Біздің оларға деген алғысымыз орасан зор. Қазақтардың жақсылығына өтеуіміз ретінде олардың тілін біліп, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына және мәдениетіне құрмет танытуымыз керек. Біз бауырларымызды таптық, бақыт деген осы емес пе?!» деген екен.
1957 жылы вайнахтарға Отанына оралуға рұқсат етіледі де, Ахьяд молла ауылдастарын жинап: «Әділеттік орнады, мен Кавказға ораламын. Бірақ мен жұмақтан орын алуға баталы ұлт өмір сүретін киелі жердің бір уыс топырағын өзіммен ала кетемін» дейді. Әрі неге былай дегенін түсіндіреді: «Қазақтарда Құранда айтылған үш нәрсе бар, деп сөзін салмақтайды ол. – Бұл асқан шыдамдылық, қасіретті тағдыр және дастарқаны берекелі». Сонымен қатар соңғы қасиетінің құндылығы жоғары екенін айрықша атап өткен.
... Қараңызшы, ондаған жылдарды араға салып, тағдыр мені Ахьяд қарттың зиратына алып келді. Ол қазақ жерінен ала келген бір уыс топырақты өлгенде қабіріне тастауға аманат еткен екен. Бұл – сол адамның қазақ ұлтына білдірген құрметінің белгісі. Бір ғана әрекеті жүрегіндегі махаббатының зор екенін білдіреді.
Қабірінің басында тұрып, мен мынадай ойға келдім: «О, Ахьяд данышпан, сен бар болғаны Қазақстанда отыз жыл өмір сүрдің. Бірақ сен сол ұлттың бар жандүниесін, бар болмысын қанық біліпсің, олардың жанының сұлулығына терең үңіліпсің! Сен ол туралы бұрын-соңды ешкім айтпағандай айтып кетіпсің. Сол ұлтқа деген сүйіспеншілігің мен құрметіңді өміріңнің соңына дейін мыңдаған шақырым алыста тұрсаң да, жүргіңнен өшірмеген екенсің».
Кавказ тауларындағы қазақ әуендері
— Қазақ пен вайнах халқының достығы жарасымды. Бұл туралы қазақ жерінде өмір сүрген тау халқы жыр қып айтып отырады. Мен бірде Отанына қайта оралған Кавказдықтардың Қазақстаннан қазақ әуендері жазылған таспаларды алдыртып жататынын естіп білдім...
— Шешендерде мынадай мақал бар: «Өзің жасаған жақсылығыңды айтпа, өзгенің саған жасаған жақсылығын айт». Тау халқы қиын заманда көмек қолын созған қазақ халқын және қасиетті жерін еш уақытта ұмытпайтынын жалықпай айта беремін. Олардың әрқайсысы ақылгөй Ахьядтың әрбір сөзін құптайды әрі растауға әзір. Біздің тағдырларымыздың ортақтастырылып, ет жақынға айналғанымыз соншалықты, арамызда мыңдаған шақырым жол жатса да, бір-бірімізбен жанымызбен жақынбыз, арамыздағы алшақтықты сезінбейміз.
Қазіргі Шешенстанда бәрі Қазақстанды еске салады. Грозныйдағы бетке ұстар лицей Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың есімімен аталған. Сондай-ақ Елбасының есімі басты көшелердің біріне берілген. Көпқабатты тұрғын үй бар, оны ел ішінде «Қазақстандық» деп атайды. Көптеген үйлерде өнебойыңды баурап алатын домбырамен орындалатын қазақ әндерін естіп қалуға болады. Тіпті қазақ тілінде сөйлейтін адамдар да баршылық. Ал Қазақстан мен қазақтар туралы әңгімелер мен естеліктер – барлық жерде кездесетін әдеттегі құбылыс. Ең бастысы – құрметті саясаткер және мемлекеттік қайраткер біздің Қазақстанның Тұңғыш Президенті деп біледі.
Кавказдағы қазақ тілді шешен бертіңге дейін халық әртісі, танымал ақын, әнші және сазгер Валид Дагаев еді. Ол жер аударылып келгенде небәірі төрт жаста болған екен. Ал Қазақстаннан туған жеріне оралғанда он жеті жасар бозбала болды.
Ол ата-анасымен Алматы облысының Жамбыл ауданында тұрды. Он үш жылдың ішінде қазақ тілін еркін меңгерді. Тіпті Қазақстаннан алшақта тұрса да, ол тілді ұмытпаған, қайта қазақша әндерді керемет орындайтын.
Бірде «Грозный» телеарнасын қосып едім, Валид Дагаевтың мерейтойына арналған бағдарламаны көріп қалдым. Ол шешен тілінде болып жатыр екен. Жүргізуші бағдарлама кейіпкері туралы әңгімелеп, оған сұрақ қойып отырды. Әртіс арасында өзінің әндерін дечиг пондурада (домбыра тәріздес музыкалық аспап) орындады. Кенет залдан бір ақсақал қазақша «Валид, өзіміздің «Он алты қыз» деген әнді айтып бере аласың ба?» демесі бар ма. Оған маэстро әзілмен «Айтам, неге айтпаймын?! Бірақта былай келісейік, он алты қыздан бір қыз менікі болсын» деп жауап берді. Артынша «Қазақ бауырларға сәлем» және «Он алты қыз» әндерін құйқылжыта орындап шықты. Осыдан кейін оны екі жүздей адам қоршап алып, қазақ тілінде әңгімелерін жалғастырды. Сонымен залда «қазақ диаспорасы» құрылып шыға келді.
Бір кездесуімізде Валид Дагаев екеуміз ұзақ әңгіме-дүкен құрдық. Әңгіме көбіне Қазақстан туралы болды. Сонда екеуара мынадай диалог құрылды:
— Валид, он үш жылда қазақ тілін жоғары деңгейде қалай меңгеріп алдыңыз?
— Мен алғаш рет қазақ тілін естігенде төрт жастан асқан кезім еді. Бірден ғашық болдым. Күні бойы сол тілде үйренемін деп, ұстаздарымды мезі ететінмін. Оның үстіне есте сақтау қабілетім мықты болды. Сонымен қатар маған Жамбылдың рухы көмектескен болар деп ойлаймын. Өйткені домбыраны үйреніп, ән айта бастадым.
— Қазақстаннан алшақ тұрған уақытыңызда сөйлейтін орта жоқ, қарым-қатынас жоқ, қалайша тілді ұмытпай, сақтап қала алдыңыз? Бізде Қазақстанда тұрса да, білмейтіндер бар.
— Маған қазақ бауырларыма деген махаббатым мен құрметім көмектесті. Ол үшін де менің өз құпиям бар. Сөйлесетін адам болмаса, өз-өзіммен сөйлесемін. Бастысы – жаныңмен қалау, қалғаны өздігімен келеді.
Қоштасарда ақсалақ былай деді: «Жүрегіме ыстық ұлы Жамбылдың Отанына қайта бару – үлкен арманым. Тағы бір мәрте қасиетті жерге тағзым етіп, бауырластарымды құшқым келеді. Әттең, жасым келді, көзім көрмейді, сондықтан арманым орындалусыз қалып барады. Мен үшін сен соны жасауыңды өтініп сұраймын. Қазақ ұлтына менің оларға деген махаббатым мен құрметім шексіз дегейсің».
Өкінішке орай оның Қазақстанға тағы бір мәрте келу арманы мен менің әншіні қайта бір көру арманым орындалмай қалды. Жарты жыл бұрын халық ақыны Валид Дагаев өмірден озды.
Ахьяд молла сияқты ол да өзімен бірге қазақтарға деген таң шығындай мөлдір сезімін ала кетті. Дегенмен ол артында бай, рухани мұра қалдырып кетті. Мұрағатта сақталған оның қайталанбас әндері, оның ішінде «Он алты қыз» әні әлі де бізді шаттандырары анық.
Соңғы сөз орнына
— Сіздің де қазақ халқына деген құрметіңіз ерекше екенін білеміз. Сөз соңында айтарыңыз.
— Мен – Ахьяд молланың ақылымен жүретін жандардың бірімін. Менің бойымда қазақ халқына деген махаббаттың, ізеттіліктің және қастерлеушіліктің шырағы маздап жанып тұр. Меймандостығы, мейірімділігі, қайырымдылығы үшін алғыс айтамын! Көмегі мен қолдауы, жер аударылған кезде басымызға түскен қиын кездерде тағдырымызға ортақтасқаны үшін алғыс.
Барлық этностармен бейбітшілікте және келісімде өмір сүруге талпынғаны үшін ризашылығымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Қазақ халқына рухани байлығы, бірегейлігі және жан сұлулығы үшін мың алғыс!
Қазақтарға деген сүйіспеншілігімді былайша жеткіземін: тілін білу, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына, мәдениетіне, тарихына құрметпен қараймын. Елімізге, қоғамға пайдамды әкелемін. Әрдайым зор мақтанышпен «Мен қазақпын» деймін. Бұл сәтте мен өзімнің этникалық ұлтымды алға тартпаймын. Мен жанымның толғанысын, ішкі рухани әлемімнің күйін жеткіземін. Осы қасиетті жерде туып, осында өскеніме ризамын. Өз отанымның шынайы патриотымын. Туған жерім мен елімді шексіз сүйемін! Осының бәрін менен ешкім тартып ала алмайды, ол менің жанымда мәңгі болады.
Біз – бақытты халықпыз! Өйткені өткен ғасырда тағдырдың айдауымен осы жерге тап болдық, содан бері тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанның Тұңғыш Президентімен бірге ортақ шаңырағымызды құрдық. Соның астында үлкен бір отбасындай тату-тәтті өмір сүріп отырмыз. Себебі біздің қарым-қатынасымызда бірінші орында зор құрмет, толыққанды өзара түсіністік, ынтымақшылдық, мейірімділік пен ізгілік. Сонымен бірге Отанымыздың алдында қазіргі тағдыры мен болашағына жауаптымыз. Сондықтан баршамыздың мақтан ететін елде бір-бірімізге қайырымды болуымыз керек.
— Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыс тілейміз!
Нұргүл ШАТЕКОВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.