Жаңалықтар

Қатерлі ісікті зерттеуге 2 млн доллар берген Азамат

Қайырымдылық
29.09.2016 08:59 6509

Бұл жігіттің байланыс телефонын әріптесім берді (онысына рахмет). Сұхбаттасуға бара жатқанымды ойымда ол туралы тексерілмеген екі факт бар еді: ол не ғажайып филантроп (миллиондап шашады) немесе Google мен Twitter-де жұмыс істеуі мүмкін. Кейіпкеріме қоңырау шалып едім, кездесуге келісімін берді.

Кофеханада кісі көп екен. Залдың ішіне көз жүгірткенімде маған ақ футболка киген студентке ұқсайтын жас жігіт қолын бұлғады. Жымиысына қарап дәл сол мегамаман әрі қайырымды жан екенін сездім. Асхат Мырзабаев 26 жаста, Атыраудағы қазақ-түрік лицейінің түлегі, Сүлеймен Демирел атындағы Алматы университетін тәмамдаған және шынымен де екі жыл Силикон алқабында жұмыс істеген.  

Қатерлі ісікті зерттеуге 2 млн доллар берген Азамат 

– Тек Twitter-де, Google-де емес, - деп күлді Асхат. – 2011 жылы Сан-Францискоға тағылымдама алуға аттандым. Содан кейін маған келісімшарт ұсынды, сөйтіп, твиттер кеңсесінде екі жыл жұмыс жасадым.

Басты сұрақ – сен ол жерге қалай тап болдың?

– 3-курста менде бір пән бойынша жоба, курстық диплом болды. Twitter-дің ашық аккаунты бар, ол жерге олар түрлі бағдарламалар құяды, кодтармен, кітапханалармен бөліседі. Мен бағдарлама іздеген едім. Бұл мен твиттерден тауып, өз курстық жұмысыма пайдаланған модуль болатын. Бірақ, ол толықтай сәйкес келмеді, оны жетілдіру керек болды. Мен оны сәл қайта өңдеп, университетте жобаны қорғап, содан соң оларға сол жерге аздаған өзгерістер қосқанымды жаздым. Содан соң бұл сәлтезірек, сәл жақсырақ жұмыс жасай бастады. Олар маған хабарласып, біз скайп арқылы сөйлестік.

Сен оларға хат жолдаған кезде бұлай болады деп ойламаған шығарсың?

– Жоқ, мүлдем, тек жасаған нәрсемді бөліскім келді. Өйткені, мен олардың бағдарламаларын қолдандым ғой. Олар маған жаз бойына тағылымдамадан өтуді ұсынды. Сөйтіп, бәрін қаржыландырды. Мен кеттім, үш ай жұмыс істедім. Маған фулл-таймға (толық төленетін жұмыс күні) жұмыс ұсынды. Мен қалдым. Бұл керемет тәжірибе еді, менің алғашқы жұмыс орным болды.

Ал сен Twitter үшін не жасадың?

– «Машиналық оқыту мен релеванттықты іздеу» деген департамент бар. Қалай түсіндірсем екен... Сізде Facebook, Twitter бар ма? Сізге Facebook достар ұсынады, дұрыс па? Біз, мәселен, оларды қызықтыруға қабілетті аккаунттар мен тақырыптарды, ұсынымдарды, тағы әлдебір сервистерді іріктеп, өз пайдаланушыларымызға ұсындық...

Айтпақшы, әлеуметтік желілерде достарды іріктеу қалай жүргізіледі? Мен адамды телефон кітапшасына енгізсең, оның аккаунты өз лентаңда пайда болатынын байқадым.

– Бұл қалыпты жағдай. Егер сіз оны байланыс парағына қосқан болсаңыз, фейсбук сіздің контактілеріңізге, мәселен, WhatsApp арқылы қолжетімді болады. Бірақ, бұл өте оңайлатылған сызба, ол жерде іс жүзінде параметрлер көп. Байланыс парағында болуы – тек көптеген параметрлердің біреуі ғана.

Сен сонда университетті аяқтамастан кетіп қалғансың ғой.

– Шалғайда жүріп аяқтадым. Бізде сырттай бөлім жоқ, сондықтан бір-екі айда келіп, тапсырып жүрдім.

Ал жалпы оларға сенің дипломың қызықты болды ма?

– Жоқ, - деп күлді, - Мұндай жоғары оқу орнын ол жақта ешкім де білмейді.

Америкада қиын болды ма?

– Жоқ, қиын емес, өйткені мен өз жұмысымды «беріліп» істейтін едім, маған 15-16 сағатымның Сан-Францискодағы кеңседе ме, әлде Алматыда ма, қайда өткенінің айырмашлығы жоқ еді.

АҚШ – сен үшін жұмыс істейтін жер ме, әлде болашақта өмір сүруің мүмкін ел ме?

– Маған Қазақстанда өмір сүрген ұнайды. Егер ұнамаса, мен бұл жерде тұрмас едім. Бәрі көңілімнен шығады. Соншалықты бәрі жаман емес. Яғни, мен проблемалар, қиындықтар бар екенін көріп жүрмін, бірақ, сонда да  ұнайды. Мен мүмкіндігімше осы жерде тұрғым келеді. Бәрі жағдайға байланысты. Егер маған осы жерде жақсы жағдай ұсынса, маған осы жерде өмір сүрген қолайлы, оған қоса достарым-туыстарым осы жерде... Мен сүйеніп отырған, айталық, параметрлер бар, осы жерде өсіп, жақсы мансап баспалдағына көтеріле алатынымды көремін. Маған осы жерде ыңғайлы екенін түсінемін. Егер маған жақсы ұсыныс түссе - канадалық Ванкувер немесе америкалық Сан-Францискодан, Нью-Йорктан делік. Мен оларды да дәл осы параметрлер арқылы байқап қараймын. Бұл әлдебір өзіңнің ішкі талаптарыңның балансы. Қай жерде де артықшылықтар мен олқылықтар болады. Мен түрлі елдерде болдым: Америкада, Англияда, Францияда тұрдым, Азияда жұмыс істедім – маған Қазақстан өте тыныш, өзімді өте еркін сезінемін, маған сол ІТ-да өте үлкен мүмкіндіктер бар екені ұнайды.

Шебер Дзиродан нені үйрену керек

Сен Twitter-ден өзің кеттің бе?

– Иә, сондай сәт болады – шаршайсың да, әрі қарай қозғалу керек болады, өзге де факторлар әсер етеді. Жасым 23-те еді. Үйіңнен шалғайда өмір сүру оңай емес, оған қоса менде үнемі ұшу сапарлары көп болды. Шынымен ауыр еді. Жеке отбасылық жағдайлар да бар. Сағындым ба? Иә, ол да бар. Бәлкім, мұным қате болған шығар, білмеймін. Алматыға келіп, жұмыс іздей бастадым.

Сенің түйіндемеңмен қиын болмаған шығар.

– Бұл айтарлықтай ықпал етеді деп ойламаймын. Мен Қазақстанға келдім, мені бұл жерде ешкім танымайды ғой. Өзім бір нәрсе ашсам ба деген ойым болды. Бірақ, тәжірибем, әлеуметтік байланыстарым жетіспейді. Бір-екі жыл дамушы компанияда жұмыс істеуді ұйғардым.

Бұл жерде өз тағдырыңды ұзақ уақытқа қолға алдың ба?

– Жұмысты тез таптым, жұмыс іздеген 3-4 күннен кейін танымал жобаға, оның бөлімдерінің бірі интернет-дүкеннің техникалық директоры болып орналастым. Бір жыл жұмыс істеп, өз жобама кеттім. Достарымызбен hipo.kz алаңын аштық. Бұл рекрутингтік бизнес, компаниялар үшін кадрлар табуға көмектесеміз. Бір жарым жылдан кейін жоба ақталып, инвестиция 100 мың долларды құрады. Оған 2 жыл болды, қалыпты, тұрақты жұмыс жасаудамыз. Бізде 70 мыңдай қолданушы мен 330 компания-серіктестер: халықаралық компаниялар, локалді брендтер бар. Сонымен қатар, кейде жобалар аламын, консалтинг жүргіземін.

26 жаста сен жұмыс берушіден тәуелсізсің бе?

– Мен мұндай тәуелсіздікті іздеген жоқпын, мен фул-таймда жұмыс істеуге әзірмін. Бірақ әзірге кесте бұған мүмкіндік бермей отыр.

Қазір кімге жұмыс жасап жүрсің?

– Қазақстандық банкке. Жалпы, бір уақытта қатарынан бірнеше жобаны жүргіземін. Бірақ банк жақсы ұсыныс жасады, одан бас тарту мүмкін емес еді, – деп күлді Асхат. – Бұл үлкен, өте үлкен жоба, бірақ, фул-тайм емес.

Сен бұл жерде Канададағыдай жақсы дами аламын деп ойлайсың ба?

– Меніңше, бұл сенің тікелей өз біліміңді дамытуыңа байланысты. ІТ саласында талап өте жоғары, бұл үнемі өзіңмен жұмыс жасау керек деген сөз. Менің қазіргі орным дамуға мүмкіндік береді. Иә, бізде ұрпақ сабақтастығы күшті дамымаған. Бірақ, бір нәрсе жоқ кезде, мұны өзі жасап үйренген адамға мұны жеңуге болады. Ашығын айтқанда, менің бүкіл өмірім дербес болды, сондықтан мұндай дағдылар менде бар. ІТ-да үнемі ізденіп, зерттеп, алдыңғы тәжірибелерді қолдануға тиіссің, оның үстіне, қазір ашық көздер өте көп.

Мен жақында ғана жастардан сұхбат алып, олар бізде соншалықты ІТ нарығы жоқ екенін, мамандарға іс жүзінде қалыптасу мүмкін еместігін, яғни, көп жұмыс бар екенін, игерілмеген жұмыстардың көптігін, бірақ үйренетін ештеңе, үйретер ешкім жоқ деп растаған еді.

– Біріншіден, бізде нарық кішкентай, бірақ ол бар. Бұл қалыпты жағдай ғой – Америкада 300 миллион тұрғын бар, ал бізде 17. Яғни, халық 20 есе аз болса, онда, әрине, Америкамен салыстырғанда бізде нарық жоқ. Бірақ, Қазақстанда жұмыс жасайтын кез-келген компанияны автоматтандыру керек. Жұмыс өте көп. Менің пікірімше, біздегі «орта звено» өте әлсіз. Меніңше, әлдебір психикалық жалқаулық бар. Осы фактор өзімізді дамытуға, жетілдіруге кедергі жасайды. Маған «Мечты Дзиро о суши» деп аталатын деректі фильм ұнайды. Дзиро – суши шебері, жасы 90-да, сушиді 9 жасынан бері дайындайды. Оның мейрамханасының, яғни, метро станциясындағы шағын кафесінде Мишленнің 3 жұлдызды мәртебесі бар. Оның осы іспен қаншама ұзақ уақыт айналысқаны, үнемі, күн сайын оны жақсартатыны сүйсіндіреді. Бұл сондай жапондық кайдзен. Мәселен, ол алғаш сушиді ұсынған кезде, ол бәріне оңақайларға бергендей қылып береді. Содан кейін ол келесіде сол қолыңмен алуға қолайлы болатындай етіп береді. Яғни, детальдарға көп мән береді. Маған осынысы ұнады. Өйткені, сен бір нәрсе жасаған сайын, одан да жақсысын жасауға болатынын түсінесің. Осындай үнемі өзін өзі жетілдіру идеясы жаныма жақын.

Диплом міндетті емес пе?

Twitter-де жұмыс жасағандардың барлығы Google-ға баруды армандайды. Бұл 2х2=4 секілді ақиқат.

– Менде де осындай арман болды. Мен байқап көрдім. Тіпті сұхбаттасуға да бардым. Болмады.

Неліктен, қалай ойлайсың?

– Бұл 2012 жыл еді. Егер мен қазір барсам, бұл мүлде  басқаша боларма еді. Ол кезде мен әлі де шикі едім. Және мен инженерлік позицияға емес, бірден продакт-менеджерге үміттендім. Маған өмірлік, менеджерлік тәжірибе жетіспеді деп ойлаймын.

Бәлкім, позицияны төмендету керек пе еді?

– Мүмкін (күлді)

Ал қазір әлі де қалайсың ба?

– Әзірге білмеймін, менде: «гуглде жұмыс істегім келеді» және визиткамда міндетті түрде «гуглде жұмыс істеген» деп жазылса деген ықылас жанып тұр деп ойламаймын. Мұның идея-фикс еместігі анық.

Ал армандаған компанияң бар ма?

– Қазір ондай жоқ. Мұндай жасқа келгенде, өз компанияң болғанда, оны әрі қарай дамытқың келеді екен.

Бұл компанияны қандай деңгейге дейін дамытқың келеді?

– Ммм, әлемнің жартысын жаулап алғым келеді! (күліп жіберді), - Неліктен олай етпеске?! Біз тізбекті толықтай жапқымыз келеді: кәсіби даму, оқыту, мансап... Тағылымдама жасап жатырмыз. Қазір Қазақстанды байқап көрудеміз, бізде бәрі жақсы жұмыс жасайды, егер инвестор табылса, бәлкім, әрі қарай кеңейетін шығармыз.

ІТ-ға қалай келдің, қазақстандық оқушылардың қазіргі ұрпағын осы салаға бағыттау үшін не істеу керек, әңгімелеп берсең. Сенің ойыңша, сұранысқа ие мамандар болу үшін оларды тағы қандай бағыттарға итермелеу керек?

– Бізде Қазақстанда балаларды үш бағытта бейімдеу керек деп ойлаймын. Бұлар – сөзсіз ауыл шаруашылығы, логистика өте қызықты әрі келешегі бар сала және үшінші ІТ.

Өз мамандығың бойынша жетістікке жету үшін нені игеру керек?

– Мен бағдарлама жасауға ешқашан ден қойған емеспін. Мектепте химияға көңіл бөлдім, химия бойынша олимпиада жеңімпазы болдым. Олимпиада жеңімпазы болсаң, бұл өзіндік тәртіп, міне, ҚТЛ осыны береді. Орындыққа отырып алып, өте ұзақ жұмыс жасайсың. Яғни, әп дегеннен бәрін қағып алатын менің үлкен талантым жоқ. Бұл тек тәртіп қана. Ал мен мектепте бұрын осы саламен әуестенген досымның қасына отырып, не және қалай деп сұрай бастадым. Содан кейін, университетте өзім әуестендім.

Сенің мамандығың қандай?

– Есептеу техникасы мен бағдарламаны қамту, Америкада бұл «Computer Science» деп аталады. Бірақ, мамандығым бойынша деректерді талдау инженерімін.

Университет саған жеткілікті база берді ме?

– Жоқ, олай айта алмаймын. Оқыған кезде, ол жерде белгілі бір маңызды курстар болған жоқ. Бірақ, менің университетім оларды алғашқылардың бірі болып енгізе бастады. Қазір олар сол жерде бар: машиналық оқыту, жасанды интеллект, дереқор...

Қазір жаңа технология дамыған уақытта академиялық білімнің оған ілесе алмай жатқаны, дипломның маман үшін қажет еместігі жиі айтылуда. Танымал Ernst&Young компаниясы іріктеу критерийінен жоғары оқу орнының дипломын алып тастағаны туралы мәлімдеді. Қалай ойлайсың, таяу болашақта осы сатыны айналып өтіп, жұмыс жасауға баруға бола ма?

– Мұның өз ақиқаты бар... Оқығаным текке кетпеді деп ойлаймын, бірақ, оқу жылдарын екі жылға дейін қысқартуға болар еді. Бірақ үнемі өзін өзі дамытатын шартпен. Өзіңмен көп жұмыс жасауың керек.

Қатерлі ісікпен күресу үшін екі миллион доллар

Қайырымдылыққа оралсақ. Сенің жағымды абырой-беделіңнің басым бөлігі әлдебір үлкен әрекетпен байланысты, дәл қандай екенін мен білмеймін...

– Мен бұл туралы айтқанды ұната қоймаймын. Бәлкім, бұл тақырыпты айналып өтерміз.

Өтінемін, айтшы, бәрібір біліп отыр ғой.

– Бұл бір қор, ол жерде 2 миллион доллар бар. Мен тек көмектескім келді...

Қандай қор? Қандай 2 миллион? Кімге көмектескің келді?..

– Қор онкологиялық ауруларды зерттеумен айналысады. Мен оған ақша аудардым.

Бұл сенің жеке қаржың ба?

– Иә, мен бонус алған едім.

Тоқта, мен сені білемін ғой! Бұл ағылшын банкінің бонусы, бірақ, сол жарияланымда сені банкир деп атады. Суретте сен анағұрлым ересек, маңыздылау көріндің. Бұл сен екенсің ғой!

– 2014 жылдың басында оралған кезде, мен британдық ірі Barclays банк тобынан жоба алдым. Банк капитал бойынша әлемдік ондыққа кіреді. Оның 25 миллион клиенті бар. Жұмыстың бір бөлігін шалғайдан, бір бөлігін сол жерге барып, Лондонға іссапармен барып жасадым. Бар болғаны бір жарым жыл жұмыс істедім. Дербестелген бизнесті әзірлеумен айналыстым. Оларға клиенттің қандай түрі азық-түлік жүйесінде нені пайдаланатынын түсіну маңызды болды: кофені жақсы көретіндер бар, біреулер велосипед сатып алады... Яғни, біз транзакциялық қызмет бойынша тұтынушылық артықшылықтарға талдау жасадық, тұтынушының портретін, оның азық-түлік жүйесі бойынша басқалармен ұқсастығын жасақтадық. Банкке тұтынушылық артықшылықтарды ескере отырып, қандай қаржылық өнімді ұсыну керектігін білу керек болды. Жоба аяқталған кезде маған бонус тағайындады – жоба банкке қомақты ақшалар әкелді, мені осылайша марапаттады. Мен мұны күткен жоқ едім, бірақ, солай болған екен, көптен бері ойымда жүрген нәрсе еді. Бірден бұл ақшаны қорға беруге шешім қабылдадым. Француздың бұл қоры қатерлі ісіктің барлық түрін зерттейді, туындау себептерін іздейді. Мәселен, жатыр мойнының қатерлі ісігін инфекцияның тудыратыны дәлелденген. Тиісінше, оған қарсы вакцина ойлап тапты. Демек, қатерлі ісіктің басқа да түрлерімен күресуге болады. Бастысы, туындау себебі мен әсер ету механизмдерін анықтау керек. Мұны қалай түсіндіру керектігін, тіпті білмеймін... Жай ғана көмектескім келді. Менің айналамдағы жақын адамдарымның көбі осы сырқаттан зардап шекті. Әлемде қазір ресми мәліметтер бойынша, 30 млн-дай адам осы сырқатқа шалдыққан, 2025 жылға қарай қатерлі ісік әрбір алтыншы адамда анықталатын болады... Біз қатерлі ісік туралы өте аз білеміз. Оның қайдан пайда болатынын, оны не істеу керектігін білмейміз. Химиялық терапия тағайындаған кезде базалық бастапқы курс беріледі. Содан кейін пациенттің жағдайына қарап, одан дозаны 20 пайызға көбейтеміз бе, жоқ па деп сұрайды. Яғни, бұл қисынсыз – медицинадан хабары жоқ пациент препараттар дозасын қаншаға көбейту керек деген шешімді қабылдауға тиіс! Ғылымға сай келмейтін тәсіл, тіпті Америкада да осылай емдейді. Сондықтан мен құпия жарна салдым. Қалай жұмсау жолдарын олар өздері табады.

2 миллион доллар 25 жастағы жігіт үшін біздің тұрмысымызда ақылға сыймайтын сома. Сені құшақтауыма бола ма? ...Сен бұл шешіміңе бірде бір рет өкінген жоқсың ба?

– Жоқ, неге? Менің бұл ақшаға жоспарларым да болған жоқ. Ондай қаражатты тағы да  таба аламын деп ойлаймын.


Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Ahz.kz

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға