Ауылдың қым-қуыт тірлігіне рең беретін, ара-тұра бір серпілтіп тұратын дүниелер болады. Соның бірі ат спортындағы түрлі деңгейдегі ат жарыстар. Яғни, аламан бәйге, құнан жарыс, тай жарыс, тоқ бәйге деген секілді дүниелер. «Елу жылда ел жаңа» демекші, заманның дамуы, селекцияның қол жетімді бола түсуі, басқа тұқымды жылқыларды елімізге әкеліп, өз климатымызға бейімдеу секілді дүниелер ауыл тірлігіне етене енгеннен бері бұл бәйгелердің де қашықтықтары өзгерді. Мәселен, осыдан он-он бес жыл бұрын орта есеппен тай жарысы 7–8 шақырым, құнан жарысы 12-15 шақырым, аламан бәйге 25-32 шақырым аралығында болатын. Атбегі бір бәйге атын ала жаздай 30 шақырымдық 5-6 жарысқа апара беретін.
Қазіргі таңда қазақтың жабы тектес, көнбіс, ұзақ жолға шыдамды аттары арнайы ұйымдастырылған жарыстарда 30-40 шақырымдық бәйгелерге қосылып жүр. Асыл тұқымды, таза қанды жылқылар бұл қашықтыққа көп қосыла бермейді. Оның басты себептерінің бірі олардың жылдамдықтарының жоғары болуында. Сондай-ақ, бәйге ұйымдастырушылар көбіне ат спорты федерациясы бекіткен маусымдық кестелерге (күннің ыстығына не салқындығына байланысты жаз мезгілімен күз мезгілінің қашықтықтары бөлек болады) сүйеніп отырады. Баяғыда айтылатын «Ұшқыр жарыс» «Тоқ бәйге» қашықтықтары дәп осы тұқымдағы жылқыларға арналғандай. Қазіргі тайлар 1,5-2 шақырымға, құнандар 5-6 шақырымға, аттар 7-10 шақырым аралығындағы қашықтыққа шауып, мәре сызығын кесіп жүр.
Қазақтың қай ауылына барсаңыз да құс салмаса да ат жүгіртіп жүрген бірер азаматтың болатыны анық. Біздің бүгінгі кейіпкерлеріміз әр аймақтың өкілдері емес. Алақандай ғана бір ауылдан шыққан азаматтар. Сонымен, Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Талдыбұлақ ауылының атбегілері жайлы сөз қозғасақ...
Бұл ауыл ежелден бері көкпаршы, атбегілерімен ел аузында жүрген ауыл. Кеңес заманындағы шопан тойларында қосқан аты бәйгенің алдын бермеген Матай ақсақал осы ауылдан, Қайып ақсақалдың сауырына су толы тостаған қойсаң су төгілмес "Қайпаң жорғасы" әлі күнге ел есінде. Мінекей, осындай көнекөздердің ізін жалғастырып жүрген азаматтар әлі де баршылық.