Жаңалықтар

«Ата жолын қудым». Атом энергетика саласында 25 жыл жұмыс істеген маманмен сұхбат

«Ата жолын қудым». Атом энергетика саласында 25 жыл жұмыс істеген маманмен сұхбат
Фото: кейіпкердің жеке мұрағатынан 28.09.2024 10:30 1133

28 қыркүйек – Қазақстанда атом саласы қызметкерлерінің күні атап өтіледі.  Бұл күн атом өнеркәсібі және энергетика саласындағы қызметкерлердің еңбегін мойындау және олардың қоғамдағы рөлін бағалау мақсатында белгіленген. Қазақстан ядролық технологиялар мен энергия көздеріне қатысты көптеген маңызды жобаларды жүзеге асырған елдердің бірі. Әсіресе, бұл күнде атом энергиясы қауіпсіздігі, бейбіт мақсаттағы ядролық технологияларды пайдалану, және ядролық қару таратпау мәселелері ерекше маңызға ие. Бұл мереке ядролық физика, энергетика, қауіпсіздік және экология салаларындағы мамандардың маңызды үлесін атап өтетін күн болып табылады. Осы орайда  El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі атом энергетика саласында 20 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан Максим Коровинмен тілдесіп, Қазақстанның атом саласындағы әлеуеті туралы сұрады.

Максим Коровин – 42 жаста. Оның ата-анасы мен ата-әжесі де Қазақстанның атом саласында елеулі еңбек сіңірген жандар. Олардың барлығы Маңғыстау атом энергетика комбинатында жұмыс істеген. Бүгінде еңбек өтілі 52 жылды құрайды. Максим Коровиннің сөзінше, оның балалары да осы салада жұмыс істеп ата мен әке жолын жалғастыруды мақсат тұтып отыр. Әке ретінде балаларының бұл таңдауына еш қарсылық білдірмеген.  

Менің атам Василий Николаевич 1972 жылы Қазақстанға Нижний Новгород қаласынан көшіп келіп, Ақтаудағы МАЭК-қа жұмысқа тұрады. Ол ата-анасымен, әйелімен бірге көшіп келді. Әжем де атаммен бір жұмыс орнында істеді. Осылайша, біздің әулетіміздің МАЭК-тағы династиясы басталып, негізін қалады. Атам мен әжемнің, әкем мен анамның еңбек жолын көріп өскен бала ретінде мен де кішкентай кезімнен солар сияқты болуды армандадым. Нәтижесінде ата жолын қудым. Бүгінде менің 3 балам бар. Олардың екеуі қазірде ер жетіп қалды. Олар да ата жолын қуып, МАЭК-те жұмыс істейміз деп мақсат құрып отыр. Әрине, балаларымның шешіміне қарсы шықпаймын. Оларды әрдайым қолдаймын. Себебі осы салада жұмыс істеп жатқаным үшін бір сәт те өкінбедім және ата-анам мен ата-әжемнің де жанарынан өкінішті байқамадым, - дейді кейіпкеріміз.

Максим Коровинге биыл МАЭК-те жұмыс істеп жатқанына 22 жыл болды. Оның ағасы Алексей Коровин де осы салада 20 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді. Алексей де, Максим де өз ісіне берік, білікті мамандар.

Максим МАЭК-те ең алғаш қызмет жолын металл өндеуші болып бастаған. Кейін негізгі жүйелер операторына ауысқан. 7 жылға жуық МАЭК-те инженер қызметінде де болған. Ал 2016 жылдан бері аға реактор операторы, пайдалану және жөндеу бөлімінің ауысым бастығы қызметтерін атқаруда. Сөзінше, оның атасы Василий Николаевич экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан ұзақ жылғы еңбегі үшін марапат алып, құрметке бөленген.

1990 жылдары жұмыс, жалақы болмағанда халықтың көбісінің жағдайы қиын болды. Жұмысы бар адамдардың өзі айлық алмайтын немесе айлығын ұзақ күтетін кездері болған. Дегенмен МАЭК-те жұмыс істегендер аз да болса айлық алып, күндерін сомен көріп отыратын. Ол заман барлығымыз үшін оңай болмады. Сол уақыттарда онда мамандар жұмыс істемегенде бүгінгідей көрсеткішке жетпес едік, өндіріс мүлде жоғалып кетуші ме еді?! Менің анам да сол қиын заманда үлкен лауазымды қызметті атқарды. 1992 жылы ТТЗ зауытында, химиялық комбинаттың бас диспетчері қызметін атқарды, - дейді Максим.

Кейіпкеріміз соңғы жылдары елімізде күн тәртібінен түспей тұрған тақырыптардың бірі – АЭС құрылысына қатысты өз ойын айта кетті.

Атом электр станциясын бүгін көтермесек те, болашақта бәрі бір бұл тақырып көтерілетін еді. АЭС-тің қажеттілігі туындайтыны сөзсіз еді. Сондықтан мен АЭС құрылысын қолдаймын. Қазақстанның энергетика әлеуетіне үлкен жаңалық әкелетін құрылыс болмақ. Сонымен қатар бұл бастама Қазақстанның әлемдегі бейбіт атомы бар елдердің қатарына қосылатын болады. Жас буынға, жас мамандарға атом саласында жұмыс істеуден қорықпаңдар деп айтар едім. Себебі атом энергетикасы өте қызықты салалардың бірі, - дейді маман.

Атом саласы – заманауи әлемдегі ең маңызды және күрделі салалардың бірі. Ол тек энергетика ғана емес, ғылымның әртүрлі салалары, медицина және экологиямен тікелей байланысты. Атом энергиясы өндірісі, оны қауіпсіз пайдалану және дамытудың стратегиялық бағыттары халықаралық деңгейде маңызды болып келеді. Қазақстан да бұл салада айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, әлемдік аренада өз орнын қалыптастырғанын айта кетті.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға