El.kz/Артем ЧУРСИНОВ

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

Биыл Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толады. Осыған орай елімізде «Ата Заң – тәуелсіздік тірегі» атты ұлттық жоспар қабылданып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін ҚР Президентінің архиві тарихи-құжаттық көрме мен дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлайды  El.kz интернет порталы.

Жиында архив қызметкерлері, заңгерлер, судьялар мен ғалымдар Конституцияның қоғамдағы орны мен оның тарихи маңызы жөнінде ой бөлісті.

Шараны ашқан Президент архивінің директоры Әлия Мұстафина Конституцияның түпнұсқасы мен оған қатысты құнды құжаттардың мұнда сақталуының символдық маңызына тоқталды. Оның айтуынша, архив құжаттары – тек өткенді еске салатын жәдігер емес, әділеттілік пен демократиялық қағидаларды дамытуға жол ашатын тарихи дереккөз.

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Конституция – тәуелсіздігімізді бекітіп, мемлекеттілігімізді айқындаған құжат. Архивтің басты міндеті – оны сақтау ғана емес, сонымен бірге мазмұнын зерттеп, қоғамға жеткізу. Бүгінгі басқосу осы мақсатқа қызмет етеді, – деді ол.

Мәжіліс депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапақ өз сөзінде Конституциядағы құндылықтар ел дамуының берік іргетасы екенін атап өтті. Ал Конституциялық сот судьялары Сергей Ударцев пен Еркін Оңғарбаев Ата Заңның ғылыми негіздері мен сот жүйесінде қолданылу тәжірибесіне тоқталды. Жиынға онлайн қатысқан Париж Пантеон-Сорбонна университетінің профессоры Патрик Доля да құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан мен Франция Конституцияларының ортақ тұстарын атап өтті.

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері Франциямен тығыз байланыс орнатып келеді. Архив саласындағы ынтымақтастық – демократиялық даму мен азаматтардың мемлекетке деген сенімін арттыру жолындағы маңызды қадам, – деді.

Көрмеде Конституция жобалары, сараптамалық қорытындылар, талдамалық жазбалар мен халықтан түскен ұсыныстар қойылды. Бұл экспонаттар заңның қабылдану барысындағы қоғамдық пікірдің рөлін айқын көрсетеді.

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Архив қабырғасында бұған дейін Конституциялық сот өткізген балалар шығармашылығы байқауының жеңімпаздары да экскурсияға қатысып, Ата Заң тарихымен танысты.

Қазақстан Республикасы Президенті архивінің ғылыми және қолданбалы зерттеулер орталығының басшысы Нұрбек Шаяхмет:

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Бүгінгі дөңгелек үстел Конституцияның 30 жылдығына арналған кешенді шаралар аясында ұйымдастырылып отыр. Оның басты ерекшелігі – Конституцияның түпнұсқасы біздің архивте сақталуы. Сонымен қатар іс-шараға Парламент депутаттары, Конституциялық сот өкілдері, сондай-ақ 1995 жылы Ата Заңды қабылдау кезіндегі сарапшылардың бірі – белгілі заңгер қатысуда, – деді.

Сондай-ақ орталық басшысы тарихи құжаттық көрмеде Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» секілді деректерден бастап, Шоқан Уәлихановтың сот реформасы жайлы еңбектері, Абайдың Қарамола ережесі, Алаш қозғалысының бағдарламасы мен Қарқаралы петициясына дейінгі құнды материалдар қойылғанын атап өтті.  

Ата Заңға 30 жыл: Президент архивінде тарихи көрме мен дөңгелек үстел өтті

El.kz/Артем ЧУРСИНОВ 

Айта кетейік, ҚР Президентінің архиві – ХХ ғасырдан бастап тәуелсіздік кезеңіне дейінгі әлеуметтік-саяси тарихты сақтап отырған ең ірі мемлекеттік мекемелердің бірі. Мұнда 1,5 миллионнан астам іс бар, оның ішінде 1995 жылғы Конституцияның түпнұсқасы, Президенттің жарлықтары, заңнамалық актілер, сондай-ақ ел азаматтарының мемлекет басшысына жолдаған хаттары да сақталған.