«Ата-анасын діни радикалдар өлтірген». «Қайсарға» келген Виктор Мозес кім?
24 қаңтарда Қызылорданың «Қайсар» футбол клубы әлемдік футболда аты қалған, тағдыры киноға сұранып тұрған 35 жастағы нигериялық жартылай қорғаушы Виктор Мозеспен келісімшартқа қол қойғанын ресми түрде жариялады. Бұл жаңалық Қазақстанмен ғана шектелмей, шетелдің спорт басылымдарында да кеңінен тарады. Себебі Мозес – тек тәжірибелі ойыншы ғана емес, өмірдің ең ауыр соққысын бастан өткеріп, соған қарамастан биікке көтерілген тұлға.
Виктор Мозес Қызылордаға табаны тиген бетте-ақ клубқа деген ықыласын жасырмай, алаңға шығатын сәтті асыға күтетінін айтты да, сөзін қазақ жанкүйеріне ұнайтын бір ауыз тіркеспен түйіндеді: «Алға, «Қайсар!». Ендеше, бұл футболшы кім? Оның артында қандай тағдыр, қандай жол жатыр?
Қанды қақтығыстан тірі қалған бала
Виктор Мозестің өмірбаяны – жай ғана спорттық жетістік тарихы емес, адам төзгісіз қайғы мен үміттің араласқан шежіресі. Ол діндар отбасында дүниеге келген. Әкесі Остин – шағын шіркеуде пастор, анасы Джозефина – үй шаруасында жүріп, күйеуіне көмектескен жан. Мозестер отбасы Нигерияның солтүстігіндегі Кадуна қаласында тұрған. Бұл аймақ – христиан мен мұсылман қауымы арасындағы діни қақтығыстар жиі тұтанатын қауіпті өңір.
2002 жыл. Виктор небәрі 11 жаста. Кадунада кезекті діни қақтығыс бұрқ ете түседі. Көпшілік қаладан үдере көшкенімен, Мозестің ата-анасы жаралылар мен мұқтаж жандарға көмектесу үшін қалып қояды. Ал Виктор үшін күн бір сарында өтетін: таңнан кешке дейін жалаңаяқ доп қуалау.
Алайда ақпан айы оның өмірін мәңгіге өзгертті. Ол сол кезеңді кейінірек The Guardian басылымына берген сұхбатында ауыр күрсініспен еске алады:
«Мен әдеттегідей футбол ойнап жүргенмін. Кейін бір хабар жетті. Сол сәтте есімнен танып қала жаздадым. Мұсылман радикалдары ата-анамды өлтіріп, үйіміз бен шіркеуді өртеп жіберіпті».
Келесі құрбан Виктордың өзі болуы тиіс еді. Радикалдар оны бірнеше күн бойы іздейді. Бірақ шапшаң бала достарының үйінде жасырынып жүріп аман қалады. Ақыры ағасы жасырын түрде елден шығарып, Ұлыбританияға жібереді. Осылайша, 11 жастағы нигериялық бала босқын ретінде Англияға табан тірейді.
«Маған бәрібір еді. Ата-анам жоқ болған соң әлемнің мәнін жоғалғандай болды. Ағам Англияда жақсырақ болатынын айтты. Маған бәрібір көрінді: достарымнан да, одан да, бәрінен де жырақтап, сабыр сақтап, кете бардым».
Біраз жыл өткен соң, Мозес көшбасшы болған Нигерия құрамасы Кадунада матч өткізетін болды. Бірақ Виктор бұл кездесуден үзілді-кесілді бас тартты: «Жоқ, мен әлі дайын емеспін. Ішкі ауырсыну әлі басылған жоқ. Бір күні ол жаққа бара аламын ба, білмеймін».
Англиядағы жаңа өмір
Лондонның оңтүстігіндегі бір отбасы Викторды қамқорлығына алады. Ол Стэнли техникалық орта мектебінде оқи бастайды. Алайда жаңа ел, жаңа мәдениет, ең қиыны – бөтен тіл. Мозес бір ауыз ағылшын білмейтін. Достасу да, ойын жеткізу де қиын болды.
Оның жалғыз жұбанышы – футбол. Алаңға шыққанда қайғысын да, жалғыздығын да ұмытатын.
Виктор жергілікті әуесқой «Космос 90» командасының жаттығуын сырттай бақылап жүретін. Күндердің күнінде жүрексініп жүрсе де, батылдық танытып, бас бапкер Тони Лоизиге өзі келеді.
Бапкер кейін сол сәтті былай еске алады:
«Біз лигадағы ең әлсіз командалардың бірі едік. Ол жаттығуға қосылуға рұқсат сұрады. Алғашқы 30 минутта-ақ мені таңғалдырды: дриблинг, финт, жылдамдық – бәрі бар».
Жаттығудан кейінгі диалог тіпті таңғаларлық. Виктор ешбір академияда, ешбір клубта тіркелмеген, тек көшеде ойнап өскен бала болып шықты. Бұл – миллионнның бірінде ғана кездесетін жағдай еді.
Көз жасына қалған қақпашы және жарқ еткен жұлдыз
Мозестің дебюті де есте қаларлық болды. «Космос 90» қарсыласын 10:1 есебімен ойсырата жеңіп, Виктор сегіз гол соқты. Тағы бір ойында ол қақпашыны екі рет алдап өтіп, бос қақпаға гол салғанда, қарсылас қақпашы жылап, оның анасы алаңға жүгіріп шығып, Мозесті сөмкемен ұрғаны бар.
Сол күннен бастап Викторға қызыға қарайтындар көбейді. Көп ұзамай оны «Кристал Пэлас» скауттары байқап, академиясына шақырды. Клуб оның оқуына дейін қаражат бөліп, Уитгифт атты беделді жеке мектепке орналастырды.
16 жасында Виктор Мозес «Кристал Пэлас» сапында кәсіби футболдағы алғашқы ойынын өткізді. Арманы орындалды. Одан кейін мансап-тасы өрге домалады. Бірінен соң бірі ірі клубтармен келісімшартқа отырды: «Уиган», «Челси», «Ливерпуль», «Интер», Түркиядағы «Фенербахче», Ресейдегі «Спартак».
Ол Англия чемпионы атанды, Еуропа лигасын екі рет жеңді, Нигерия құрамасымен Африка чемпионы болды. Әлем чемпионаттарында да гол соқты.
Қызылордаға келген жаңа көшбасшы
Енді, міне, Виктор Мозес Қызылорданың «Қайсарына» келіп отыр. Ол 1+1 формуласы бойынша келісімшартқа қол қойды. Оң қапталда да, қорғаныста да, вингер ретінде де ойнай алады.
Иә, Виктор баяғыдай қылшылдап тұрған жас емес. Бірақ ҚПЛ деңгейінде оның тәжірибесі – алтынмен тең. Бұған дейін бұл лигада Аршавин, Тимощук, Вагнер Лав сынды жұлдыздар ойнағанын ескерсек, Мозестің де өз ізін қалдыруға толық мүмкіндігі бар.
Виктор Мозес – жай ғана легионер емес. Ол – соғыс пен қасіретті көріп, жетімдік пен босқындықты бастан өткеріп, соның бәрін футбол арқылы жеңген адам. «Қайсар» оның мансабындағы соңғы үлкен тараудың бірі болуы мүмкін. Ал Қызылорда жанкүйерлері үшін – бұл сенім мен үміттің символы.
Бәлкім, ол «Қайсарды» еурокубокке бір өзі алып шықпас. Бірақ командаға мінез, тәжірибе және жеңіске деген сенім әкелетіні анық.
Виктор Мозес ойнаған клубтар:
«Кристал Пэлас» (Англия)
«Уиган» (Англия)
«Челси» (Англия)
«Ливерпуль» (Англия)
«Сток Сити» (Англия)
«Вест Хэм» (Англия)
«Фенербахче» (Түркия)
«Интер» (Италия)
«Спартак» (Ресей)
«Лутон Таун» (Англия)
Жетістіктері:
Англия чемпионы – 2016/17 жж
Англия кубогы иегері – 2017/18жж
Еуропа лигасы жеңімпазы – 2012/13, 2018/19жж
Ресей кубогы иегері – 2021/22жж
Африка чемпионы – 2013жж
Ойын статистикасы:
АПЛ
220 ойында – 20 гол 20 пас
А сериясы
12 ойында – 5 ассист
Чемпиондар лигасы
8 ойында – 1 гол, 1 пас
Еуропа Лигасы
21 ойын – 5 гол, 5 пас
ӘЧ 2014
2 ойын
ӘЧ 2018
3 ойын – 1 гол, 1 пас
Нигерия құрамасы:
38 ойын – 12 гол (2012-2018).

