«Ата-анасы Өзбекстанның мақтанышы». Мәнерлеп сырғанаудың мықтысы Илья Малинин жайлы не білеміз?
Мәнерлеп сырғанау спортында АҚШ спортшысы Илья Малинин көш бастап тұр. Бір қарасаң, мұхиттың ар жағында тұратын мемлекет үшін таныс емес есім. Ол Миланда өтіп жатқан Олимпиада ойындарында күрделі элементтерді мүлтіксіз орындап, 108,16 ұпай алды. Қысқа бағдарламасында төрт айналымды флип, үштік аксель және төрттік лутц пен үштік тулуптан тұратын каскад жасады. Бәрін айт та бірін айт, артқа сальто (backflip) жасағаны тағы бар. Олимпиадаға алтын алудан бөлек, тарихта қалатын жаттығу жасау үшін келгені хақ. Сонымен, талайды таңдандырған Малинин кім?
Америкада тұрса да, орысша сөйлейді
Илья Малинин – америкалық мәнерлеп сырғанаушы, ұлты – орыс. 2004 жылы Виргиния штатындағы Фэрфакс қаласында дүниеге келген. Ата-анасы – әйгілі конькишілер Татьяна Малинина мен Роман Скорняков. Олар Ресейде туып-өскенімен, кәсіби мансабын Өзбекстанда жалғастырған. Осы елдің атынан Олимпидаға қатысып, түрлі жарыста бақ сынаған. 2000 жылдары АҚШ-қа қоныс аударып, жас спортшыларды жаттықтыруға кіріскен. Олар Америкада тұрғанымен, үйінде таза орысша сөйлейді.
Футболшы болғысы келген
Ильяның мұзда еркін тыныстап, құстай ұшатыны – қанында бар қасиет. Өйткені ата-анасы да, атасы да – мәнерлеп сырғанауға ғұмырын арнаған адамдар. Татьяна да ұлы осы спорт түріне қызықпаса, қолқа салмауға бекінген. Тумысынан белсенді бала алдымен футбол ойнайды, артынша гимнастикамен айналысады. Арасында мұзайдынына келіп, анасының жұмысын бақылайды. Осы көрініс алты жасар Ильяға әсер еткені сонша, анасынан сырғанауды үйретуін сұрайды. Алғашқы қадамынан-ақ бәрі оның таланты барын байқайды.
Десе де Малинин мәнерлеп сырғанау мен футболдың арасында ұзақ таңдау жасаған. Жасөспірім шағында бірнеше рет конькиін тастап, футболға кеткісі келген. Ата-анасы да ұлын райынан қайтаруға тырыспаған. Өзіне таңдау беріп, шешім шығаруды үйренсін дегені болар.
Сөйтіп жүргенде атасы Валерий Малинин немересін шақырып алып, футболда да жаттығу керегін, тіпті мәнерлеп сырғанаудан да көп еңбектенетінін айтады. Мұзда 4,5 минут сырғанайтынын, ал жасыл алаңда кемінде 1,5 сағат жүгіретінін ескертеді. Осылайша, атасының ақылын тыңдаған ұл қазір әлемді бағындырып жүр.
Мәнерлеп сырғанаушылар династиясы
смотреть эту публикацию в Instagram
Атасы демекші, ол кісі әлі күнге дейін Новосібірде жас мәнерлеп сырғанаушыларды баптайды. Асау мінезді ұлға дәл атасының жаттығу тәсілі, тілін таба білетіні ұнайды. Валерий мен Татьянаның жетелеуімен бірнеше ай жаттыққан соң, мұзда еркін тұрады. Сонда өзі-ақ жарысқа қатысуға ниет білдіреді.
Көзінде оты бар, мұзда нық тұратын балаға көптің көзі түседі. Анасының айтуынша, оған алғашқы жарыста-ақ көрермен алдында өнер көрсеткен ұнайды. Жарысқа өзі сұранып, жанкүйерін турнир сайын таңдандыруды мақсат етеді. Малининнің ерекшелігі де – осы. Ол – дегеніне жетпей қоймайтын мінезді спортшының бірі. Сондай-ақ бір әулеттен шыққан мәнерлеп сырғанаушылардың үшінші буыны.
Оны «Квадтар королі» деп атайды
Иә, Малинин ұпай алудан алдына жан салмайды. Бағдарламасын қиын элементтермен «көмкеріп» қоятыны да содан. Кейбір сарапшылар Ильяның байланыстырушы элементтті аз қолданатынын айтады. Десе де, ол 2022 жылдың қыркүйегінде Лейк-Плэсидтегі US International Classic турнирінде рекорд орнатты. Малинин жарыс барысында төрт жарым айналымнан тұратын, әлемдегі ең күрделі төрттік аксельді таза орындады. Сөйтті де осы элементті таза орындаған тарихтағы алғашқы мәнерлеп сырғанаушы атанды. Осы жетістігі үшін Гиннестің рекордтар кітабына енгені бар.
Мұнымен тоқтамай, 2025 жылы қарашада Канададағы Гран-при кезеңінде алты төрттік (тлуп, сальхов, риттбергер, флип, лутц, аксель) секіріс жасап, 228,97 ұпай алды. Яғни, әрбір элементті төрт рет айналып, таза секірді (айналып). Ал Жапонияда өткен Гран-при финалында жеті төрттік секіріс орындап, соның ішінде төрттік аксель де бар. Төрешілер оның еркін бағдарламасына 238,24 ұпай берді. Естеріңізде болса, осыдан төрт жыл бұрын бес рет төрттік элемент жасау нағыз шебердің ісі саналатын. Сондықтан Ильяны «төрттіктердің құдайы» немесе «квадтар королі» деп атайды.
50 жыл тыйым салынған элементті орындады
Илья Малинин Олимпиада ойындарында артқа сальто жасаған алғашқы мәнерлеп сырғанаушы атанды. Бұл әсерлі акробатикалық элементке жарты ғасыр бұрын (1976 жылы) тыйым салынған-ды. 2024 жылдың жазында Халықаралық конькишілер одағы (ISU) ресми түрде шектеуді алып тастады. 2024/2025 маусымынан бастап бағдарламаға сальто қосуға рұқсат берді. Малинин тарихи өзгерісті тиімді пайдаланды. Ол Милан–Кортина Олимпиадасында командалық сында артқа сальтоны (қысқа бағд.) сәтті орындап, қорытындысында екінші орын алды. Ал командалық жарыстың еркін бағдарламасында бұл элементті қайталап, бір аяқпен сальто жасады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Арманы – бес айналымды аксель
Малинин әлем чемпионаттары мен Гран-при финалдарында екі рет жеңіске жетті, қазір әлемдік рейтингте көш бастап тұр. Бірақ ол мұнымен тоқтамақ емес. Ендігі меже – бес айналымды аксель. Ол бір сұхбатында осыдан 20-30 жыл бұрын үштік аксель орындау мүмкін еместей көрінгенін, қазір спортшылар төрттік аксельді оңай еңсеретінін айтқан.Өзінің бес, тіпті одан да көп айналымға секіре алатынына сенеді.
Ерте тұрады, бейнеойын ойнайды
Илья күнтәртібін қатаң ұстанады. Таңғы алтыда тұрады, бір сағат жаттығады. Түскен дейін мектепке барады, кешкі сағат беске дейін қайта мұз айдынында дайындалады. Жарыс алдында көңілді видео көреді, бейнеойын ойнайды. Кейде жай ғана Олимпиада қалашығында серуендейді. Осылайша, толқуын басып, іске кіріседі. Одан бөлек, Малинин компьютерлік ойын ойнауды, сән трендтерін қадағалауды, рэп тыңдағанды ұнатады. Оның сүйікті орындаушысы – Eminem мен NF. Сондай-ақ қорқынышты фильм мен суперқаһармандар туралы кино тамашалағанды жақсы көреді.
Жетістіктері:
- Әлем чемпионаты (World Figure Skating Championships) – 2024ж, 2025ж (алтын)
- Гран-При Финалының үш дүркін чемпионы – 2023ж, 2024ж ,2025ж (алтын)
- Халықаралық Гран-При кезеңдерінің жеңімпазы – 2025 (SCI, алтын), (Grand Prix of France) алтын
- АҚШ-тың төрт дүркін чемпионы – 2023ж, 2024ж, 2025ж, 2026ж
- Олимпиадада командалық сында алтын медальға ие болды – 2026ж

