Жаңалықтар

Ата-ананың мазасы кететін мектеп формасының бағасы қанша болып жатыр?

Ата-ананың мазасы кететін мектеп формасының бағасы қанша болып жатыр?
Фото: ©El.kz 16.08.2023 16:01 3163
Жадыраған жаз да аяқталып, көзді ашып-жұмғанша балалардың демалыс маусымы  да зырылдап өте шықты. Тамыз айы туа бастағаннан-ақ кезекті оқу жылына баласын қамдайтын ата-анадан маза кетеді. Соның ішінде мектеп формасы – ата-аналар мен оқушылар үшін қашаннан-ақ өзекті мәселе. Жылда тамыз айы басталғанда мектеп формасының бағасы сөз болады. Ата-аналарға да оңай емес. Девальвация етектен қысқанда оқушылардың формасы да қымбаттап жатыр.  Биыл да 25-30%-ға өскен. Тіпті, ата-аналардың кейбірі оқу формасын сатып алу үшін несие алып, жыл бойы оны төлейтінін жасырмады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бөліп төлеуге, несиеге оқу формасын алу дұрыс емес - экономист 

Танымал экономист Мақсат Халықтың айтуынша, үнемдеуді ұмытпау керек.

Ата-ананың мазасы кететін мектеп формасының бағасы қанша болып жатыр?

Оқушыны мектепке дайындағанда әркім өз жағдайына қарағаны дұрыс. Барынша үнемдеуге тырысуы керек. Барлығын бірден алса, қалтаға салмақ түседі. Мәселен, көпбалалы отбасылар бар. Бес-алты баласы мектепке баратын ата-аналар бар. Осы жерде қаржылық сауаттылықтың пайдасы тиеді. Мұндай үлкен шығындарды жоспарлап, алдын ала ақша жинау керек. Тағы бір ескеретін жайт, қыркүйек айында көп киімдер қымбат болады. Өйткені бұл кезеңде барлығы оқу формасын іздейді. 1 қыркүйекте киіп баратын киім мен спорттық киімді ғана алып, қалғанын кейін алуға болады, - дейді ол.
Сондай-ақ экономист ата-аналардың оқушыны несиеге киіндіруі жақсы үрдіс емес екенін айтты.
Оқу формасын несиеге алу дұрыс емес деп ойлаймын. Мейлі оны бөліп төлеуге рәсімдесін, мұны қолдамаймын. Несиеге алып жатыр деген сөз – еліміздегі азаматтардың қалтасына салмақ салып жатыр деген сөз. Несиеге білім алса, мен оны түсінер едім. Өйткені ол – инвестиция, білім, адами капитал қайтады. Ал киім алу былай қырағанда құр шығын. Бала тез өсіп кетеді. Әр жыл сайын мектеп формасы осылай қымбаттай берсе, жақсы үрдіс емес. Не киімнің бағасы қолжетімді болуы керек. Немесе мемлекет халықтың табысын арттыруды ойлауы керек. Жылдан-жылға халықтың жағдайы нашарлап бара жатыр, - дейді Мақсат Халық.
Қымбатшылықты сатушылар да мойындайды. Тауарды Қырғызстан, Қытай, Түркиядан алдырып келеді, ал отандық өндірістегі мектеп формаларының көтерме бағасының өзі қалтаға ауыр тиетінін айтады. 

Бір балаға 67 мың теңге жұмсадым

Facebook әлеуметтік желісінде «Оқу формасына қанша ақша жұмсайсыз?» деп сауалнама жүргізіп көрдік. Шығысқазақстандық Жанар Әмірбаеваның айтуынша, биыл оқу формасы айтарлықтай қымбаттаған. Оның мектеп жасындағы төрт баласы бар. Оқу жылы басталып, оқуға қажетті форма мен құралдарды түгендегенде, қалтаға кәдімгідей салмақ түсетінін айтады.
Үйде төрт оқушы, бірақ тек біреуіне ғана оқу формасын жаңадан аламыз. Кішілері үлкенінен қалғанын киеді. Бір оқушының тек киіміне ғана 67 мың теңге жұмсадық. Өткен жылғы портфельдерін ұстайды, - дейді ол.
Ал шымкенттік Данагүл Кантаева базардан төрт немересіне 158 мың теңге қаражатқа оқушы киімін алған. Бұл  барынша үнемделіп жұмсалғанда кеткен қаражат. Астаналық Мөлдір Қаржаубай 1-сынып табалдырығын аттаған ұлына 80 мың теңге жаратқан. Ол әлі костюм мен туфли алмағанын айтады.
Кеше 1-сыныпқа қадам басатын ұлыма мектепке киетін форма сатып алып келдім. Бағаларды бір-бірімен салыстырып, арзанын қарап алғанда, 80 мың теңгеге шықты. Костюм алмай, тек 4 рубашка, 2 шалбар, 5 ақ майка, 2 ақ футболка, дене шынықтыруға арналған шалбар, кардиган, жилет, кроссовки, рюкзак сатып алдым, - деді ол.
Ата-аналардың сөзінше, оқушы киімінен бөлек оқу құралдарының өзі қымбаттап кеткен.
Екі баланың оқу құралына 26 мың теңге жұмсадым. Әзірге форма алмаймыз. Былтырғы киімдерін киеді, - дейді Сая Тілектес.

Балаларымды мектепке дайындау үшін несие алатын едім – ата-ана

Алты бала тәрбиелеп отырған Гүлнәр Әбдібаеваның айтуынша, ол балаларының оқу формасын алып беру үшін жылда қыркүйекте несиеге кіреді.
Құдайға шүкір, алты баланың соңы биыл бітірді. Әйтпесе, жылда алты балаға оқу формасын алу үшін кредит аламыз. Сол кредитті бір жыл сорлап жабамыз. Кеше базарға барып, мектеп базары деген жазуды көріп, бойымды суық тер басты. Балалардың оқу формасына тиын санап, жеткізе алмай жүрген кездерім көз алдыма келді, - деді ол.

Дүкендердегі бағалар қандай?

Елордадағы офлайн дүкендерді аралап, онлайн дүкендерді саралап, бір оқушыны киіндіруге қанша сома кететінін шамалап көрдік.
Дүкендегі киім бағалары:
Белдемше – 10 000 теңге
Қыздарға арналған ақ жейде – 9000 теңге
Қысқа жең жейде – 5000 теңге
Сарафан – 14 000 теңге
Пиджак – 16 000 теңге
Шалбар – 14 000 теңге
Кроссовки – 25 000 теңге
Туфли – 20 000 теңге
Жемпір – 9000 теңге
Жилет – 5000 теңге
Спорттық костюм – 13 000 теңге
Портфель – 9000 теңге
Біздің есептеуімізше, қыз баланы мектепке дайындау үшін оған 149 мың теңге қажет. 


Мектеп формасына қойылатын талаптар өзгереді 

Айтпақшы, биылдан бастап, Қазақстанда мектеп формасына қойылатын талаптар өзгереді. Бұл туралы  оқу-ағарту министрінің тиісті бұйрығында жазылған.

Сонымен ұл балаларға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, шалбар, көйлек, күнделікті көйлек. Бұл ретте шалбар кең, ұзындығы тобықты жауып тұруы керек. Қыста тоқылған кеудеше қосуға болады. Галстук классика формасында болуы және негізгіге немесе мектеп формасының түсіне сай болуы керек.

Қыздарға арналған мектеп формасы: пиджак, жилет, юбка, сарафан, шалбар, классика стиліндегі блузка. Шалбар да кең болуы керек және ұзындығы бойынша тобықты жабуы керек. Қыста тоқылған кеудеше қосуға болады. Бірақ белдемшенің ұзындығын білім беру ұйымы мен қамқоршылық кеңес белгілейді, содан кейін жалпы мектептік ата-аналар жиналысының хаттамасымен бекітіледі.

 
Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға