freepik.com

Ата-аналарға ескерту: ойын алаңының қауіпсіз екенін қалай білеміз?

04.03.2026 18:00

Абай облысының орталығы Семей қаласында 3 наурызға қараған түні BALA PARK балалар ойын-сауық орталығында өрт шықты. ТЖМ мәліметінше, 112 нөміріне зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген, ғимараттағы адамдар өздігінен эвакуацияланған. Бұл жағдай балалар көп жиналатын орындардағы қауіпсіздік мәселесінің маңызын тағы да көрсетті. Баласын ойын-сауық орталығына апарған ата-аналар нені ескеруі керек? Қандай белгілер нысанның қауіпсіз екенін көрсетеді? Мұны ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасарының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев түсіндіріп берді.

Балалар ойын-сауық орталықтарындағы қауіпсіздік талаптары қандай?

Балалар ойын-сауық орталықтарында өрт, техникалық және пайдалану қауіпсіздігі талаптары қатаң сақталуы тиіс. Бұл нормалар  Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы №55 бұйрығымен бекітілген «Өрт қауіпсіздігі қағидаларында» және қолданыстағы құрылыс талаптарында көрсетілген.

Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, мұндай нысандарда адамдарды қауіпсіз эвакуациялауға мүмкіндік беретін жағдайлар міндетті түрде қарастырылуы керек.

  • Эвакуациялық шығу жолдары – бір мезгілде 50-ден астам адам болатын үй-жайларда, сондай-ақ жертөле мен цокольдік қабатта 15-тен астам адам жиналатын орындарда кемінде екі шығу жолы болуы тиіс;
  • Өрт дабылы – балалар ойын-сауық орталықтарында автоматты өрт дабылы және адамдарды эвакуациялау туралы дыбысты хабарлау жүйесі орнатылуы қажет;
  • Өрт сөндіргіштер – ғимарат ішінде көзге көрінетін әрі кез келген адам оңай қол жеткізе алатын жерде орналасуы тиіс.

Мұндай талаптар төтенше жағдай кезінде адамдарды қауіпсіз әрі жылдам эвакуациялауға мүмкіндік береді, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Ойын-сауық орталығы қызметкерлері қандай дайындықтан өтеді?

Балалар ойын-сауық орталықтарында қауіпсіздік талаптарын сақтау тек техникалық құралдарға ғана емес, қызметкерлердің дайындық деңгейіне де байланысты.

Руслан Қайрақбаев адамдар жаппай жиналатын нысандардың қызметкерлері өрт қауіпсіздігі бойынша арнайы оқытудан және нұсқамадан өткеннен кейін ғана жұмысқа жіберілетінін айтты.

Фото: Руслан Қайрақбаев

Ұйым қызметкерлерін өрт қауіпсіздігі шараларына оқыту тәртібі Төтенше жағдайлар министрлігінің 2014 жылғы 9 маусымдағы №276 бұйрығымен реттеледі. Бұл оқыту қызметкерлердің өрт болған жағдайда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға бағытталған, – дейді ол.

Маманның сөзінше, мұндай дайындық қызметкерлерге төтенше жағдайда адамдарды қауіпсіз эвакуациялауға көмектесіп, балалар мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Ойын-сауық орталығында адам саны шамадан тыс көп болса, қандай қауіп бар?

Балалар ойын-сауық орталықтарында адамдардың шамадан тыс көп жиналуы қауіпсіздікке елеулі қатер төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда төтенше жағдай кезінде дүрбелең туып, адам қозғалысы қиындайды: 

  • Кептеліс пайда болады – адамдар бір мезетте шығуға тырысқанда қозғалыс баяулайды;
  • Балалардың тапталу қаупі артады;
  • Эвакуация уақыты ұзаруы мүмкін.

Әрбір ойын-сауық нысанының сыйымдылығы алдын ала есептеліп бекітіледі. Егер зал ішінде еркін қозғалу қиын болса, бұл белгі белгіленген нормалардың сақталмауы мүмкін екенін көрсетеді, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Ата-аналар ойын-сауық орталығына барғанда нені тексеруі керек?

Баласын ойын-сауық орталығына ертіп барған ата-ана,ең алдымен, нысанның қауіпсіздігіне назар аударғаны жөн.

Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, ата-аналар келесі жайттарға мән беруі керек:

  • Эвакуациялық шығу жолдары – олар ашық болуы керек және ешнәрсемен бөгелмеуі тиіс;
  • Эвакуация жоспары – ғимарат ішінде көзге көрінетін жерде ілініп тұруы қажет;
  • Өрт дабылы мен хабарлау жүйесі – төтенше жағдайда адамдарды дер кезінде ескерту үшін жұмыс істеп тұруы тиіс;
  • Өрт сөндіргіштер – кез келген адам оңай көріп, қол жеткізе алатын жерде орналасуы керек.

Егер ойын-сауық орталығында шығу жолдарын табу қиын болса, бұл нысанның қауіпсіздігіне күмән тудыруы мүмкін, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Қандай белгілер ойын-сауық орталығында қауіптің бар екенін көрсетеді?

Кейде ата-аналар қауіпсіздік талаптарының бұзылғанын бірден байқамауы мүмкін. Дегенмен кейбір жанама белгілер нысанда қауіптің бар екенін аңғартуы ықтимал. Ата-аналар мынадай жағдайларға назар аударуы керек:

  • Ұйымдастырудағы ретсіздік – қызметкерлердің балаларды бақыламауы, келушілердің шамадан тыс көп болуы немесе қызметкерлердің төтенше жағдайда не істеу керегін түсіндіре алмауы;
  • Эвакуация жолдарындағы мәселелер – «Шығу» белгілерінің жанбауы, эвакуациялық есіктердің жабық болуы немесе түрлі заттармен бөгеліп тұруы;
  • Жалпы қауіп белгілері – электр сымдарының ашық жатуы, жағымсыз иістің шығуы және басқа да техникалық ақаулар.

Егер осындай жағдайларды байқасаңыз, алдымен ойын-сауық орталығының әкімшілігіне ескерту жасаған жөн. Ал мәселе шешілмесе, жергілікті төтенше жағдайлар органдарына хабарлауға болады, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Ойын-сауық орталығында өрт болса, ата-аналар не істеуі керек?

Балалар ойын-сауық орталығында өрт немесе басқа төтенше жағдай орын алса, ең бастысы – сабыр сақтап, дүрбелеңге берілмей, жылдам әрекет ету.

Ата-аналар мынадай іс-қимыл алгоритмін есте сақтағаны жөн:

  • Ең алдымен, баланы іздеп табу. Баланың қай жерде екенін анықтап, оны өзіңізбен бірге алып шығу қажет;
  • Эвакуациялау. «Шығу» көрсеткіштеріне қарап, ең жақын эвакуациялық есік арқылы ғимараттан шығу керек. Егер түтін болса, еңкейіп немесе еңбектеп қозғалған дұрыс. Мұрын мен ауызды мата немесе киіммен жауып, қызметкерлердің нұсқауларын орындау қажет. Лифтті пайдалануға болмайды;
  • Қауіпсіз жерге шығу. Ғимараттан шыққаннан кейін адамдар қауіпсіз қашықтыққа алыстауы тиіс;
  • Бала жоғалса – дереу орталық қызметкерлеріне немесе құтқарушыларға хабарлау керек.

Төтенше жағдайда ең маңыздысы – сабыр сақтап, эвакуация жолдарын пайдаланып ғимараттан тез әрі қауіпсіз шығу, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Ата-аналарға берілер негізгі кеңес қандай?

Балалардың қоғамдық орындардағы қауіпсіздігі көбіне ата-аналардың қырағылығына байланысты. Ең басты қағида – баланы қоғамдық орында көзден таса етпеу және әрдайым бақылауда ұстау.

Сонымен қатар ата-аналар қоғамдық орындарға кірер алдында балаға бірнеше қарапайым ережені түсіндіріп қойғаны жөн:

  • Адасып қалсаорнында тұрып, көмекке шақыру;
  • Өзінің аты-жөнін және ата-анасының телефон нөмірін білу;
  • Ғимаратқа кірген кезде шығу жолдарының қайда екенін көрсету.

Осындай қарапайым қауіпсіздік ережелерін алдын ала үйрету баланың төтенше жағдайда дұрыс әрекет етуіне көмектеседі, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Балаларға төтенше жағдайда өзін қалай ұстауды қалай үйрету керек?

Балалар төтенше жағдай кезінде не істеу керегін алдын ала білгені маңызды. Бірақ мұндай ережелерді қорқытып емес, қарапайым әрі түсінікті тілмен түсіндірген дұрыс.

Ата-аналар балаға бірнеше қарапайым қауіпсіздік ережесін үйретуі керек:

  • «Өрт болса, дереу хабарла!»
  • «Дыбыс шықса, ата-анаңды тап!»
  • «Түтін болса, еңкейіп жүр!»
  • «Бейтаныс адаммен сөйлеспе, оған ерме!»

Балаларға қауіпсіздік ережелерін қорқытып емес, ойын арқылы үйреткен дұрыс. Мысалы, қоғамдық орынға барғанда «шығу есігін кім тез табады?» деген шағын квест ұйымдастыруға болады, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Маманның айтуынша, мұндай қарапайым жаттығулар балаға қауіпсіздік дағдыларын тез әрі табиғи түрде меңгеруге көмектеседі.

Ойын-сауық орталықтары қаншалықты жиі тексеріледі?

Балалар ойын-сауық орталықтары – адамдар көп жиналатын нысандардың қатарына жатады. Сондықтан мұндай орындарда қауіпсіздік талаптарының сақталуы мемлекеттік бақылауда болады.

Руслан Қайрақбаевтың айтуынша, өрт қауіпсіздігі саласындағы тәуекел дәрежесін бағалау критерийлеріне сәйкес адамдар жаппай жиналатын объектілер тәуекелі жоғары санатқа жатады. Бұл талаптар Ішкі істер министрлігінің 2018 жылғы 30 қазандағы №758 және Ұлттық экономика министрлігінің 2018 жылғы 30 қазандағы №31 бірлескен бұйрықтарында көрсетілген.

Адамдар жаппай жиналатын объектілер тәуекелі жоғары санатқа жататындықтан, олар жартыжылдық тізімдер негізінде тексеруден өтеді, – дейді Руслан Қайрақбаев.

Маманның сөзінше, тексерулер нысанның тәуекел деңгейіне қарай жүргізіледі. Мәселен, тәуекелі жоғары объектілер бір рет тексерілсе, орташа деңгейдегі нысандар екі жылда бір рет, ал тәуекелі төмен объектілер үш жылда бір рет тексеріледі.

Бұл тексерулердің басты мақсаты – ойын-сауық орталықтарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын бақылап, балалар мен келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету.