©El.kz/Артем Чурсинов

Ата-аналар балаларына неліктен дәстүрлі есімдер қойғысы келмейді? Ғалымдар анықтады

Көптеген ата-ана балаға ат қою мәселесіне аса жауапкершілікпен қарайды. Себебі есім адамның мінезіне, тағдырына, тіпті психологиялық күйіне де әсер етуі мүмкін деген түсінік бар. Алайда соңғы жылдары әлем бойынша өзгеше үрдіс қалыптасты: жас ата-аналар баласына барынша ерекше, бұрын-соңды көп кездеспеген, тіпті кейде мүлде ойдан шығарылған есім беруге әуес, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл құбылыстың себеп-салдарын Жапонияның Токио қаласындағы Аояма Гакуин университетінің ғалымдары зерттеп көрді. Қызығы, мұндай үрдіс тек Жапонияда ғана емес, Токиодан бастап Париж бен Нью-Йоркке дейінгі аралықта кеңінен байқалады. Қазақстандағы жағдай да дәл осындай екенін байқау қиын емес.

Оқи отырыңыз:

Зерттеушілер 1880 жылдан 2019 жылға дейінгі аралықта әртүрлі елдерде балаларға қойылған есімдер жөніндегі деректерді талдаған. Нәтижесінде кең таралған дәстүрлі есімдер қойылған балалардың үлесі айтарлықтай азайғаны анықталған.

Бұрын баланы ата-бабасының, тарихи тұлғаның немесе белгілі бір кейіпкердің құрметіне атау жиі кездессе, бүгінде ата-аналар сәбиі дүниеге келмей жатып-ақ оның дара екенін аңғартқысы кеп тұрады. Зерттеудің жетекші авторы Юдзи Огихара бұл құбылысты жаһандық индивидуализмге бетбұрыс деп бағалайды.

Яғни ерекше есімдерге деген қызығушылық тек креативтілікпен байланысты емес. Қазіргі ата-аналар баласының бойынан туғаннан-ақ айқын даралық көргісі келеді, – дейді Огихара.

Мұның себебі неде?

Мамандар бірнеше факторды атап өтеді. Біріншіден, интернет пен әлеуметтік желілердің дамуы. Ерекше есімі бар адамды желіден табу әлдеқайда оңай, ал кең таралған есімдер көп жағдайда көзге түсе бермейді. Екіншіден, экономикалық өзгерістер де өз әсерін тигізуі мүмкін: жеке бренд ұғымы күшейіп, ерекшелене білу кәсіби артықшылық ретінде қабылдана бастады.

Мысалы, Францияда 1880-2019 жылдар аралығында ең танымал бір немесе алғашқы ондыққа кіретін есімдермен аталған балалардың үлесі тұрақты түрде төмендеген. Елдің бұл кезеңде түрлі тарихи жағдайды бастан өткеруіне қарамастан, үрдіс өзгермеген. Огихараның пікірінше, дәстүрлі есімдерден бас тартудың себептері белгілі бір тарихи сәтпен емес, әлдеқайда терең әлеуметтік өзгерістермен байланысты.

Қазақстанда да осыған ұқсас көрініс байқалады. 1970-1980 жылдары қыздардың басым бөлігіне Алмагүл, Бақытгүл, Әлия, Айнұр сияқты есімдер жиі қойылатын. Ал ұлдарға Марат, Бақыт, Ермек деп ат қойылатын. Бүгінде бұл есімдер өте сирек кездеседі.

Есесіне Халид, Яхия, Біләл, Аббас, Әбілмансұр, Ясин деген секілді есімдер көбейді. Мұның бәрі «сән қайталанады» деген тіркеске тағы бір дәлел болса керек.

Мамандардың болжамынша, алдағы жылдары ерекше әрі дәстүрден тыс есімдерге деген сұраныс одан әрі арта түсуі мүмкін.

Бұған дейін 2025 жылы қойылған ерекше есімдер жайлы жазғанбыз. Сонымен қатар сәбилерге ең жиі қойылған есімдер туралы мына сілтемеден оқи аласыз.